Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тұтынушылардың коммуналдық қызметке берешек қарыздары 11 пайызға төмендеді

Тұтынушылардың коммуналдық қызметке берешек қарыздары 11 пайызға төмендеді

Алматы. 26 желтоқсан. 7kun.kz – Қазақстанда тұтынушылардың коммуналдық қызметке берешек қарыздары 11 пайызға төмендеді. 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы Қазақстан Республикасының барлық өңірінде тұрақты режимде жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымына қатысты Үкімет отырысында жасаған баяндамасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Министрлік жылу беру, сумен жабдықтау және су тарту желілеріндегі технологиялық ақауларды болдырмау мақсатында жылу беру маусымының барысын қадағалап отыр.

«Жылу беру маусымы басталғалы бері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету коммуналдық жүйелерінде 45 технологиялық ақау тіркелді. Оның ішінде: жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (СҚО - 5, ШҚО – 1, Павлодар – 3,Алматы қ. – 1, Қарағанды – 1); сумен жабдықтау желілерінде – 34 (Астана қ. – 26, Қостанай – 3, Павлодар – 2, Қарағанды – 1, ШҚО – 1, Атырау - 1). Әкімшіліктер технологиялық ақауларды қысқа мерзімде жөндеді», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Осыған орай, министр өңір әкімшіліктері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін бақылауды күшейтулері керектігін және жылыту кезеңінде болатын мереке күндері жауапты тұлғалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастырулары қажеттігін айтты.

Министрдің дерегі бойынша, жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық берешегі 14,5 млрд теңгені құраған. Қазір бұл сома 11 пайызға төмендеді.

«Қазіргі уақытта қарыз 12,9 млрд теңгені құрайды. Яғни, 1,6 млрд теңгеге төмендеді. Қарыздың ең көп мөлшері Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында сақталып отыр», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

2017 жылы жылу беру маусымына дайындық 1 мамырдан басталды. Сол кезде 43,5 млн тоннадан астам көмір тасымалданды. Бұл жоспардың 98 пайызын құрайды.

 

Похожие материалы