«Өрлеу» пилоттық жобасы Шығыс Қазақстан облысында 2014 жылы енгізілген болатын. Бүгінде жобасына қатысқандардың орташа табысы 3 есеге өсті. Жоба бүгінге дейін өңірдегі қалалар мен барлық аудандарды қамтуға тырысты. Осы уақытқа дейін аталған жобаға 8000-нан астам адам тартылса, бұл шамамен 1900-дей отбасы. Ал төрт жылда ШҚО-да 24 мыңнан астам адам «Өрлеу» арқылы 945 млн теңге көмек алған.
Бұл жобаның шарапатын еңбекке қабілетті 7 мың азамат көріп, өмірін өзгертуге кірісті. Оның көбі тұрақты жұмысқа орналасып, жобаға қатысқан кәсіпкерлер өз ісін ашуға құлшыныс танытты. Ал 1 589 адам уақытша жұмысқа, ад 3 357 ер мен әйел тұрақты жұмыс тапты. Жобаның 1623 қатысушысы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы өзі ісін ашуға мүмкіндік алды.
«Өрлеу» жобасын жүзеге асыруда ең басты бетпе-бет келген мәселеге келсем, біз әу баста кейбір отбасындағы дені сау, ересек адамдардың жұмыс істеуге деген құштарлығының тқмен екендігін байқадық. 2014 жылға дейін, яғни, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заң күшінен енгеннен бастап арнайы бағытталған әлеуметтік көмекті 12 жыл бойы беріп келдік. Кейбір азаматтар үйде диванда жатып-ақ жәрдемақы алатынын білді», – дейді ШҚО әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы әлеуметтік төлем бөлімінің жетекшісі Райхан Барлықова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2188 адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде 1490 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды және 698 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Осылайша жобаға қатысқан облыс тұрғындарының табысы орта есеппен 3 есеге артты (6050 теңгеден 18150 теңгеге дейін). Айта кетсек, 2014 жылдан бастап қазақстандықтарға әлеуметтік көмек беудің жаңа бағыты қабылданып, осының негізінде Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысында ақшалай көмек төлемдері бойынша «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілген болатын. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгізіледі. Яғни, аз қамтамасыз етілген азаматтар мен отбасыларға берілетін 3 түрлі мемлекеттік қолдау, бұдан былай бір жәрдемақы арқылы берілетін болады. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек көлемін алдағы жылдан бастап 25 пайызға көбейту жоспарлануда. Ал жалпы республика бойынша «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілгелі бері бүгінге дейін оған 161,7 мың қазақстандық қатысты.
Ал «Өрлеу» жобасының арқасында 4 мыңға тарта отбасы өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартты. Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 2014 жылғы қаңтар айынан бері іске асырылған «Өрлеу» қанатқақты жобасының көмегі арқылы 11 ай ішінде 843 отбасы немесе 19 мың 909 қазақстандық жалпы сомасы 413, 3 млн теңге көлемінде шартты ақшалай көмек алды. Бір адамға шаққандағы шартты ақшалай көмектің орташа көлемі 4 488 теңгені құрады.
«Көмекке ие болған адамдардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар үлесі – 9,5%, мемлекеттік балалар жәрдемақысы (МБЖ) тағайындалғандар – 56,1%, алғаш рет хабарласқандар үлесі – 34,4% құрады», делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қанатқақты өңірлерде 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АӘК алатындар – 16,2%, МБЖ алатындар – 7,1% азайды. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2014 жылы 500 млн теңге көлемінде мақсатты ағымдағы трансферт бөлінді.
Жұмыспен қамту орталығы мамандары, басқарма кеңесшілері, жобаға етене қатысқан мамандардың пікіріне сенсек, тұрғындар өз өмірін өзгертуге құлықсыз көрінеді. «Біз мұндай мүмкіндіктен қалыс қалмаңыздар. Бұл жәрдемақыны бір құжатқа қол қою арқылы алуға болады. Алғашқы кезде орталықтың мамандары тұрғындарды жұмыс берушілерге жетектеп әкелгендей күйде еді. Адамдар ерте тұруды әдетке айналдырып, жұмысқа баруды дағды етсе болды ғой. «Өрлеу» жобасы өмірін жақсы жаққа қарай өзгертуге тырысатын жандарға арналған», – дейді Райхан Барлықова.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында жоба жұмыс істеген жарты жылдан кейін нәтижесі де көріне бастады. Халық «Өрлеу» арқылы мемлекеттен көмек алуға болатынын білді. Тіпті, кедейшілік өмірден жеке кәсіпкер болып жатқандары да жоқ емес. Әсіресе, толыққанды емес отбасы мүшелері, жалғызбасты аналар көмекке қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетіп келеді. Райхан Барлықованың пікірінше, жобаның алғашқы жылы ШҚО бойынша 11 азамат өз ісін ашу үшін шағын несие алды. Оны төлеу тетігі де жеңіл. «Мәселен, Қатон-Қарағай ауданында әйелдер шағын несие алып, наубайхана ашуға кірісті. Нан өнімдерін сату арқылы отбасын асырап отырғандары да бар. Ал Күршім ауданында 1 млн теңгені қарызға алған әйел шағын құс фермасын ашса, Тарбағатай ауданында жоба қатысушысы шаштаразының тұсауын кесті. Қарызға ақша алғандардың бәрін қадағалап отырдық. Олар несиені уақытында төлеуге тырысты» дейді әлеуметтік төлем бөлімінің жетекшісі.
Ал «Өрлеу» жобасының нақты нәтижелі көрсеткіштеріне келсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында ең төменгі күнкөріс көрсеткіші 1,7 пайызға төмендеді. Бұл республика бойынша 2,6 пайыз. Атаулы әлеуметтік көмекті алған тұрғындар еңбекке қарекеттеніп, басқа да мүмкіндіктерге жол ашуда. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың 70 пайызы – балалар, 13 пайызы – бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар. Мысалы, жобаға қатысқан Өскемен қаласының тұрғыны, көп балалы Байғондар отбасы өзінің материалдық жағдайын елеулі түрде жақсартты. Бұл отбасында төрт бала – екі мектеп оқушысы және мектепке дейінгі жастағы екі бала бар. Отағасы «Өрлеу» жобасына қатысу үшін 2014 жылғы маусым айында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласқан. Ол кезде отағасы жұмыссыз, жұбайы үш жасқа дейінгі баланы күту бойынша демалыста болған. Отбасы мемлекеттік атаулы көмек алушы болып, жалпы табыс мөлшері 24 924 теңгені құраған. Жоба аясында отбасын белсендендіру жөнінде әлеуметтік келісім-шарт бекітілді. Яғни, ұсынылған жұмысқа және алатын ШАК қарамастан, көмек алушының экономикалық дербестігін нығайту үшін бір жыл ішінде отбасы табысы қайта есептелмейді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бағыттауымен отағасы «Млат» ЖШС жұмысшы боп тұрып, жалақысы 60 мың теңге боп бекітілді. ШАК мөлшері бір адамға 7 268 теңге, жалпы отбасына 43 606 теңгені құрады. Қараша айында отағасының жалақысы ұлғайтылып, 97 500 теңгеге жетті. Жалпы, жоба басталғалы бері отбасының айлық табысы 148 811 теңгені құрады, оның ішінде отағасының жалақысы – 97 500 теңге, көпбалалы ана ретінде жұбайының әлеуметтік жәрдемақысы – 7705, ШАК – 43606 теңге. Жобаға қатысуының арқасында отбасының материалдық жағдайы елеулі түрде жасарды. Коммуналдық қызметтер бойынша қарыздары қысқарды.