Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Қазақстан экономикасындағы мәселелерден елдің банк секторы жапа шеккенін айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы екі ірі қаржы институтының арасындағы келіссөзге қатысты пікірін білдірді.
2016 жылды қаржы институттары өте ауыр жағдайда бастап, тап сондай жағдайда аяқтаған. Бұған, оның пікірінше, экономикадағы маңызды секторлардың – өндірістің, сауда мен құрылыс саласының тұралап қалғанына байланысты халықтың сатып алу деңгейі айтарлықтай төмендеуі себеп болған. Үміт Шаяхметова мемлекет пен Ұлттық банктің аталған секторды сауықтырып жатқанын қолдайтынын, бірақ қазіргі сауықтыру шаралары 2010-2011 жылдары жүргізілу керек болғанын жеткізді.
Қаржы институтының төрағасы банк секторының қиын жағдайға тап болғанын, онда бұрынғыдай ірі акционерлердің жоқтығын айтты. Дегенмен, төраға Халық банктің жылдық көрсеткіштері өзі күткеннен біршама жоғары болғанын баяндады.
- Халық банктің таза табысы 2015 жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға артып, 131,4 млрд теңгеге өсті. 2017 жылы банктің таза табысы 140 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін. Капиталдың қайтарымдылығы 20 пайыз шамасында қалады, - деді банк төрағасы.
2017 жылы көрсеткіштердің қалай өзгеруі мүмкін екенін болжаған банк төрағасы көрсеткіштердің жақсаратынын жеткізді. Бірақ Халық банк пен Қазком бір шешімге келсе, банктің 2017 жылы «активтер мен капитал табысы өседі» деген болжамы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.
Жалпы, екі ірі қаржы институтының арасындағы қызу талқыланып жатқан келіссөз туралы сұрағымызға банк төрағасы «әлі нақты ештеңе айталмаймын» деп жауап берді. Бірақ екі қаржы институтының арасындағы процеске мемлекеттің араласуынсыз нүкте қойылуы мүмкін емес екенін мәлімдеді.
- Біз өз ұстанымымызды нақты айттық. Тағы да қайталаймыз: БТА банктің проблемалы кредиттері Қазком есебінен өтелмей жатып, бір мәмілеге келу мүмкін емес, - деді төраға.
Ал бүгін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Қазком мен Халық банк арасындағы келісім-шартқа қатысты тәуелсіз тексеру жүргізілетінін хабарлады.
- Қазкомның кредиттік портфелінің 50 пайыздан астам үлесі БТА банкіне тиесілі. Ең алдымен БТА Банктің активтерін Казкоммерцбанктан ажырату керек. Бұл «Проблемалық кредиттер қоры» араласуын қажет етеді. Одан әрі активтер мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларының айналымында болады. Ал екіжақты келісімге қатысты ақпарат тәуелсіз тексеру нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады, - деді төраға орынбасары.
[caption id="attachment_64290" align="alignnone" width="720"] Фото: forbes.kz[/caption]Естеріңізде болса, Қазкоммерцбанк 2 наурызда Халық банкке акциялардың бақылау пакетін сату жайлы өзара келісім туралы меморандумға қол қойылған. Бірақ Халық банк төрағасы бұл келіссөз сәтті аяқталады деген сөз емес екенін, қаржы институтының шарттары орындалмаған жағдайда ештеңе іске аспайтынын жеткізді.
- Заң тұрғысынан алғанда екі банктің «бірігуі» туралы әңгіменің болуы мүмкін емес. Себебі, бұл үлкен әрі басқарылуы қиын жүйенің қалыптасуына әкеп соқтырады. Екі банк те өз бетінше жұмыс істеп жатыр. Қазкоммерцбанктің қызметін тоқтатуға ниеттеніп отырғанымыз жоқ. Яғни, Қазкомға капиталымызды салып, бақылаушы акцияларын ғана иеленеміз. Қазір капиталға қанша қаржы құю керектігі арнаулы жүйе негізінде анықталып жатыр, - деді ол.
Қазком мен Халық банк арасында келіссөз іске асқан жағдайда депозит салымшыларының жағдайы қалай болатыны туралы сұраған басылымға банк төрағасы «салымшылар қам жемесін, депозиттерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ» деп жауап берді. Бірақ салымшыларға банкті таңдау кезде абай болуды ескертті.
- Жеке я заңды тұлға ретінде салым салуды көздесеңіз, таңдаған банкіңіздің тәуекел деңгейіне мән беріңіз. Қауіп деңгейін анықтау үшін пайыздық мөлшерлемеге қараңыз. Депозиттер пайызы жоғары болса, банктің қаржылық мәселелері бар деген сөз. Яғни банктің табысы азайып, көбірек қаржы тартуды көздеп отырғанын білдіреді. Қауіп деңгейі төмен болған сайын, депозит пайызы да түсе береді, - деді ол.
Үміт Шаяхметованың айтуынша, ҚКБ-тің бақылау пакеті тиесілі Кеңес Рақышев банкті сату жөніндегі ұсынысты өзі жасаған.
Айта кетейік, екі банкке Қазақстанның банк жүйесіндегі активтердің 37 пайызы тиеселі. Акциялары Лондон мен Алматы қор биржасында сатылатын Халық банкінің 1,7 миллиард доллар нарықтық капиталдандыруы бар. Ал Қазкомның нарықтық капиталдандыруы 542 миллион долларға тең.