Қытай билігі халықтың зейнетке шығу жасын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Бүгінде бұл елде ер-азаматтар – 60, ал әйелдер жұмыс істеген саласына қарай 50-55 жасында еңбек демалысына шығады. Әзірге жаңа зейнет жасына қанша жыл қосылатыны белгісіз. Билік осы арқылы үш негізгі мәселені шешпек: жұмыс күшінің жетіспеушілігі, зейнетақы қорына түсетін салмақ және экономика дамуын қалыпты ұстау.
Қытайдың Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің зерттеушісі Цзинь Вэйганның мәліметі бойынша, 2015 жылы 16-60 жас аралығындағы Қытай тұрғындарының саны 5 млн адамға дейін қысқарған. 70-жылдарды енгізілген «бір отбасыға – бір бала» саясаты жүргізілгендіктен, еңбекке қабілетті жастар саны да кеміген.
Бүгінде Қытайда жасы 60-ты еңсерген азаматтар саны 200 миллионнан асады. Бұл ел тұрғындарының 16%-ы екен. Жағдайды реттемесе, 2050 жылға қарай аталмыш көрсеткіш екі есе өспек. Жергілікті ақпарат құралдары бұл жоспар бесжылдық өтпелі кезеңнен кейін, 2020 жылға қарай іске асуы мүмкін деп жазады. Ал тұрғындар болса аталмыш жаңалықты әрқалай қабылдауда.