Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда алыпсатарлар долларды жарнама сайттары арқылы сата бастады

Қазақстанда алыпсатарлар долларды жарнама сайттары арқылы сата бастады

Қазақстанда алыпсатарлар ақша айырбастау орындарындағы доллар тапшылығын пайдаланып, валютаны жарнама сайттар арқылы сатуға көшкен, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Сюжетте алыпсатарлар АҚШ валютасын ресми курстан әлдеқайда жоғары бағамен саудалап жатқаны айтылады. Бірі бір долларды 600 теңгеге бағаласа, енді бірі тіпті мың теңгеге дейін көтеріп жіберген.

Айта кетейік, елімізде 15 наурыздан бастап құны он мың доллардан асатын қолма қол шетел валютасын елден шығаруға тыйым салынған. Қолма-қол  шетел валютасын елден шығаруға байланысты шектеулер енгізілгеннен кейін ғаламторда АҚШ долларын сататын жарнамалар көбейіп кеткен.

Тіпті банктер мен ақша айырбастау орындарында доллар жетіспеушілігін пайдаланып, шетел валютасын нарықтық бағадан әлдеқайда қымбатқа саудалап жатқандар көбеюде. Шетел валютасының еркін сатылымда жоқтығын пайдаланған алыпсатарлар 1 долларды 600 теңгеден бастап 1 мың теңгеге дейін саудалап жатыр.

Ақша айырбастау пункттерінде АҚШ валютасының тапшылығы болғандықтан, шетелге дереу шығуы тиіс азаматтар амалсыздан долларды екі есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр екендіктерін айтады.

ҚР Ақша айырбастау пункттері қауымдастығының басшысы Арчин Ғалымбаев шетел валютасына сұраныс күрт артқандықтан,  тапшылық болып жатқандығын айтады. Оның айтуынша, бұл мәселе жақын күндері шешімін табады.

"Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер доллар тапшылығын логистика проблемасымен түсіндіреді. Бірақ бұл мәселені жақын күндері шешуге уәде береді. Соның салдарынан біз барлығын АҚШ валютасымен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Өйткені сұраныс ұсыныс көлемінен көбейіп кетті", - деді Арчин Ғалымбаев.

Айта кетейік, осы секілді жағдай көрші Ресейде де болып жатыр. Батыс елдері салған санкциялардан кейін банктерге АҚШ долларын сатуға тыйым салынды. Қазір бұл елде көлеңкелі доллар сату белең алған. Ресейліктер хабарландыру сайттары арқылы және әлеуметтік желілерде де долларды ресми бағамнан 2-3 есе бағамен саудалауда.

Похожие материалы