Коллекторлық агенттіктер үшін енді Қылмыстық және әкімшілік кодекстер шеңберінде коллекторлық қызметті тіркеусіз жүзеге асырғаны, заңмен қорғалатын құпияны заңсыз жинағаны және жария еткені, борышкерлердің құқықтарын бұзғаны және жосықсыз іс-әрекет жасағаны үшін заңды жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышев «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында қарау барысында айтып берді.
Борышкер мен коллекторлық агенттіктердің өзара байланыс тәртібі
ҚР ҰБ Төрағасы заң жобасы коллекторлық агенттік пен борышкердің өзара байланысуының толық тәртібі мен қағидаларын белгілегенін атап өтті. «Тікелей шектеулер қарастырылып отыр. Бір күн ішінде 1-ден артық жеке байланысу және 3-тен артық телефон арқылы келіссөздер жүргізуге рұқсат етілмейді. Ал байланыс уақытын борышкердің өзі таңдайды. Кез келген жеке байланыстарға мереке күндері тыйым салынады», – деді ол. Заң жобасы коллекторлық агенттіктерді борышкермен келіссөздердің аудио- және бейнежазбасын жүргізуге және дербес ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейді. Бұл ережелерді сақтамағандар әкімшілік және қылмыстық тәртіпте қатаң жазаланады.Коллекторлық қызметті Ұлттық банк бақылайтын болады
Д. Ақышев Ұлттық Банктің коллекторлық қызметті бақылау, олардың қызметі жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекітуді және тексеруді жүзеге асыратын өкілеттіктерін бекітетінін атап өтті. «Коллекторларды міндетті түрде тіркеуді және Ұлттық Банк тарапынан қадағалауды аса маңызды деп санаймыз. Тиісінше, қарыз алушылардың коллекторлардың заңсыз іс-қимылдарына арыздары Ұлттық Банктің бақылауында болады», – деп атап өтті Д.Ақышев. Оның айтуынша, Ұлттық Банктің қарыз алушылардың өтініштеріне шұғыл ден қою үшін қажетті қаржылық және адами ресурстары жеткілікті. Коллекторлық қызметтің ресми мәртебесін енгізу және реттеу коллекторлардың қалыптасқан жағымсыз бейнесін өзгерте алады. Банктер қарыз алушылардың ісін коллекторлық агенттікке жібергенге дейін реттеу шараларын қабылдауы қажет. Бұл борышкерлерді қорғау мақсатында жасалып отыр. «Заң жобасының ережелері бизнес-ортаның жұмысына кедергі келтірмейді. Сонымен бірге, борышкерлердің, коллекторлық агенттіктердің және кредиторлардың мүдделерінің теңдігін қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады Ұлттық Банк басшысы.