Қазақстандықтар мемлекеттік кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі шаралар туралы толық білмейді. Экономикалық зерттеу институты мен Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебінің сарапшылары осындай мәлімдеме жасады.
Екі жақ "Жаһандық кәсіпкерлік мониторингі: Қазақстан 2015/2016" атты есеп дайындады. Авторлардың сөзінше, өткен жылы бүкіл ел бойынша 36 сарапшы және 2100 респондент қатысқан.
"Зерттеу көрсеткендей, 25 жылда Қазақстандағы қоғамның кәсіпкерлерге деген көзқарасы өзгерген. Қоғамдық санадағы іскерлік ортаның адамдарын негатив жағынан көрсететін стереотиптер бұзылған. Бүгінде кәсіпкер жоғары әлеуметтік статусқа ие тұлға ретінде қабылданады. Қазақстандағы респонденттердің 68,9%-ы кәсіпкерлікті жаңа мүмкіндік ретінде қарастырады. 52,1%-ы бизнесін ашуға мүмкіндіктері бар екендігін айтады. Тұрақты кәсіпкерлердің көпшілігі жастар, 25-34 жасындағылары - ең белсенді өкілдер", - деп мәлімдеді Назарбаев Университетіндегі Жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры Әсел Обалиева.
"Қазақстандағы кәсібін енді бастаған кәсіпкерлердің басым бөлігі бөлшек және көтерме сауда секторында (46,6%), ауыл шаруашылығында (11,4%), денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару және әлеуметтік қызмет (17,6%) саласында жұмыс істейді", - деп атап өтті ол.
Алайда Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары Динара Ақылбекованың мәлімдеуінше, қызметін енді бастаған кәсіпкерлердің үлесі басым көтерме және бөлшек сауда секторы экономикалық құлдырауға бейім. Жас кәсіпкерлердің көпшілігі жұмыс бастаған күннен бастап 5 жыл аралығында қызметкер жалдауды көздемейді, бұл көпшілігі ертеңгі күніне сенімсіз дегенді білдіреді.
"Сұралғандардың 75%-ы кәсібін бастау кезінде қорқыныш сезінетіндіктерін мойындады. 8%-ы бизнес бастауды енді ойлап жүргендерін және тек 3%-ы ғана жеке кәсіп иесі екендіктері айтады. Бұл кәсіпкерлік белсенділігінің төмен екендігін немесе бизнес ашу мүмкіндігі төмен екендігін білдіреді. Респонденттердің жартысына жуығы іс жүргізу тиімсіз болуына байланысты қызметін тоқтатты", - дейді ол.
Ал "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың сөзінше, елдегі кәсіпкерлік белсенділігі артып жатыр. "Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам бизнеске түрлі мақсатта қолдау көрсететін институттар бар. Бірақ барлық жерде ереже мен талап әртүрлі, кәсіпкерлерге таңдау жасау қиын", - дейді ол. ҰКП мен ұлттық экономика министрлігі жүргізген зерттеу бойынша, елдегі кәсіпкерлердің 4%-ы ғана мемлекеттік қолдауы туралы мәліметтерден хабардар.
Астаналық кәсіпкер Марсель Мұратов зерттеу қорытындыларымен келісіп отыр. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау шаралары кең көлемде насихатталмайды. "Барлығы қаржыландыру туралы "Даму" қорына бару керектігін біледі. Ал оның талаптары кәсіпкерге ыңғайлы болмаса немесе кредит беруден бас тартса ше? Адамдар мұндай жағдайда қайда бару керектігін білмейді. Назар аудару керек тағы бір нәрсе бар. Адамдар жеке тұлғаларға демеуші ретінде өтініш жасауға асықпайды, көпшілігі идеямды ұрлап алады ма деп қорқады. Сондықтан адамдарға бизнес-идеяны патенттеу туралы түсіндіру керек", - деп атап өтеді ол.
Бизнес-тренер Медер Ахметов аймақтардағы шағын және орта бизнестің жағдайын зерттеп көрген. "Ауылды жерлерде ақпараттық аштық бар. Оларға қаржылай қолдаудан бұрын, жалпы бизнестің қалай жасалатындығын түсіндіру керек. Яғни адамдарға елдегі мүмкіндіктер туралы кеңірек айту керек", - дейді ол.