Астана. 26 қаңтар. 7kun.kz - Қазақстанның мал шаруашылық кәсіпорындары алдағы уақытта Қытайға қой, сиыр еті мен бал экспорттайтын болады. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Қытаймен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласында 19 жоба жүзеге асырылу үстінде және жүзеге асыру жұмыстары басталып жатыр. 19 жоба үшін салынатын инвестиция көлемі - 1 млрд 735 млн доллар", - деді ол.
Оның айтуынша, аталған жобалар бойынша ет өнімдерін өңдеу және малды өсіру жұмыстары ұсынылады.
«Қытай еліне экспортталатын тауарлардың басым бөлігі - сиыр, қой еті және бал. Осы позиция бойынша Қытайдың мемлекеттік инспекциясымен бірігіп фитосанитарлық және ветеринарлы талаптар бойынша келіссөздерді аяқтап қалдық. Қазіргі уақытта Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін және аттестаттаудан өту үшін кәсіпорындарды тексеруге қытайлық сарашылардың келуіне дайындалып жатырмыз", - деді Г. Исаева.
Вице-министрдің сөзінше, 19 жобаның 9-ы жүзеге асырылуда, ал қалған 10 жобаны қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.
Фото: kapital.kz