"Қарапайым заттар экономикасы" бойынша 206 млрд теңгеге 830 жоба мақұлданды
Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz — "Қарапайым заттар экономикасы" салаларына жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша 206 млрд теңге сомасына 830 жоба мақұлданды. Бұл туралы Үкімет отырысында "Атамекен" ҰКП Төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.
Өңдеу өнеркәсібі саласында және қызметтер секторында 172 жоба, АӨК қайта өңдеуде — 79 жоба, АӨК өндірісінде — 579 жоба мақұлданды. Оның ішінде 707 жоба кеңейтуге және жаңғыртуға, 123-і — жаңа кәсіпорындарға несие алды. Екінші деңгейлі банктерде 212 млрд теңгенің жобалары қарастырылып жатыр.
Жеңілдікті кредит беру бағдарламасын жетілдіру үшін үкіметтің жобалық кеңсесі инвестициялық мақсаттарға кредит мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл ұзақ өтімділік мерзімі бар ірі жобаларды қолдайды және оларға табыстылық сатысына шығуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, кредит беру үшін тауарлар тізбесін кеңейту, кредит мақсаттарына байланысты бизнес үшін қарсы міндеттемелер белгілеу (жұмыс орындарын, өндіріс көлемін, салықтық түсімдерді, табыстың өсуін ұлғайту), тамақ өнеркәсібі саласында айналым қаражатын 100%-ға дейін толықтыру мақсатына кредит беру, туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін ҚДБ бағдарламасына қатысу көзделеді.
"Жеңілдікті несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру қарқынын арттыру қажет, жергілікті қамту үлесін дамыту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Орталық атқарушы органдар қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі құралдарды белсенді пайдалануға тиіс. Бұл, сондай - ақ, біздің квазимемлекеттік секторымызға, ең алдымен "Самұрық - Қазына" холдингіне қатысты", - деп мәлімдеді Премьер-министр Асқар Мамин.
Үкімет басшысы мақұлданған жобалар бойынша ең жақсы көрсеткіштерді Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тіркегенін айтты. Ал Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау және Қостанай облыстары артта қалған.