Экономика
Выбор редактора
Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға салық салу ұсынылды
Парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға салық салу қажет деп есептейді. Бұл туралы ол Астанадағы палата отырысы кезінде мәлімдеп, премьер-министрдің атына өтініш жолдады.
"Қазақстанда электронды қызметке салық салу мәселесі тек тауар сататын немесе заңды тұлғаларға қызмет көрсететін шетелдік интернет-компанияларға қатысты. Бірақ, физикалық тұлғалармен сауда жасайтын шетелдік компанияларға салық салу мәселесі әлі де жолға қойылмаған", -деді ол.
Оның атап өтуінше, 2015 жылы қазақстандықтар интернет арқылы 3,5 млрд долларға сауда жасаған және оның тек 60 млн доллары ғана отандық нарыққа тиесілі. "Мұндай үлкен табысқа ие ірі қазақстандық интернет-саудагерлер салық ретінде тек 3 млрд теңге төлеген. Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, отандастарымыз кітап пен видеофильмге, балалар ойыншықтары мен киім-кешекке 1 млрд теңгеден астам ақша жұмсайды. Бірақ бұл тізімдегі барлық онлайн-дүкендер салық төлемейді", -деп атап өтті А.Жамалов. Оның сөзінше, AliExpress, eBay, Amazon тәрізді алпауыттар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тіркелгендіктен мемлекетке салық төлемейді.
А.Жамаловтың мәліметінше, өткен жылы Satu.kz сайтындағы келісім құны 11 млрд теңгені құраған. "Салық органдарының мәліметінше, бұл соманың бір теңгесі де мемлекетке төленбеген. Себебі аталған компания Украинада, Киевте тіркелген. Шетелдік интернет - дүкендер тауарларды экспорттаған кезде салық төлемейтіндіктен, барынша төмен баға ұсынып, отандық өндірушілерге кері әсер етеді",-деп есептейді депутат.
Мәжіліс депутатының сөзінше, Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға салық салу туралы заңды қабылдайтын уақыт жетті. Бұл шара қазақстандық және шетелдік интернет компаниялардың құқығын теңестіруге, елдегі бәсекелстікті арттырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет.