Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылғы ақпан айының соңында Қазақстанда берілген ипотеканың жиынтық көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 22,5%-ға артты. Бұл туралы Finprom.kz хабарлады.
Ипотекалық қарыздардың үлес салмағы 10,7%-ды құрады, бұл дағдарысқа дейінгі жылдары да болмаған рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар өсу қарқыны бойынша ипотека несиелендірудің басқа түрлерінен асып түседі: тұтынушылық кредиттер (жылына+13,5%) немесе шағын бизнеске кредиттер (жылына -20,3%).
2005 жылғы ақпаннан бастап 2019 жылғы ақпанға дейін ипотекалық несиелер көлемі 115,3 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін өсті. Берілген ипотекалық кредиттер сомасының ағымдағы мәні ҚР кредит беру нарығының тарихындағы рекордтық нәтижені көрсетті.
Қазақстан экономикасына да әсер еткен 2007-2008 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс 2010 жылдың ақпан айында ипотеканың көлемі 683,3 млрд теңгені (2009 жылдың ақпан айында-723,8 млрд теңге) құрап, бір жыл ішінде 5,6%-ға дейін төмендеуіне алып келді. Сол жылдары ипотекалық кредиттердің үлесі несиелендірудің жиынтық көлемінің 8,9%-ын құрады. Ипотеканың үлес салмағы 2016 жылға дейін төмендеп, 7,2% құрады. 2018 жылы ғана ипотекалық несиелер нарығы 1 трлн теңгеге жетіп, нарықтық үлесі 8,7%-ға артты. Ипотеканың дағдарыстан кейінгі орташа жылдық өсу қарқыны жылына 6,8%-ды құрайды.
Ипотекалық қарыздар құрылымының негізгі бөлігін ұлттық валютадағы кредиттер алады. 2005 жылы ұлттық валютадағы ипотекалық кредиттердің үлесі небәрі 10,6%-ды (12,2 млрд теңге) құраса, 2019 жылдың ақпанында олардың үлесі 96,9%-ға (1,3 трлн теңге) жетті.
Өңірлік бөліністе қарыздардың ең көп көлемі Алматыда — 345 млрд теңге (+жылына 15,3%), Нұр-Сұлтанда — 344,1 млрд теңге (+30,8%) және ШҚО — 76,5 млрд теңге (+16,7%) берілген. Аталған өңірлерде берілген кредиттер барлық ипотекалық қарыздардың 57,2%-ын (765,6 млрд теңге) құрайды.
Айта кетейік, 2019 жылғы наурыздағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық Банкінің базалық ставкасы 9,25%-ға тең. 2018 жылы реттеуші мөлшерлемені бір жыл ішінде 3 рет төмендетті, бұл ЕДБ ипотекалық кредиттеу бойынша сыйақы мөлшерлемесіне оң әсер етті.