Көбіміздің экономикадан, бюджеттен сауатымыз шамалы, біраз жайттарды түсіне бермейтініміз рас. Себебі, БАҚ арқылы алып жатқан мәліметтеріміз қаптаған цифрлар мен шым-шытырық терминдер. Ал, ол қарапайым азаматтарға түсініксіз әрі қызықсыз. Жалпы, мемлекет азаматтарды ел қаржысы мен қазынасының қайда жұмсалып жатқандығынан хабардар етіп отыру керек және ол ақпараттар қолжетімді болуы тиіс. Ал, біздегі қазіргі жағдай қандай, бюджет ашықтығы дегенді қалай түсінеміз? Сұхбат барысында жоба үйлестірушісі Ғалымжан Оразымбет бюджет туралы көкейде жүрген біраз сауалымызды тарқатып айтып берді.
– Оқырмандарға өзің жұмыс істеп жатқан «Zertteu Research Institute» мен «Open Budget Fellowship» бағдарламасын қысқаша түсіндіре кетсең?
– «Zertteu Research Institute» Қоғамдық қоры – мемлекеттік бюджет, қаржы саласының ашықтығы, есептілігі мен оған қоғамдық қатысу саласында қызмет етеді. Осы салада зерттеулер жүргізеді және ашықтық, есептілік, қоғамдық қатысу идеяларын мемлекеттің қаржы саласындағы басты құндылықтар, міндеттер ретінде насихаттаумен айналысады. Одан бөлек ашық Үкімет, мемлекеттік сатып алу саласында зерттеулер жүргізу, жетілдіру бағытында қызмет ететін ұйымдардың бірі. «Open Budget Fellowship» – осы ұйымның өнімі. Қоғам белсенділері, журналистер, жас зерттеушілер мен блогерлерді, түрлі сала мамандарын бюджет саласына оқытады. Яғни, осы бағдарламамен білім алғандар курс соңында мемлекеттік бюджет саласы бойынша маман болып шығады. Осы бағдарлама аясында өзі таңдаған тақырыптың бюджетпен байланысты жағын зерттейді.
Бұл бағдарламаның авторы және жетекшісі – «Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры, экономист Шолпан Айтенова. Ол мемлекеттің қаржы, бюджет саласында 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан практик әрі елдегі жетекші мамандардың бірі. Көп жыл тәжірибеден кейін бюджет саласындағы кемшіліктерді жою, осы саланы жетілдірумен айналысатын әріптестер, мамандарды көбейту, сол арқылы саланы жетілдірумен, зерттеумен айналысатын мамандар пулын құру мақсатында осы жобаны әзірлеп, 2017 жылы жүзеге асыра бастады. Биыл бұл бағдарлама үшінші жыл жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін курсты аяқтаған мамандар осы салада жұмыс істеп, зерттеулер жүргізумен айналысып жүр.
– Сонымен, бюджет деген не, мемлекеттік бюджет неден тұрады?
– Бұл ұғымға Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде нақты анықтама берілген. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда мемлекеттің түрлі міндеттері мен қызметтерін жүзеге асыруға қажет қаржы. Жалпы, бюджет дегеніміз – ақша. Ол отбасы бюджеті болуы мүмкін, жеке тұлғаның немесе қандай да бір ұйымның, жобаның бюджеті болуы мүмкін. Барлығына ортақ анықтама, сипаттама – ақша. Мемлекеттік бюджет кіріс, шығыс, бюджеттік кредиттер, бюджет тапшылығы сияқты бірнеше бөліктен тұрады. Кіріс, шығыстардың өзі бірнеше салаларға бөлінеді. Мәселен, кіріске салық түсімдері кіреді. Жер салығы, көлік, мүлік салығы, табыс салығы, т.б. толып жатқан салық түрлерін қамтиды. Жеке тұлғаның табысы туралы айтсақ – айлық жалақы. Оны алатыныңыз міндетті, нақты көлемін де білесіз және сіздің негізгі табысыңыз. Салықтық емес кірістер дегеніміз – айыппұлдар, түрлі мемлекеттік төлемдер. Мәселен, ХҚКО төлқұжат ауыстырғанда, қандай да бір құжат рәсімдегенде төлейтін міндетті төлемдеріңіз. Мәселен, қазір мемлекет «ҚазАвтоЖол» АҚ сатылымға шығарып жатыр. Оның толық меншік иесі мемлекет. Соны сатқандағы кіріс мемлекетке қаржы активтерін сатудан түскен түсім ретінде кіреді. Республикалық бюджетке Ұлттық қордан бөлінеді. Осы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге бөлінеді. Яғни, тікелей Ұлттық қордан жергілікті бюджеттерге бөлінбейді. Ең басты білуіміз керек нәрсе, бюджет тапшылығы бюджеттің кірісінен шығысын алып тастағаннан шығатын сома еместігі. Оны ерекшелеп айтып отырған себебім, бірнеше рет сондай жағдайды көрдім. Адамдар кірістен шығысты алып тастап, шыққан соманы бюджет тапшылығы деп түсінеді екен. Олай емес. Оны есептеп шығудың да өз формуласы, тәртібі бар. Ол да біраз ұзақ, қиындау нәрсе.
– Бюджетіңді білмесең өзіңнің де, еліңнің де бүгіні, мен болашағы анық болмайды. Ашықтық не үшін қажет?
– Келісуге болады. Қай елдің болсын, бюджетіне қарап, ол елдің қай бағытта дамитынын, неге басымдық беретінін көруге болады. Мәселен, біздің бюджеттің басым бөлігін әлеуметтік төлемдер құрайды. Жалпы, бюджеттің өзі салық төлеушінің, әр азаматтың ақшасынан тұратындықтан, оған қызығу, жасақталуы мен жаратылуына араласу, ең болмағанда сол туралы сұрау, іздену әр адамның өзіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Бюджет ашықтығы бірінші кезекте, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету үшін қажет. Яғни, бұл құқық мәселесі. Азаматтар өз қаржысының қалай, қайда жұмсалып жатқанын білуге қақылы. Екіншіден, ашықтық жақсы жерде жемқорлық, қаржыны тиімсіз жұмсау төмен болады. Бәрі көріп, хабардар болып отырған кезде одан ұрлау, мақсатсыз жұмсау қиын. Бюджетке келгенде, бірінші кезекте бюджет процесінің төрт кезеңіне жеке-жеке тоқталу керек: жоспарлау, қарау және бекіту, іске асыру және есеп беру. Бұл кезеңнің басы-қасында ашықтық қажет. Бізде өкінішке қарай, жоспарлау, қарау және бекіту кезеңдері – ең жабық кезеңдер. Тұрғындар бюджет процесіне қатысу былай тұрсын, ол процесс туралы толыққанды ақпарат алмайды. Нәтижесінде, тиімсіз жоспарлау, тиімсіз, мақсатсыз жарату, жемқорлық сияқты проблемалардың дамуына жақсы жол ашылады.
– Бюджет деген бұл сіз бен біздің салықтарымыздан құралған ақша. Ал оны оңды-солды шаша беру, шенеуніктердің дұрыс мақсатта жұмсамауы, халықты кедейшілікке алып келетіні рас па? Толығырақ айта кетсең.
– Оны тікелей осылай деп айта салуға болмайды. Ол үшін себеп-салдар байланысын зерттеп, талдау керек. Кедейлікке алып келу себептері, негіздері өте көп болуы мүмкін. Ал бюджеттің дұрыс жаратылмауы, мақсатсыз жұмсалуына келсек, бұның экономикалық салдары болатыны сөзсіз. Оңды-солды шашудың да салдарын нақты талдау, түсіну керек. Нақты мысалдарда айтсақ, соңғы жылдары қатарынан бірнеше имидждік жобалар, үлкен шаралар өтті. Азиада, универсиада, ЭКСПО, түрлі саммиттер мен форумдар. Осы шаралардың нақты тиімділігі қандай? ЭКСПО-да болжанған туристер легі келді ме? Оның болжанған, күтілген пайдасы туралы не білеміз? Ал жаратылған қаржы миллиардтап саналады. Өкініштісі сол, осындай шараларды ұйымдастырғанда оның экономикалық негізін, эффектін жасау жағы ақсап жатады немесе ол ақпарат ашық емес. Барлығы соларды ақтау, жарнамалау мен түрлі құралдар, тәсілдердің көмегімен, таңумен шектеледі. Бірақ, бюджет, қаржы саласы нақты сандармен байланысты болғандықтан, оны алдап кетемін деу бос әуре. Ал біз бұл салада осы шаралармен байланысты қандай да бір оң әсерлер, табыстар туралы айта алмаймыз. Ол туралы ешқандай мәлімет жоқ, бюджет түсімдерінде ондай көрсеткіштер тағы жоқ. Демек, бұл пайдасыз, тек шығынға ұшыратқан қадам болды деп санаймын. Оның бәрі айналып келгенде экономикаға кері әсерін игізеді. Экономикадағы кері көрсеткіштер әрине, елдің әлеуметтік жағдайына әсер етпей қоймайды.
– Бюджет процесі – жоспарлау-қарау және бекіту-орындау-есеп беруден тұрады, соның ішінде қайсысы ашық? Қазір бюджетті мәслихат бізден сұрамайды, көрсетпейді. Біз тек Әкімдердің есеп беруін тыңдаймыз. Демек, бізде әзірше ашық тек есеп. Бұдан басқа азаматтардың, қоғамның есеп беруге, ашықтыққа қалай қол жеткізуіне болады?
– Иә, бюджет процесінің кезеңдері туралы жаңа айттым. Қазақстанда бюджет ашықтығы индексі әр екі жылда жасалып тұрады. Соңғы рет ол 2017 жылы жасалды. Келесі ашықтық индексі осы жылы жасалады. Сол соңғы зерттеулерге сүйенсек, бюджет процесінің ең жабық кезеңдері – жоспарлау мен қарау, бекіту. Жоспарлау кезеңінде бюджет жоспары көпшілікке таныстырылмайды, қоғам бюджет жобасын әзірлеу, талқылау, қалай да бір ықпал ету жұмыстарынан тыс қалады. Қарау, бекіту кезеңінде де дәл солай. Жергілікті мәслихаттар қоғамды бұл процеске араластыруға құлықты емес. Тіпті, сондай шаралар туралы хабары жоқ сияқты. Бюджет жобасын жариялап, ол туралы қоғамды ақпарттандыру, қатыстыру жұмыстары жүргізілмейді. Жалпы, бюджет ашықтығы көрсеткіштері бойынша лидер аймақтар – ШҚО, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары. Шығыс Қазақстан облысы бірнеше жыл бойы лидер позициясын ешкімге бермей келе жатыр. Ал аутсайдерлер – Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстары. Бұл аймақта бюджет процесінің ашықтығы өте төмен. Әсіресе Алматы облысы бұрынғы жылдармен салыстырғанда көрсеткіштерін түсіріп алған. Бұрын да аутсайдер болған. Қазір тіпті төмен. Бюджет процесіне қоғамды қатыстыру барлық төрт кезеңде де жүруі тиіс. Сонда бюджетті дұрыс жоспарлауға қол жеткізуге болады. Одан бөлек, дамыған елдерде партисипатив бюджет деген бар. Қазақшасы – қатысу бюджеті. Бұл жергілікті бюджетті тұрғындардың өзі тікелей қалыптастыруы. Белгілі бір көлемде қаржы бөлінеді. Тұрғындар дауыс беру, талқылау арқылы ол қаржының қай салаға, қандай мәселелерді шешуге жұмсалуы керегін өздері шешеді. Яғни, өз бюджетін игеруге тікелей өзі қатысады. Сондықтан ол Қатысу бюджеті деп аталады. Бізде бұл бұрын-соңды болмаған тәсіл.
Бірақ биыл Астана қаласының Сарыарқа ауданы әкімдігі қатысу бюджетіне 500 млн теңге бөліп, тұрғындардың өзі шешетін жолды қолға алып отыр. Бұл пилоттық жоба. Егер сәтті жүзеге асатын болса, болашақта басқа аймақтарда да қолға алынуы мүмкін. Сәтсіз болуы мүмкін, десе де әлі дайын емеспіз деп бұл бастаманы тоқтатуға болмайды. Адамдар бюджет процесіне араласуды үйренуі керек. Онымен бұрын айналыспаған, жасап көрмеген адамның қателесуі, салған жерден дұрыс жасамауы заңды. Ол тәжірибемен келетін нәрсе. Тек үздіксіз жасау арқылы ғана сапаға қол жеткізе аламыз. Сондықтан, бұл бастама алдағы уақытта жаппай қолға алынып, дұрыс жолға түседі деген үмітім бар.
– Бюджет ашықтығына қол жеткізуді азаматтар өзі талап етіп, ізденіп қол жеткізуі керек пе?
– Ашықтықты ешкім өздігінен жасап бермейді. Ол көп жұмыс. Ақпаратты реттеу, өңдеу, тиісті ақпарат көздеріне салу, жаңартып тұру, мұның бәріне көп күш пен уақыт керек. Сондықтан мемлекеттік органдар энтузиазммен немесе бір қамқорлықпен жасап береді деп күту қате. Оны тұрғындардың өзі талап ету, сұраныс жолдау арқылы жасай алады. Яғни, азаматтарды ашықтыққа сұраныс бар екенін көрсету арқылы ғана. Ол үшін көп білім, уақыт керек емес. Тіпті бюджеттанушы, бюджет туралы сапалы сұраныс жасауды да ешкім қарапайым тұрғыннан талап етуге қақысы жоқ. Ол болса – жақсы. Болмаса, сіз бюджет саласында өзіңіз қызыққан, білгіңіз келетін кез келген ақпаратты сұрап тиісті органдарға, көбіне әкімдіктерге ресми сұраныс жолдай аласыз. Ал тұрғындардан осындай сұраныс көп болған кезде, мемлекеттік органдар ол ақпаратты ашық дереккөздерге орналастыруы тиіс болады. Осылайша болашақта сіз қазір жасаған аздаған әрекетіңіздің нәтижесінде, ешқандай сұраныссыз керек ақпаратқа қол жеткізетін жағдайды жасай аласыз.
– Бюджет қанша деңгейден тұрады, сол туралы түсіндіріп берсең?
– Бізде бюджет төрт деңгейден тұрады – республикалық бюджет, облыс, аймақ, облыс деңгейіндегі қала бюджеті, аудан бюджеті және өткен жылдан бастап ауыл бюджеті жасала бастады. Республикалық бюджетті Қаржы министрлігі әзірлейді, Парламентте заң түрінде қабылданады. Жергілікті бюджеттерді мәслихаттар бекітеді. Мәслихаттың бюджет туралы шешімі түрінде жасалады. Ауыл бюджеті қазірге халық саны екі мыңнан астам ауылдарда ғана жасалады. Өйткені, халық саны екі мыңнан аз ауыл округтеріне бюджет әзірлеу шығыны көп жұмыс. Өзін ақтамайды.
– Мемлекет бюджеті қалай шығындалады? Шығынды не үшін жоспарлайды?
– Мемлекет бюджеті бекітілген бюджет жобасының аясында, нақты салалар, жұмыстар бойынша шығындалады. Олардың ішіндегі ең көп бөлігін әлеуметтік сала шығындары құрайды. Зейнетақы, жәрдемақы және т.б. Одан бөлек денсаулық сақтау, білім, қорғаныс, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау сияқты салалар бар. Жалпы, республикалық бюджет он бес сала бойынша жұмсалады. Жоспарсыз шығындау мүмкін емес. Әр шығынның «аты», «төлқұжаты» және мақсаты бар.
– Өзің қорғаған жоба туралы айта кетсең. Шымкент қаласындағы мектептерді спорттық инвентармен қаматамасыз етуге бөлінетін қаржы туралы зерттеу жасағаныңды білеміз. Бір сапалы футбол добын алу үшін 8000 теңге, ал барлық мектепті тек футбол добымен қамтамасыз ету үшін 30 млндай теңге керек дедің. Демек, қаржы жеткіліксіз аударылып жатыр ма әлде артығымен сауатсыз аударылуда ма? Қандай кемшіліктер орын алған?
– Зерттеген жобам Шымкент қаласындағы орта мектептерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесі болған. Иә, бұл салаға қаржы өте аз бөлінетіні белгілі болды. Қажет көлемнен жүздеген есе аз және тұрақты емес. Мәселен, соңғы рет бұл салаға 2017 жылы бөлінген. Оның өзінде қажет көлемнен бірнеше есе аз. Басты кемшілік, бөлінген аз қаржының мақсатсыз жұмсалуы, сатып алынатын жабдықтардың тізімін жасағанда осы саланы реттейтін арнайы норматив құжат талаптарының сақталмауы, қаржы жетіспеуінің кесірінен өте сапасыз жабдықтардың алынуы және т.б. Екінші, сапа талаптарын реттейтін, анықтайтын арнайы құжаттың болмауы. Яғни, дәл қазір қаржы жеткілікті бөлінгеннің өзінде, қай сападағы жабдық алынуы керек дегенде сүйенетін арнайы норматив құжат жоқ. Демек, қаржы жетіп тұрса да сапалы жабдық алынатынына кепілдік болмайды. Ал қаржының мақсатсыз жұмсалуы, алынатын жабдықтардың тізімінде бекітілген тізімде жоқ заттардың алынып кетуімен байланысты. Білім және ғылым министрінің 2017 жылдың 29 желтоқсанында шыққан №662 бұйрығында әр деңгейдегі білім беру мекемелерінде, орта мектептерде дене шынықтыру пәніне қажет 94 түрлі жабдық міндетті түрде алыну керек делінген. Ал Шымкент қалалық білім бөлімі (ол кезде бөлім болған) сол тізімде жоқ, 8 және 16 кг кір тасы мен скакалка сатып алуға барлық қаржының 20% жұмсаған. Яғни, қаржының 20% мақсатсыз жұмсалып кеткен. Одан бөлек бірқатар кемшіліктер бар. Олар туралы зерттеу жұмысында толығырақ жазғанмын.
– Жақында Украинаға барып қайттың. Ол жақтағы бюджет ашықтығы туралы не білдің? Алатын тәжірибелік тұстары бар ма екен?
– Ол сапардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің табыс декларациясын жариялау бойынша Украина тәжірибесімен танысу, тәжірибе алмасу болған. Табыс декларациясын жариялауға жауапты орган Украина Республикасы, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ұлттық бюросы қызметкерлерімен кездестік. Декларация жариялау шарттары, түрлері мен талаптарымен таныстық. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен де кездесіп, пікірін тыңдадық. Жалпы, Украинада табыс декларациясын тапсыруға міндетті тұлғалар саны әр жылы 800 мың мен 1 млн арасында болады. Олар – мемлекеттік қызметкерлер, барлық деңгейдегі депутаттар, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында жұмыс істейтін ҮЕҰ басшылары. Табыс декларациясы ашық. Кез келген азамат өзі қалаған тұлғаның табыс декларациясын ашып көре алады. Жалпы, Украинада ақпаратқа қол жеткізу, ашықтық саласында көп алға кетіп қалған. Шамамен 250 ашық дереккөз бар. Салық, табыс, мүлік және т.б. толып жатқан ашық реестрлер. Бюджет мәліметтері де соның ішінде. Алатын, үйренетін дүние өте көп. Ашықтықты қамтамасыз ететін құралдар, арнайы ресурстар жеткілікті. Көбісін үкіметтік емес ұйымдар әзірлеген. Ол ұйымдар мемлекеттің барлық саласында өте белсенді және ешқандай кедергісіз сол жұмыстармен айналыса алады. Қызметіне шектеу жоқ. Нағыз азаматтық қоғам орнаған.
– Мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғаушылар мен депутаттардың табыс декларациясымен танысуға, олар иелік ететін компаниялардың қандай тендерлерге қатысып, ұтқанын қайдан көре аламыз? Қалай қадағалап отыруға болады?
– Өкінішке қарай, ешқалай. Бізде бұл мәліметтер ашық дереккөзде жоқ. Биыл жалпыға ортақ табыс декларациясын жариялау туралы бастама жүзеге асуы керек болған. Оның көмегімен біз бұл сұрақтардың жауабын табуымызға да болар еді. Бірақ оны 2025 жылға шегеріп тастады. Енді кемі 6 жыл күте тұрамыз. Жалпы, біздің мемлекет ашылуға, ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз етуге соншалықты құлықты емес. Әрине, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыс жоқ деуге келмейді. Аздап ілгерілеу де бар. Бірақ оның бәрі өз қалауымен, өз бастамасымен емес, түрлі халықаралық келісімдер, бастамаларға мүше болғандықтан мойнымызға алған міндеттерді орындау немесе сондай келісім, ұйымдарға қосылу үшін шарттарды орындаумен байланысты. Біздің ұйым осы салада көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі ашықтық саласындағы ілгерілеуге қосқан үлесі көп деп айта аламын.
Әңгімелескен Жансая СЫДЫҚБАЙ