Алматы. 20 шілде. 7kun.kz – Halyk Group Qazkom мен Халық банкінің бірігу процесі аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.
«Екі банктің интеграциялану процесін аяқтағалы отырмыз. Бұл ТМД-дағы ең ауқымды әрі теңдессіз интеграция процесі. Негізгі жұмыстар орындалды, банктер бірыңғай технологиялық платформаға өтті. Бұл клиенттерге, тіпті, байқалған да жоқ әрі қызмет көрсету жылдамдығы мен сапасына әсер етпеді», - делінген хабарламада.
Halyk Group өкілдерінің айтуынша, Qazkom және Halyk банктерінің қызметі туралы соңғы күндері әлеуметтік желіде таралған жағымсыз ақпараттар шындыққа жанаспайды.
«Техникалық бірігудің соңғы кезеңі шілденің аяғына қарай іске асырылады. Интеграцияның соңғы күндері, атап айтқанда, 27 шілдеде Қазкомның бөлімшелері шектеулі режимде жұмыс істейді. Ал банкоматтар желісі үзіліссіз жұмыс істейді, төлемдер және картадан ақша аудару қолжетімді болады. 30 шілде, дүйсенбі күні банктердің барлық бөлімшелері клиенттерге толық қызмет көрсете бастайды», - делінген мәлімдемеде.
Halyk Group, сонымен қатар Halyk Bank және Qazkom қызметі туралы жалған ақпарат таратқандарға құқық қорғау органдарына шағым түсіруі мүмкін екенін ескертеді.