Алматы. 27 маусым. 7kun.kz – Қазақстандықтар банктерден тұтынушылық несиелер бойынша 3,5 триллион теңге алды.
Ұлттық банктің деректері бойынша, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдаймен салыстырғанда 240 миллиард теңгеге көп.
Ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді несиелер 3,3 трлн теңге, шетел валютасымен - 44,8 млрд теңге болды. Ұлттық валютада қысқа мерзімді қарыздар 146,8 млрд теңгеге, шетел валютасында - 3,1 млрд теңгеге берілді.
Маусым айының басында берілген қарыздар бойынша Алматы көш бастап тұр. Осы қалада қаржы мекемелері тұтынушылық мақсаттарға 1,3 трлн теңгеден астам қаржы бөлді. Екінші орында Нұр-Сұлтан – 292,3 млрд теңге. Одан әрі Шымкент – 242,7 млрд теңге және Қарағанды облысы – 229,1 млрд теңге.
Ең аз несие СҚО–да (45,5 млрд теңге) және Түркістан облысында (21,8 млрд теңге) берілді.
Ұлттық валютада ұзақ мерзімді несиелер көбінесе Алматыда 1,1 трлн теңгеге және Нұр-Сұлтанда 287,1 млрд теңгеге берілді. Шетел валютасында Алматы тұрғындары 38,4 млрд теңгеге және Шымкент тұрғындары 1,5 млрд теңгеге несие алды. Қызылорда және Түркістан облыстарында несие аз берілді. Осы өңірлерде несиелер тиісінше 33,7 млн теңгеге және 16,5 млн теңгеге шығарылды.