Тұлпар-Тальго пойызының бизнес-класына тегін тамақтандыру жүйесі енгізілмек
"Тұлпар-Тальго" пойыздарында қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді деп хабарлайды "Қазақстан Темір Жолы" ҰҚ АҚ-ның баспасөз қызметі.
Сәуір айынан бастап "Тұлпар-Тальго" пойыздарында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырудың кешендік жоспарының бірінші кезеңі бастау алды. Осы бағыттағы жұмыстар 2017 жылға дейін жалғасатын болады. Аталған пойыз қызметкерлеріне қойылатын талаптар да күшеймек. Атап айтқанда, "Бизнес", "Гранд" вагондарының жолсеріктерінің жоғары білімдерінің болуы мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білулері міндетті болады. Мұның барлығы қызмет көрсетудің заманауи талаптарына сәйкес болу үшін жасалып жатыр.
"Қазіргі таңда жолсеріктер арнайы білім беру орталықтарында ағылшын тілін оқып жатыр. Одан бөлек, мәдениет, қызмет көрсету стандарттары, сырт келбеті, лингвистика, көшбасшылық, шиелініскен жағдайларды шешу жолдарын үйрететін кәсіби тренер-консультанттар сабақ беруде", - дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның баспасөз қызметі. Және жолсеріктердің еңбек ақыларын 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен 50 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр.
"Тұлпар-Тальго" пойызының "Бизнес"және "Гранд" класының жолаушыларының барлығына тегін тамақтандыру жүйесін енгізбек. Мәзірде кем дегенде тамақтың 4 түрі болады. Пойызға ішкі Wi-Fi желісін тарту да жоспарда бар. Ол желі арқылы ойын-сауық порталдарын тамашалауға, лицензияланған фильмдерді онлайн көруге, музыкалық бағдарламалар, ойындар, жаңалықтар лентасы, ұжымдық жаңалықтар және жарнама көруге мүмкіндік беріледі.
"Сонымен қатар, "Бизнес" және "Гранд" класының жолаушыларына жолға арналған заттар жинағы беріледі. Яғни, оның ішінде тіс пастасы, тіс тазалағыш, тәпішке, тарақ, салфетка беріледі. Балаларға, сәйкесінше, жинақтар беріледі. Астана, Алматы және өзге де облыс орталықтарында такси шақыру жүйесі де қосылады", - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.