Алматы. 4 мамыр. 7kun.kz – «Қаңтар оқиғасына» қатысты әрі жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен қамалған Қайрат Құдайберген бостандыққа шықпайтын болды. Оны 1 айға қамау бұлтартпау шарасын апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлауынша, сот отырысы бүгін өтті. Депутаттың адвокаттары бұлтартпау шарасын кепілмен болсату немесе үйқамаққа өзгертуді сұраған. Алайда судья Алматының тергеу соты шығарған шешімді өзгеріссіз қалдырды.
«Бүгін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қамау түріндегі шешімді өзгеріссіз қалдырды. Адвокаттардың шағымын қанағаттандырмады. Бұған дейін тергеу соты 30 тәулікке қамау туралы бұлтартпау шарасына санкция берген», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Естеріңізге салсақ, 22 сәуір күні Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің тұтқындалғанын, 1 ай мерзімге қамалғанын хабарлағанбыз. Артынша қамаудағы депутат өзіне қысым жасалып жатқанын адвокаты арқылы мәлімдеген.