Білімі: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, химия факультеті
Хобби:Жаңа пайдалы өнімдер қатарын көбейту
Өмірлік ұстанымы:Өз игілігің үшін еңбек етсең, халықтың да игілігі артады
Шымкенттік ғалым, химия ғылымдарының кандитаты, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің "Тамақ инженериясы және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі" кафедрасының доценті Сәуле Мұсаева "Айсәуле" атауымен қыз-келіншектерге арнап табиғи өнімдерден жасалған маска, крем, сабын, сусабын секілді оннан астам өнім шығарады.
- Сәуле Әжіханқызы, табиғи өнімдерден жасалған масканы шығару идеясы қалай келді?
- Жас ұлғайған сайын адамның бет терісі де көп күтімді қажет етеді. Білім саласында еңбек еткен соң Оңтүстік өңірінде өсетін өсімдіктерді, дәрілік шөптер мен дәнді-дақылдарды үнемі зерттеп жүрдім. Қырық жастан асқаннан кейін уақыт салған бетімдегі ізбен күресіп, жас қалпында қалай сақтап қаламын деген ой мені ойландыратын. Бетімнің терісі құрғақ, ешбір крем, маска жақпайды. Содан 2009 жылы табиғи шөптерден өзіме керек өнімді жасап, жаға бастадым. Біраз уақыт өткеннен кейін бет-жүзімдегі өзгерісті байқаған құрбыларым, әріптестерім қызығушылық таныта бастады. Сосын масканы басқа адамдарға жағып, ғылыми тәжірибе жасап көруім керек болды. Сіңлімнің жақын құрбысы дәл сол кезде жаңадан монша ашып жатқан. Маған косметикалық кабинет жасақтап берді. 2 сағат барып, қыз-келіншектердің беттеріне өнімімді күнделікті жағып жүрдім. Бет терісіне жақпаған шөптерді, дәнді-дақылдарды алып тастап отырдым. Екі жылдан кейін менің қолымда масканың дайын формуласы болды. Тапсырыстар көбейді. Сіңлім Зәуре бұл масканы "Айсәуле" деп атап, отандық табиғи өнімге айналдырайық деп ұсыныс айтты. Содан қызу жұмыс басталып кетті.
- Сосын...
- Сосын біз Шымкент қалалық әкімдігі жанынан құрылған «Шымкент-Инновация" орталығына өнімімізді инновациялық жоба ретінде ұсындық. Бұл орталық жаңа технологиялық жобаларды жүзеге асырып, инвесторлар тартумен айналысады. Олар бізге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2013 жылдың қыркүйек айында 3 миллион теңге грант бөлді. Тауарға патент алып, Үрімші қаласынан цехқа қажетті маска жасайтын қондырғылар әкелдік.
- Сіздің өнімдеріңіздің басты артықшылығы неде?
- Біз масканы дәрілік шөптер мен дәнді-дақылдардың ұнтағын белгілі кұрамда Lactobacillusplantarum микроорганизмінде ферментациялау, яғни ашыту арқылы дайындаймыз. Масканың толық дайын болуына 4 күн кетеді. Бұл күрделі технологиялық процесс, ұқыптылықты, шыдамдылықты талап етеді. Маска - мимикалық әжімдерді тегістейді, ағартады, терідегі дақтарды, безеулерді тазалайды. Бетке бір рет жағылған маскадан, бет терісінде екі күн ем жүреді. Яғни тері астындағы өлі жасушаларды сыртқа шығарып, терең тазалап, емдейді. Беттің терісі біртіндеп жасарып, жылтыр пайда болады. Бұл маска құрғақ бетті майландырып, майлы бетті құрғатып, бір қалыпқа келтіреді. Бұдан бөлек күндізгі және түнгі табиғи крем, көз айналасына арналған бальзам және ауыз қуысын шаятын фитошай, ағза тазалайтын және жасартатын шөп шай, салмақ түсіретін шай, сұлыға, сүтке, емдік шөптерге қайнатылған сабын мен сусабын секілді оннан астам өнім шығарудамыз.
- Сұраныс қалай?
- Көп. Еліміздің біраз қаласында біздің таратушы-көмекшілеріміз жұмыс жасауда. Өнімдерді термо-сөмкелермен жіберудеміз. Емдік шөптердің жиынтығынан құралған шөп шайлармен ағзаны тазалап, шетелдің қымбат косметикасынан гөрі табиғи отандық өнімдердің пайдалы екенін түсіне бастады көп жұрт. Біздің өнімдерден бет терісі дұрысталған адамдар ауылдардан, басқа қалалардан, көрші елдерден хабарласып, алғыстарын жаудырып жатады.
- Ендігі қадамдарыңыз қандай болмақ?
- Наурыздың 26, 27, 28 күндері өтетін «SuluExpo – Астана 2015» атты IX халықаралық Сұлулық индустриясы көрмесіне аттанып бара жатырмыз. Онда әлемнің әр елінен үздік атанған косметика компаниясының өкілдері келеді. Пікірлесіп, тәжірибе алмасып қайтпақпыз. Сондай-ақ басқа қалаларда дүкендер желісін ашу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта таудың етегінен жер алып, өзімізге керек пайдалы шөптерді, дәнді-дақылдарды ексек дейміз. Бұйыртса, "Айсәулені" Қазақстандағы ірі компанияға айналдырғым келеді. Мен бұл масканы барлық қыз-келіншектер сұлу әрі жас болып жүрсін деген шын ниетпен, үлкен махаббатпен жасадым. Өнімдеріміздің бағасы арзан. Өйткені ауылдағы аз айлықпен күн көріп отырған аналардың қалтасы көтере алуы керек. Қазір барлық өндіріс ошақтары автоматты режимге ауысты. Ал біздің еңбеккерлер қолмен жұмыс жасайды. Құрылғылар алдыртуға болады, бірақ мен біраз адамға жұмыс тауып беріп, сол арқылы олардың өсуіне, материалдық жағдайының жақсаруына үлес қоссам деймін.
- Идеясы бар, бірақ кәсіп бастауға тәуекел ете алмай жүргендерге айтарыңыз бар шығар?
- Әрбір істі жоспарлау керек, сосын қорықпау керек. Армандай беріңіздер, бір күні ол мақсатқа айналады. Қазір бизнес бастағысы келетін адамдарға мүмкіндік көп. «Кәсіпкерлер палатасына», «Дамуға» барсын. Көмектеседі. Ізденісін тоқтатпай, жұмыс істесе болғаны. Осы уақытқа дейін тек ғылым жолында жүргендіктен курстарға қатысып, кәсіпкерлік туралы танымымды кеңейтуге тура келді. Шымкентте «Бизнес кеңесші», сіңлім әрі серіктесім Зәуре Астанада «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» атты бағдарламасы бойынша оқып білім алып қайтты.
Сұхбаттасқан Әйгерім Бегімбет "7"