Алматы. 23 шілде. 7kun.kz — Үкімет 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өмірлік ауыр жағдайға тап болған азаматтар санаты үшін екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу қағидаларын қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтардың кейбір санаттары үшін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеуге 2019 жылға арналған республикалық бюджетте 88,5 млрд теңге қарастырылған. Төлем қызметтерін көрсеткені үшін комиссияны жабуға - 707 млн теңге.
"Қарыз алушылардың қарыздарын өтеуді ағымдағы жылдың 5 қыркүйегіне дейін жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлттық Банк Басқармасы ҚР азаматтарына есептелген (тиесілі) айыппұлдар мен өсімдерді 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептен шығару тетігін бекітті. Осы мақсатта Проблемалық кредиттер қоры 17,5 млрд теңге сомасына облигациялар шығарады және оларды Тұрақтылық қорының пайдасына орналастырады", - деді Қаржы министрі.
Еске сала кетейік, 26 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жекелеген санаттары үшін қарыз жүктемесін төмендету туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, несиелік рақымшылық көп балалы отбасыларға, асыраушысынан айрылуына байланысты төлем алатын отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектерге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 29 жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған балаларға қатысты болады.
Жарлыққа сәйкес, берешектің жалпы сомасы 2019 жылдың 1 маусымында 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұл ретте 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспауы керек.