Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Төлем карталары: Қазақстанда қай банктың комиссиясы төмен?

Төлем карталары: Қазақстанда қай банктың комиссиясы төмен?

Қазақстанда қолма-қол ақша алар сәтте алынатын комиссиялар мөлшері 0,3-1 % аралығында. Және комиссия алынбайтын жағдайлар да кездеседі. Осы ретте комиссия деген не, ол не үшін алынады және еліміздегі банктердің комиссия мөлшерлері қандай деген сауалға жауап іздеген едік.

Банк комиссиясы – банктің тұтынушыларынан көрсеткен қызметтері үшін алатын ақысы. Несиелер бойынша алынатын пайыздық мөлшерлемелерден кейінгі банктерге табыс әкелетін екінші жол - осы комиссиялардан түсетін табыс.

"Комиссия" ұғымын айыппұлдар мен өсімақылардан ажырата білу керек. Комиссия банк тарапынан көрсетілетін қызметтер үшін алынатын болса, айыппұлдар мен өсімақылар тұтынушының банк алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін алынады.

Комиссияның алынуына бірнеше негіз бар. Жерде жатқан ақша жоқ. Тарифтер құрамында банкоматтың, карталарды шығару және соған байланысты көрсетілетін қызметтер ақысы бар. Шығатын шығынның ең көп бөлігін қолма-қол ақша инкассациясы құрайды. Өйткені уақыт өте келе банкоматтар істен шығып жатады, бөлшектері бұзылады. Олар да болса біршама қаражатты қажет етеді. Сәйкесінше осы тектес шығындардың өзін-өзі ақтауы керектігі заңды құбылыс.

Қандай да бір қызметті қолданғаны үшін банк комиссия мөлшерін өзі белгілейді. Яғни, комиссиялардың мөлшері мен түрлері бірдей бола бермейді. Мәселен, бір банкте көлемі жоғары болып, екіншісінде аз болуы ықтимал. Жарнамасында өзге бәсекелестерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен мөлшерді көрсеткен банктің шын мәнісінде сіз үшін шығыны көп болып шығуы мүмкін. Егер банк комиссия алынбайды десе, демек несие бойынша пайызы басқа банктерге қарағанда әлдеқайда жоғары болғаны. Яғни, комиссиялардан алынбаған ақшаны банк өзге жолмен алады. Өзіне шығын келтіретін немесе пайда әкелмейтін іспен қаржылық мекемелер айналыспайды.

Комиссияларды екі түрге бөлуге болады:

  • көрсетілген қызметтер үшін;
  • "қосымша" комиссиялар.

Бірінші түріне мынадай қызмет түрлерін айтуға болады:

  • Ақша аударымдары
  • Несие картасынан ақша шешіп алу
  • Банкоматтардан қолма-қол ақша алу
  • Банкноталар мен тиындарды қайта санату
  • Ақша айырбастау
  • Құжатнамалық операциялар (сатушылар мен сатып алушылар арасында есеп айырысу есептерін жүргізу үшін)
  • Факторинг
«Қосымша» комиссиялар – көрсетілетін қосымша қызметтер үшін алынады. Негізінен, бұлардың негізгі қызметтерден аса айырмашылығы жоқ. Олар:
  • Өтініш қарастыру
  • Несие беру
  • Қарыз алушының есебіне ақша аудару
  • Есепшоттан ақша беру
  • Жеке кеңесші қызметтері
  • Несие шотын ашу және жүргізу
  • Несиені уақытынан бұрын өтеу
  • Өмір мен денсаулықты сақтандыру
  • Несие алудан бас тарту
  • Қарыз жағдайы туралы ақпарат беру
75ee0287b5089e1e23ed7fae8c7

Одан бөлек, «мобильді банк», «интернет-банк» деген ұғымдармен де таныс боларсыз?! Олар үшін де банк комиссия алады. Көбіне, "мобильді банк" қызметі банк картасын алған сәттен бастап қосылады. Яғни, қызметті қолданғаны үшін ай сайын ұялы телефон есебінен белгілі бір сома алынып отырады. Егер бұл қызмет түрі сізге аса қажет болмаса, бірден бас тартқаныңыз жөн. Картаны алғаннан кейін барып бұл қызметтің қосылғанын байқасаңыз, банкке барып өшіруіңізге болады. Десе де, бұл қызмет түрінің қажетті тұстары бар екенін де айта кету керек. Картаны жиі қолданатын болсаңыз, есепшотыңыздың жағдайы туралы ақпаратты уақытында алып отырасыз. Осылайша ақшаңыздың қашан келіп-кетіп жатқаны жөнінде хабардар боласыз.

Осы тұста "заңсыз" комиссиялардың болатынын да еске сала кетейік. Кейбір банктер қызмет атауын өзгертіп, түрлендіріп сізден пайда көріп жатады. Көбіне мұндай алаяқтық маркетинг стратегияларына байланысты жүзеге асып жатады. Яғни банктер тұтынушылары ұнатпайтын комиссия сөзінің тонын теріс айналдырып, өзге қызмет түрімен ауыстырады.

Қазіргі таңда заңсыз алынған комиссияларды қайтарып алуға толық құқыңыз бар. Бұл үшін бірінші кезекте банкке барып, ақшаңызды қайтару жөнінде арыз бересіз. Егер банк өтінішіңізді қараудан бас тартса, істі соттың қарауына жіберуге болады. Әйтсе де мұндай қадамдарға бармас бұрын ісіңіздің заңдық негізі жөнінде бастан-аяқ біліп алғаныңыз жөн.

Қазақстан банктеріндегі комиссия қандай?

Сізде ҚазКом картасы болып, ҚазКом банкоматынан ақша алатын болсаңыз сізден 0,3-0,7 % аралығында комиссия ұсталады. Осы секілді өзге де банктерде алынатын ақының мөлшерін анықтаған едік. Нәтижесінде, өз банкоматынан алатын сәтте Forte Bank, Еуразиялық банк және АТФ банктері өз банкоматынан ақша шешкен кезде комиссия ұстамайтындығы анықталды. Ал, Kaspi Bank - 1 % (минимум 50 теңге), Центр Кредит Банк - 0,6 % (минимум 100 теңге), ҚазКом - 0,3 % мөлшерінде комиссия алады. Бұл - жеке тұлға ретінде ашылған карталардың тарифтері.  Халық банкінде өз банкоматынан алатын болса - 1 % ұсталады. Өзге банкоматтан алатын болса, ҚазКом мен АТФ банк үшін - 0,6 % (минимум 100 теңге), басқаларынан - 1,5 % (минимум 1000 теңге). Қолма-қол емес төлемдерге комиссия ұсталмайды.

e6b96c19bc49f86527bc0fc10d349a3a

Комиссия алынбайтын енді бір әдіс - «Жалақы жобасы". Осы шара аясында банктер көбіне комиссияларды азайтады немесе тіптен комиссия алынбауы мүмкін. Банк беретін картаны ашар сәтте сіздің алдыңызға бірнеше таңдау тұрады: жеке тұлға ретінде стандарт карта алу немесе өзіңіз жұмыс істейтін мекемемен келісім-шарт жасасқан банктен карта аштыру. Стандарт карталар көбіне Visa немесе MasterCard төлем жүйелерінде ашылады. Бұл екі төлем жүйесінің бір-бірінен айырмашылығы аз ғана. Visa доллармен төлем жасауға, MasterCard еуромен төлем жасауға ыңғайлы. Қазақстанда ашып, оны еліміздің шегінде қолданатын болсаңыз, сізге бұдан келер шығын болмайды. Бекітілген комиссия мөлшеріне орай ғана ақы алынып отырады.

 Қолма-қол ақша аларда алынатын комиссия мөлшері сіз жұмыс істейтін мекеменің ауқымына байланысты бекітіледі. Мәселен, құрамында 20 мың адам жұмыс істейтін ірі компания қызметкерлерінен гөрі 10 мың адам істейтін компаниядан комиссия көбірек алынады. "Осыдан шамамен, 7-8 жыл бұрын жалақы жобасы аясында картадан ақша алу комиссиясы 0,6%-ды құраған еді. Бүгінде ол мөлшер 0,2%-ға жақындап қалды. Демек, нарықта аталған комиссияларды нөлге теңестіру тенденциясы байқалып келеді», – дейді Қазкомның басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров.

Қазіргі таңда "Жалақы жобасы" аясында комиссиясыз ақша шешіп алу көптеген банктерде қарастырылған. Бірінші кезекте компанияңыз банкпен келісімге отырады. Одан соң, жұмысқа орналасқан әр адам сол банктен карта ашуға міндетті болады. Ай сайынғы жалақысы сол банктің шотынан аударылады. Картаны ашар сәтте белгілі бір сомада жылдық ақы төлейсіз. Ол ақының көлемі аса жоғары емес. Ал жалақыңыз түскен сәтте ешқандай комиссиясыз ақшаңызды қолыңызға  аласыз. Осы тұста бұл жобаның екі тарапқа да ыңғайлы етіп ойластырылғанын айта кету керек.

Еліміздегі бірнеше банктердің осы жалақы жобасы бойынша карта ашу процесін көз алдыңызға келтірейік. ҚазКом банкінде бұл жоба бар, еш комиссия алынбайды.    Халық банкте комиссиясы жұмыс істейді. Visa, MasterCard карталарын жұмысқа тұрарда ашқызу керек, оның бағасы жылына 740 теңге, жалақы түскен сайын комиссиясыз шешіп аласыз. Шетел валюталарында шешіп аларда конвертацияға байланысты ұсталады, минимум 1000 теңге көлемінде болады, комиссия - 1,5 %.

Forte Bank-те Visa Classic төлем жүйесінде ашатын болсаңыз, жылына 250 теңге төлеп тұрасыз. Бұл банкте де комиссия - 0%. Сізге берілетін тағы бір бонус - смс арқылы есепшотыңыздың жағдайы туралы ақпар беру тегін. Көптеген банктерде бұл қызмет үшін айына ақы алынып отырады. Ал, егер Visa Gold, Platinum карталарын ашатын болсаңыз, жылына 450 теңге төлеу қажет. Бұл тарифтің тиімді тұсы - айдың аяғында есебіңізде қалып қойған соманың 3%-ы жылдық пайыздық мөлшерлемемен саналып, есеп шотыңызға қосылып отырады.

Kaspi Bank-те, АТФ банкте де жалақы жобасы аясында сізден комиссия ұсталмайды. Kaspi Bank бөлімшелерінен Visa Electron картасын ашар болсаңыз, бағасы - 700 теңге, Visa Classic - 3000 теңге. Центр Кредит банкіндегі жағдай да алдыңғыларға ұқсас. Пайызы - 0 %, MasterCard картасының құны - 500 теңгені құрайды. Еуразия банкінде стандарт карта ашу үшін 500 теңге көлемінде төлем жүргізу керек. Жалақы жобасы бойынша пост-терминалдардан шешетін болса, 0,5 % + 50 теңге, шетел валютасында алса - 0,8 % + 50 теңге, басқа банк кассасынан жалақыңызды алар болсаңыз, комиссия 1,5 % + 50 теңге (минимум 350 теңге) болады.

Qazaq Bank-те жағдай өзгеше. Бұл жерде сіз жеке тұлға ретінде карта ашқыза алмайсыз. Тек қана жалақы жобасы аясында ғана жүзеге асады. Және бір айта кетерлігі, әр компания қызметкерлерінен алынатын комиссия әр түрлі. Яғни, нақты пайыздық көрсеткіш жоқ. Тек қана банк пен компания арасындағы келісім шартқа байланысты бекітіледі.

Сондай-ақ, жалақы жобасы мүлдем жоқ банктер де бар. Олардың бірі- Home Credit Bank. Жеке қолданыс үшін карта ашқызу үшін алдымен 15 000 теңге көлемінде депозит ашуыңыз керек. Содан кейін барып картаны қолдануға болады. Және айтқанымыздай, компаниялармен келісім шарт жасаспайды. Операторларының сөзіне сүйенсек, жалақы жобасы тек "Қазпошта" және банктің өз қызметкерлері үшін ғана жұмыс істейді, комиссия алынбайды.

Көпшілік білгісі келетін ендігі бір нәрсе - өз картамды "бөгде" банктің банкоматына салып, ақша шешіп алатын болсам, менен қанша ақша ұстайды? Негізінен, 0,3 %-дан басталады. Тіпті серіктес банктер арасында комиссияны 0-ге теңестіру жағы да қарастырылған. Ондай банктерге ҚазКом мен Халық банкін айтуға болады. ҚазКом картасымен Халық банктің банкоматынан ақшаны қорықпастан ала беріңіз. Бірақ, басқа банктер үшін комиссия - 1 % (минимум 350 теңге) алынады. Kaspi Bank 1 %, Цесна Банк - 0,3 %, Центр Кредит Банк - 0,8 % (минимум 100 теңге), Еуразия банкі 1,5 % (минимум - 200 теңге), АТФ банк - 1 % (минимум 50 теңге) алады.

Қолма-қол емес төлемдер жүргізу - сізге де, банкке де тиімді. Ақша шығару мемлекетке шығын әкелсе, қолма-қол ақша шешіп алу - сізге келетін шығын. Сол себепті, интернет арқылы сауда жасаудың алдағы уақытта трендке айналуы ғажап емес. Себебі, жоғарыда атап көрсетілген банктердің барлығында қолма-қол емес төлемдерден комиссия алынбайтындығы белгілі болды.

Шетел валюталарында ақша алу үшін төлем жүйесін дұрыстап таңдауыңыз қажет. Айталық, АТФ банк картасы арқылы шетел валютасында ақша алмақ болсаңыз, 1,5 % комиссия (минимум 50 теңге) алынады. Ал, Kaspi Bank-те доллар не еуромен алынған ақшаңыздан кем дегенде 500 теңге ұсталып отырады. Сонымен бірге Қазақстаннан тыс жерлерде картаңызды қолданатын болсаңыз, ол үшін алынатын ақы бөлек болады.

Дағдарыстың қатты толқыны таяп қалған сәтте үнемдеу режимін іске қосу керек. Ол үшін ақшаңыздың қайда кетіп жатқанына жауап беруден бастағайсыз. Атап өткеніміздей, қандай да бір қызмет түрін пайдаланбас бұрын байланыс орталықтарына бір хабарласып, мән-жайды сұрастырған артық етпейді.

Жадыра Аққайыр "7"

Похожие материалы