Экономика
Қазақстандық авиакомпаниялардың табысы 25 пайызға өсті
2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында әуе тасмалынан түсетін табыс 62 млрд теңгеге дейін өсті. 2015 жылдың алғашқы төрт айтында бұл көрсеткіш 49,7 млрд теңгені құраған еді. Осы жылы табыстың 97,5 пайызы, яғни 60,5 млрд теңге – жолаушылар тасымалынан, 2,5 пайызы (1,5 млрд теңге) – жүк тасымалынан түскен. Бұл туралы Energyprom.kz сараптамалық қызметі хабарлады.
Әуе көлігі саласындағы табыс жолаушылар тасымалдау есебінен - 24,9 пайызға, жүк тасымалынан 17,4 пайызға артып отыр. 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы табыс мөлшеріндегі жолаушылар тасымалының үлесі өзгермеген. Мамандардың мәлімдеуінше, авиакомпаниялардың негізгі табыс көзі әлі осы сала болып отыр.
Тасымалданған адамдар саны өткен жылдың қаңтар – сәуір айларымен салыстырғанда 6,6 пайызға өскен, яғни 1,69 млн адамды құрап отыр. Әуе көлігінің барлық түрімен тасымалданған жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Сонымен бірге, жолаушылар айналымы 2 пайызға өскен. Ал жыл бойындағы республикадағы жалпы өсім 1,4 пайызды құрайды.
Жүк тасымалдау 2016 жылдың қаңтар – сәуір айларында өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға кеміп, 4,9 мың тоннаны құрады. «Әуе көлігіндегі тауар айналымы да 15 пайызға азайған», - дейді орталықтың сарапшылары.