Қытай Қазақстан арқылы тауар транзитінің көлемін біршама шектеді – министр
Нұр-Сұлтан. 2 тамыз. 7kun.kz – Коронавирустық инфекцияны жұқтырушылар санының артуына байланысты Қытай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдау көлемін қысқартты. Тасымалдау бойынша жоспарланған мәндерге қол жеткізілмеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
«Жоспарланған 25,3 млн тоннаға (нақты – 23,8 млн тонна) қол жеткізілмеген себеп – Қытай Халық Республикасының қатаң санитарлық шектеулер енгізуіне байланысты, бұл шекаралық теміржол өткелдерінің өткізу қабілетін екі есеге қысқартты», – деді министр.
Транзиттік жүктің негізгі бөлігі, транзиттік тасымалдаудың жалпы көлемінің шамамен 70%-ы немесе 15,4 млн тоннадан астамы Қытайдың үлесіне тиеді. Бұл Транскаспий бағытында контейнерлік тасымалдауды ұлғайту бойынша мақсатқа қол жеткізуге де әсер етті. 45 мың ЖФЭ жоспары кезінде нақты орындалуы шамамен 41 мың ЖФЭ құрады.
Айта кетейік, Қытай пойыздарды қабылдау және тасымалдау үшін шектеу шараларын енгізді. Осыған байланысты Қытаймен шекарада пойыздарды қабылдау және беру 18 жұп пойыздан 12 жұпқа қысқартылды. Бұл ҚХР аумағында (порттарда, терминалдарда) тоқтап тұрған пойыздардың көбеюіне алып келді.