Экономика
Балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын қазақ тіліндегі тұңғыш кітап жарыққа шықты
Бүгін С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында "Бай балақай" атты балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған кітаптың таныстырылымы өтті.
«Бай балақай» кітабы – қаржылық сауаттылық көтерудің әліппесі болып табылады. Ол балалардың болашақта өз қаражатын тиімді басқарып, орынды жұмсауына үйретеді. Есеп шығару қабілетін шыңдап, өз бетінше дұрыс шешім қабылдай білуге тәрбиелейді.
Кітап 4000 данамен жарыққа шыққан. Қаржы әліппесінің теориясымен қатар, балалардың өз
білімін тексеруіне арналған тәжірибелік тапсырмалар, есептер, қаржылық ойындармен қамтылған.
"Кітаптың маңызы, мәні болашақ ұрпақ балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Қазіргі балалар ақшаның қадірін түсіне бермейді. Біздің мақсат сол олқылықтың алдын-алу болды."Бал-балақай" кітабын әзірлеу барысында алматылық отбасыны таңдап алып, оларға кітапта жазылған қаржылық есептер ойындар, тапсырмалар бойынша тәжірибе жасалды",-деп атап өтті шара барысында кітап авторы Нұрболат Аманжол.
Оның айтуынша кітап "Kaspi Bank" АҚ "Қаржы мәдениеті" бағдарламасы аясында жарыққа шыққан.
Қазіргі кезде "Қаржы Мәдениеті" бағдарламасы аясында жарияланған гранттар конкурсы шеңберінде жалпы саны 20-ға жуық жоба жүзеге асырылуда. Біз әртүрлі мақсаттағы жобаларды қарастырдық. Ересектердің, балалардың, мүгедектердің қандай-да бір себептен білім ала алмайтын жандардың қаржы сауаттылығын арттыруға көмектесіп тегін білім беруді мақсат етіп отырмыз. Солардың бірі бүгінгі кітап",-дейді "Kaspi Bank" АҚ Қоғамдық пікірмен жұмыс басқармасының бастығы Сәкен Нигмашев.
Аталған кітап енді кітапханаларға тегін таратылмақ. Бүгін алғашқы 200 данасы С. Бегалин атындағы кітапханаға сыйға берілді. Келесі аптадан бастап аталған кітапханада кітап негізінде балаларға арналған кездесулер ұйымдастырылмақ.