Экономика
Ресей Қытайға баратын жоғары жылдамдықты магистральді Қазақстан арқылы өткізбекші
Жоғары жылдамдықтағы Мәскеу-Пекин магистралі Қазақстан аумағы арқылы өтуі мүмкін. Бұл туралы Ресей Федерациясының елшісі Андрей Денисов мәлімдеді.
"Мамандардың айтуынша, жобаның бір бөлігін сәтті түрде аяқтап алсақ, оны оңтүстік-шығысқа, тіпті Қытайға дейін созуға болады. Осы арқылы Ресей мен Қытайды Қазақстан арқылы қосып, жаңа Жібек жолы маршрутының бөлігі болатын транспорттық жүйе құрамыз", - деді дипломат.
ҚХР-дың сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин өз кезегінде екі жақтың жоғары жылдамдықтағы магистраль (ЖЖМ) құрылысы жөніндегі әріптестігі жоспарлы түрде дамып келе жатқандығын мәлімдеді. "Егер нақты жобалар туралы айтар болсақ, Мәскеу-Қазан темір жолын атау керек. Оны техникалық-экономикалық жарақтандыру жөніндегі жұмыс сәтті өтіп жатыр", - деді ол.
Еске салайық, осыған дейін 2014 жылдың қыркүйегінде Ресей Темір Жолының вице-президенті Александр Мишарян қытайлық инвесторлар Мәскеу-Қазан ЖЖМ-ның құрылысы үшін 400 млрд рубль салуға даяр екендіктерін мәлімдеген еді. Кейінірек екі жақ жоғары жылдамдықты темір жол қатынасын дамыту туралы меморандумға қол қойды.