Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz - Бүкіл әлемде жиырмадан астан мемлекет қолма-қол ақшадан бас тартып жатыр. Әйтсе де, бүгінгі басылған ақшаның көлемі 60 трлн долларды құрайды. Бұл туралы Kapital.kz хабарлады.
Ғаламдық масштабта қолма-қол ақшадан бас тартушылардың қатары көбейген. Бірақ бұл күресте әзірге дәстүрлі қаражат алда келеді. Мысалы, MasterCard мәліметтері бойынша тұтынушылық транзакицялардың 85 пайызы қағаз купюралар арқылы жүзеге асырылады.
Дегенмен, көптеген сарапшылардың пікірінше, қолма-қол ақшаның болашағы бұлыңғыр. Ресей Сбербанкі басқармасының төрағасы және президенті Герман Греф алдағы 5 жылда қолма-қол ақша дағдарысқа ұшырауы мүмкін, ал Ресейге ол үшін тағы бір 10 жыл керек деп есептейді.
Қолма-қол ақшамен күресіп жатқан мемлекеттердің бірі Тайвань. Наурыздың басында бұл мемлекет жылжымайтын мүлікті, қымбат бағалы көлік пен құнды әшекейлер сатып алғанда қолма-қол ақшаны пайдалануға тыйым салды.
Үндістанда белгілі-бір купюраларды қолданыстан шығарып тастаса, Пәкістан мен Венесуэлада қолма-қол ақшамен есептесуге шектеу қойылған. Еуропа елдері мен АҚШ-та бұл шектеу 1 мыңнан 20 мың долларға дейін жетеді.
Осыған дейін, Қазақстандықтардың қолма-қол ақшадан бас тартуға әлі де дайын емес екендіктерін жазған болатынбыз. Сарапшы бұған көлеңкелі сауда, халықтың толықтай жұмыспен қамтамасыз етілуі және картамен төлеу инфрақұрылымдарының дамымағаны себеп болып отыр деген еді.