Қазіргі таңда білім саласына айтылар сын көп. Мемлекеттік грант көп болғанымен, дипломы бар жұмыссыздар саны көп. Сондықтан Қазақстанда адами капиталдың сапасы, білім беру саласын оңтайландыру, жетілдіру қажет. 2018 жылдың бірінші жартысында 2000-ға жуық білім ордасын тексерген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай қорытынды жасаған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен зерттеу жүргізген кәсіпкерлер палатасы ЖОО рейтингін де жасады.
Оқу орындары 9 критерий бойынша іріктеуден өткен. Атап айтқанда: білім беру бағдарламаларының өзектілігі, түлектердің жұмысқа орналасуы және еңбеақының орташа құны есепке алынды. Қолданыстағы әдебиеттің өзектілігі, оқу уақыты мен оқытылып жатқан пәндердің қатынасы, оқытылатын пәндердің өзектілігі, жаңашылдығы – маңызды критерийлер болып танылды. Білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілер бірлестігімен үйлестіру критерийлері, білім беру бағдарламаларына инвестиция салу, халықаралық аккредиттеу және мұғалімдер арасында практикалық тәжірибенің болуы екінші кезекте қаралды.
Сарапшылар ҚР Білім және ғылым министрлігінен алынған иесі көрсетілмеген мәліметтермен расталған былтырғы түлектердің жұмысқа орналасу пайызы мен орташа еңбекақыға сараптама, профессор-оқытушылық құрамның іс жүзіндегі тәжірибесін зерттеген. Сондай-ақ, ЖОО білім бағдарламаларына салатын инвестициялары, білім беру бағдарламаларын дайындау дерегі, элективті пәндер каталогы, салалық қауымдастықтар мен жұмыс берушілер бірге жасаған силлабустар, білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациядан өтуі туралы мәліметтеріне сараптама жүргізген.
Бірінші кезеңде еліміздің 114 жоғары оқу орынның бағдарламалары, 33 мамандық бойынша 784 білім беру бағдарламасына баға берілді. Қыркүйекте сарапшылар тағы 681 бағдарламаны бағалады. Бағалау жұмысына барлығы 430 сарапшы тартылып, 2016-2017 оқу жылында ЖОО бітірген 6 000-нан астам түлек сауалнамаға қатысқан. 2018 жылдың соңына дейін шамамен 50 рейтинг өткізіліп, мақұлданбақ.
Жоғары оқу орындарының деңгейі төмен
Екі кезең қорытындысы бойынша «Атамекен» рейтингі төмен үш жоғары оқу орнын атады. Мәселен, Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеті 7 рейтинг қорытындысы бойынша 7 рет, Орталық Азия университеті 25 рет, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 41 рейтингтен 23 рет соңғы орындардан көрінді.
Ал, мамандықтар бойынша сапасы, өзектілігі және қазіргі заман бойынша ең жоғары баллдар көрсеткен ЖОО бар, олар: Нархоз университеті, ҚБТУ, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.
Екінші кезең келесі критерийлер бойынша тексеруден өткен 31 мамандықты қамтыды: жұмысқа орналасқан түлектердің пайыздық мөлшері және орташа жалақысы, бағдарламалардың өзектілігін бағалау, сондай-ақ бітірушілерге сауалнама жүргізу нәтижелері және сарапшыларды бағалау.
Жалпы алғанда жоғары оқу орындарында анықталған олқылықтар құжаттардың сәйкес болмауы, силлабустар, каталогтар, элективті пәндер бойынша ортақ мақсаттар жоқ, кітапхана қорының ескіруі, сағаттардың тиімсіз есептелгені анықталған.
«Атамекен» бастамасымен өткізілген ЖОО рейтингі жоғары білім бреу саласын оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылған. Мәселен, қолында дипломы бар заңгерлері жұмыссыз, білім ордалары өздерінің «дәстүрлі» мамандықтарына көңіл бөледі, ал нарық сұранысы ескерусіз қалады. Сарапшылардың айтуынша түлектердің 60%-ға жуығы мамандық бойынша жұмысқа орналаспайды. Жүргізілген рейтинг арқылы білім бағдарламаларын жүйеге келтіріп, нарық сұранысына қарай мемлекеттік тапсырысты бөлу ұсынылып отыр.
Кәсіптік-техникалық мамандықты кәсіпорын жанынан оқыту керек
Зерттеу жасаушылардың пайымынша дуальді білім беру тиімді. Мәселен, колледждерден кәсіптік-техникалық мамандықты төрт жыл оқыту қаншалықты тиімді? Оқу бағдарламасы тиімсіз, орта арнаулы білім алу құны қымбат, оқуға кететін 1,5 жыл мектеп бағдарламасына арналған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдың 1 шілдесінде қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдармаласы бойынша дуальді білім беруді қолға алды. Мұндай оқу курстарының артықшылығы неде? Ең алдымен 1-6 ай аралығында өтетін курс қысқа мерзімде қажеті мамандықты тиімді оқып шығуға мүмкіндік береді. Теориядан практикаға басымдық берілген. Яғни студент ескірген оқылықпен емес, жаңарған технологиялары бар кәсіпорыннан білдектер, жабдық, аппаратурамен жұмыс істеуді үйренеді. кәсіпорын басшылығы өзінің өндірісіндегі техника тілін білетін жас мамандарды іріктеп, сапалы кадрлар мәселесін шешеді. Үздік түлектерді жұмысқа қалдырады.
Дуальді оқыту – түлектері маманды игеріп, бейін бойынша тез жұмыс таба алатын келешекті бағдарлама. Жыл сайын мамандарды дайындауға 107 млрд теңге қаражат бөлінеді. Бағдарламаға 2 327 кәсіпорын базасы мен 370 колледжде 19 973 студент қатысып отыр.
Бұдан бөлек қысқа мерзімді курстардан жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оқуға түспей қалған мектеп түлектері қатыса алады.
2017 жылы бағдарламаға 91 оқу орталығы қатысып, олардың базаларында 7 982 адам оқудан өтті, оның ішінде 52%-ы жұмысқа тұрды. Бүгін тізілімде 189 оқу орны бар, оның ішінде 125-і кәсіпорындар жанынан ашылған, 4 077 адам оқу курстарында білім алып жатыр. Жылдан жылға аталған тізілім көлемі артып келеді, бұл аталған жобаның тиімділігін көрсетеді. Жері асты қазбаларға бай Қазақстан үшін кәсіптік-техникалық білікті мамандарды дайындау өзекті, ал оның тиімділігі өзектірек. Сондықтан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «жоғары білім ордалары, кәсіптік-техникалық білім беру, теориядан практикаға басымдық берілетін дуальді оқыту, мектеп бағдарламасына кәсіпкерлік негіздерін енгізу сынды бастамаларды қолға алып, жүзеге асыру керек»,- дейді.
Білім саласына салынған инвестиция аз
Зерттеу жасаушылар атап өткен жайттың бірі - білім беру саласында бизнес бастап, инвестиция салушылар аз. 2018 жылдың бірінші жартысындағы ақпаратқа сәйкес ҚР білім беру саласында тіркелеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны небәрі 9249 бірлікті құраған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстан экономикасында білім беру саласының негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі, млрд теңге (Кесте)
қаңтар | ақпан | наурыз | сәуір | мамыр | маусым | |
ҚР бойынша барлық инвестициялар | 636,9 | 550,5 | 726,0 | 715,3 | 836,3 | 1064,8 |
Білім беру | 2,0 | 6,8 | 16,8 | 12,2 | 17,7 | 30,4 |
Кәсіптік бағдар
Қазақстандық білімнің кем-кетігін бір түгендеп өткен «Атамекен» сарапшылары білім беру тиімділігін жоғары оқу орнынан емес, мектеп табалдырығынан бастау жөн деп санайды. Бала болашақ мамандығын ерте бағдарлап, сол бағытта қабілетін дамытуы керек. Осы бағытта «Атамекен» ҰКП бастамасымен ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдауымен мектептердің оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» атты 10-11 сынып оқушыларына арнап элективті пәнді енгізбек. Оқу курсы 40% – теориядан, 45% – практикадан, 15% – кейстерді талдаудан тұрады. Пән сондай-ақ геймификацияға, яғни жаттығуларды ойын түрінде түсіндіруге негізделген. Әзірге оқулық әзірленіп, басылды, ал 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған пән республика бойынша барлық орта мектептерде жүргізіледі.