Қазақстандық "Одна цена" компаниясы 50-ге жуық сауда желісін ашуды жоспарлауда
Алматы. 29 сәуір.7kun.kz - Қазақстандық "Одна цена" дүкендер желісі алдағы 2-3 жылда 50 жуық орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы дүкен желісінің директоры Ботагөз Тілемісова мәлімдеді.
"Біздің дүкенімізде барлығы бір бағада. Қазақстанда мұндай сауда желісі жоқ. Бірінші біз ашылдық. Алғашқы дүкен 2015 жылдың 19 желтоқсанында ашылды. Әзірге барлық сауда желісі Алматыда. Алдағы-2-3 жылда орталықтар санын Қазақстан бойынша 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Ботагөз Тілемісова.
Компания директорының сөзінше, Алматыдағы 5 дүкенді ашуға орташа есеппен 500-600 мың доллар жұмсалған.
"Жұмсалған қаржының бәрі өз ақшамыз. Енді шығындарды азайтып, инвесторлар тартуды жоспарлап отырмыз. Біздің бизнесіміз ашық. Қазір өзімізді таныстыру жұмыстарымен айналысудамыз. Инвесторлардың қызығушылығы болады деген ойдамыз", - деді компания директоры.
Ботагөз Тілемісова атап өткендей, саудаға шығарылған тауарлар Ресейден және Қытайдан жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Малайзия, Вьетнам, Үндістан сияқты елдерден тауарлар жеткізіледі.
Компания директорының сөзінше, дүкендердегі барлық тауардың бағасы - 300 теңге, яғни 1 доллар көлемінде. "Қаңтар айында доллар 380 теңгеге көтерілгеннің өзінде біз тауар бағасын 300 теңге деңгейінде ұстап тұрдық", - дейді ол.