Алматы. 1 сәуір. 7kun.kz – Тимур Шаймергенов ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Тимур Шаймергенов 1982 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 2004 жылы Алматыдағы Халықаралық мамандықтар институтын бітірді, 2009 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында саяси ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.
2009-2018 жылдары Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Пенсильвания, Колумбия университеттерінде басшылық құрам үшін оқыту бағдарламалары өтті.
Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік, стратегиялық менеджмент және тәуекелдерді басқару саласында маман біліктілігі бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бастаған, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында, ҚР Парламенті Мәжілісінің аппараттарында және ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің аппараттарында, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі жүйесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2017-2018 жылдары ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болды. 2017 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының лекторы.
ҚР Сыртқы істер министрлігіне тағайындалғанға дейін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып жұмыс істеді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл», «ҚР Дипломатиялық қызметіне 25 жыл», «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.