Экономика
Қазақстанда дәрігердің қабылдауына кіру 1 жыл ішінде 18%-ға қымбаттады
Бір жыл ішінде Қазақстан дәрігердің қабылдауына кіру 18%-ға қымбаттады деп жазады Energyprom.kz сараптамалық қызметінің мамандары. Олардың мәліметінше, ҚР-дағы ірі қалалар мен мегаполистер арасында ең қымбат дәрігер қабылдауы Алматы (3607 теңге) қаласына, ең арзан қабылдау Қарағанды қаласына (1191 теңге) тән.
Бірінші қабылдау Қостанай қаласында бірден 69,4 пайызға қымбаттап, 2016 жылдың сәуірінің қорытындысы бойынша 2381 теңгеге жетті. Тек Қарағанды қаласында 4,2 пайызға арзандаған.
Бүкіл ел бойынша стоматологиялық қызмет орташа есеппен 13 пайызға қымбаттады. Бір тісті жұлдыру құны - 2743 теңге. Ең жоғары баға - Астанада 6212 теңге, ең төменгі баға - Оралда 1747 теңге. Семейде баға 24,2 пайызға қымбаттады. Қарағандыда ғана баға өзгеріссіз қалған, бір тісті жұлдыру құны - 1826 теңге.
Ал демалыс орындарында бір тәулік құны 7 пайызға немесе 8681 теңгеге дейін қымбаттады. Астана шипажайларында демалу үшін бір күнге 12 314 теңге, Жезқазғанда демалу үшін 7211 теңге төлеу қажет. Ең жоғарғы баға өсімі Оралда тіркелді, 23 пайызға дейін қымбаттап, 8213 теңгеге жетті. Ал Көкшетауда шипажайдағы бір күндік демалыс құны 9 пайызға арзандап, 8125 теңге болды.
"Қазақстан бойынша орташа есеппен жалпы қан сараптамасының бағасы - 766 теңге (бір жылда 9,4 пайызға өсті), зәр сараптамасының бағасы - 539 теңге (бір жылда 10 пайызға өсті)", -делінген зерттеуде.