Саяси әлем картасының қызу нүктесі Таяу шығыс дағдарысы - соңғы уақытта ең үлкен гуманитарлық апат тудырған құбылыс. Біздің еліміз Сириялық босқындарды қабылдап жатқан Түркия, Иран мен Иорданияға 2012 жылы 700 мың доллар қаражат аударған, 2016 жылдан бастап гуманитарлық көмек көрсету қайта жалғасты. 2011 жылдан бері Сириядағы қақтығыс кезінде Қазақстаннан басқа әлем елдерінен кімнің қандай көлемде гуманитарлық көмек көрсеткені туралы Екатерина Чулковскаяның материалын ұсынамыз.
Ең көп босқынды қабылдаған да, оларға ең көп қаржы бөлген де Еуроодақ елдері, АҚШ пен Ресей тек гуманитарлық көмекпен шектеліп отыр. Ресей АҚШ-қа қарағанда аз қаржы жұмсайды және жапа шеккен сириялықтарға паналайтын орын берер емес.
БҰҰ келер жылғы бюджетін жоспарлау барысында халықаралық донорларға гуманитарлық қызметі үшін 22,2 млрд доллар беру туралы өтініш жасады. Бұл ұйым тарихында ол сұрап отырған ең үлкен сома. БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық көмек бойынша орынбасары, Төтенше жағдайлардың координаторы Стивен О’Брайеннің айтуынша сұратылып отырған сома әлемнің 30 еліндегі бас-аяғы 93 млн адамға көмек көрсету үшін қажет.
БҰҰ гуманитарлық көмекке ең көп қаражат жұмсайтын елдердің бірі – Сирия. Ондағы қақтығыстың кесірінен 13,5 млн адам қиын жағдайда қалды. Олардың 4,8 млн босқынға, тағы 6,3 млн ішкі қоныс аударушылардың қатарында. Сириядағы дағдарыс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі босқындарды тудырған ең үлкен дағдарысқа себеп болып отыр. БАҚ-тағы «Еуропаны қаптап кеткен сириялықтар» туралы жиі кездесетін тіркестерге қарамастан, ең көп ауыртпалықты негізінде Сириямен көршілес жатқан Туркия, Ливан, Иордания және Ирак сезініп отыр. БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша Агенттігінің 2016 жылдың соңында көрсеткен мәліметтеріне сенсек, ең көп сириялық босқындар онымен шекаралас жатқан Түркияда (2,7 млн адам), Ливанда (1 млн адам), Иорданияда (655 мың адам) екен. Сонымен бірге, Египетте 100 мың адам, Иракта 25 мың сириялық азамат бас ауып жүрген көрінеді. Бұл аймақтан тыс ең көп сириялықтар орныққан жер Германия (300 мың адам) мен Швеция (100 мың адам) болып отыр.
Ал Сирияда қалған басқа адамдар көбіне БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың есебінен күн көріп жатыр. Бірақ әлемнің басқа да елдері белгілі бір қорлар арқылы ғана емес, тікелей жергілікті үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар арқылы да көмек береді.
Қаражаттың көп бөлігі Сирия мен осы аймаққа көмек көрсететін донорлар конференциясында жиналады. Осы уақытқа дейін осындай конференцияның төртеуі өткізілді: Ол 2013 жылы 1,5 млрд доллар, 2014 жылы 2,4 млрд доллар, 2015 жылы 3,8 млрд доллар жинаған. Ал 2016 жылдың 4 ақпанында Лондонда Ұлыбританияның, Германия, Кувейт, Норвегия және БҰҰ-ның төрелігімен өткен соңғы конференцияда 12 млрд доллар жиналды: 2016 жылға – 6 млрд доллар, 2017-2020 жылдарға – 6 млрд доллар.
Еуроодақ
Егер жеке-дара көмек көрсетіп жатқан елдерге келер болсақ, ең үлкен материалдық көмекті ЕО елдері көрсеткен екен. 2011 жылдан бастап олар ең көп сириялық босқын қабылдаған мемлекеттерге (Түркия, Иордания, Ливан, Гипет және Ирак) 6,4 млрд еуро бөлінген. Оның ішінде ең көп қаражат бөлген - Германия 1,3 млрд еуродан жоғары (2016 ж. соңындағы мәліметтер).
ЕО елдері гуманитарлық қажеттіліктерден бөлек сириялық босқындарды қабылдау арқылы көмек көрсетуде. Қазіргі таңда ЕО елдері 884 мың адамды қабылдады. Олардың 64%-ын Германия мен Швеция өз панасына алған.
АҚШ
АҚШ Мемдепартаментінің 2016 жылғы қыркүйектегі мәліметтеріне сүйенсек, Сирия дағдарысы пайда болғалы бері гуманитарлық қажеттілікке 5,9 млрд доллар қаржы бөлген. Мұның ішінде сириялықтарға көмек көрсететін түрлі ұйымдарға төленген жарна да бар. Бірақ одан шыққан босқындарды қабылдауға АҚШ ықылас танытпай отыр. Сириядағы қақтығыс басталғалы бері ол тек 12 мың босқын қабылдаған. Сонымен бірге, осы жылдың тамыз айында ЕО елдері қысым жасаған соң ғана АҚШ президенті Барак Обама 2016 жылдың соңына дейін тағы да 10 мың сириялықты қабылдауға уәде берген.
Парсы шығанағы елдері
Парсы шығанағының бай монархтары бір емес бірнеше рет батыс елдері мен әлемдік БАҚ жағынан сынға ұшыраған еді. Себебі олар босқындарды мүлдем қабылдап отырған жоқ және Сирия мемлекетіне де, оның азаматтарына да ешқандай көмек көрсетпеді, керісінше, сириялық оппозицияға әскери көмек көрсету үшін қаражатын аяған емес. Amnesty International Катар, ОАЭ, Сауд Арабиясы, Кувейт және Бахрейнді қосқандағы Парсы шығанағындағы елдер, Сирия қақтығысының басынан бері босқындарды орналастыру үшін ешқандай орын бөлген емес дейді.
Мұндай сынға шығанақтағы елдер «сириялық бауырларын» босқын емес, қонақ ретінде қабылдап жатқанын және қатығыс басталғалы бері мыңдаған сириялық Парсы шығанағында орныққанын айтқан еді. Бірақ ондағы сириялықтар туралы ешқандай нақты мәліметті кездестірмейсіз. Негізінде жекелеген мемлекеттер белгілі бір мөлшерде ғана босқын қабылдай алатынын мәлімдеген. Оның ішінде Біріккен Араб Әмірлігі қыркүйекте алдағы 5 жылда 15 мың сириялықты қабылдайтынын жариялады.
Ал Парсы шығанағы елдері Сирияға көрсетіп жатқан гуманитарлық көмекке келер болсақ, Кувейт 2011-2015 жылдар аралығында 900 000$ берген, Сауд Арабиясы 700 000$, ал ОАЭ 2011-2016 жылдар аралығында 750 000$ қаржы бөлген.
Ресей
Ресей гуманитарлық көмекті Дамасктағы үкімет арқылы да, халықаралық ұйымдар арқылы да көрсетіп отыр. БҰҰ Сириядағы азаматтық соғыс басталғалы бері Ресей гуманитарлық көмекке 52 млн доллар жұмсаған дейді. 2015 жылы билік Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуге 2 млн доллар бөлуді тапсырған.
Сирия 2012 жылдан бері Төтенше жағдайлар Министрлігі (ТЖМ) арқылы Ресейден тұрақты түрде гуманитарлық көмек алып отыр. РФ СІМ Баспа және Ақпарат департаментінің мәліметінше, ТЖМ 2013-2015 жылдар аралығында Сирияға және оған көрші Ливан мен Иорданияға 35 рет рейс жасап, 600 тонна гуманитарлық жүк тасымалдаған. 2016 жылы рейстер жалғасып отырған. Желтоқсанда Ресейдің ТЖМ-і Сирияның Алеппо ауданына 75 медициналық қызметкері бар аэромобльді госпиталь жөнелткен.
[caption id="attachment_58572" align="alignnone" width="460"] РФ ТЖМ[/caption]Бірақ Ресей босқын қабылдамайды. Одан бөлек, мұнда соғыс басталғанға дейін келген сириялық азаматтардың босқын статусын алуы немесе уақытша саяси панаға ие болуы сирек кездесетін жағдай. Азаматтық көмек Комитетінің «Ресейдегі сириялық босқындар» хаттамасына сәйкес, 2011-2015 жылдар аралығында босқын статусын беруге 2011 сириялық азамат өтініш білдірген, бірақ оныі біреуі ғана осы статусқа ие болған. Уақытша пана беруді сұраған 4462 сириялықтың 3306 адамы ғана оған ие болған.
2017 жылдың наурызында Сириядағы азаматтық соғыстың басталғанына 6 жыл толады. Сол мерзімге дейін бұл қақтығыстың шешімі табылмаса, ондағы гуманитарлық жағдай одан әрі ушығып, ірі көлемдегі қаржының өзі төніп келе жатқан гуманитарлық апатты қайтара алмауы мүмкін.