Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тәжікстанда әскерилер төңкеріс жасамақшы болды

Тәжікстанда әскерилер төңкеріс жасамақшы болды
Кешелі бері  Тәжікстан астанасы  маңынан маза кетіп тұр. Елдің Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор  Абдухалим Назарзода бастаған террористік топ Душанбе маңында қарулы қақтығыс ұйымдастырған. Кейбір БАҚ-ның жазуынша генерал-майор төңкеріс ұйымдастыруға талпынған. БАҚ-ның жазуынша оқиға былай болған. 4 қыркүйек күні түнгі 2 шамасында Назирзоданың тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің бас әскери инспекторы полковник Умаров 100 адамнан асатын сарбазбен әуежай маңындағы коменданттық полкке қарасты күзет батальонын қарусыздандырған. Бұдан кейін, қолға түскен қару-жарақты тиеген топ Душанбеге беттеген. Алайда жоспарлары белгілі болып қалғанын сезіп, Вахдат елдімекеніне қарай бұрылған. (Кейбір деректерде Қорғаныс министрлігінің ғимаратына шабуыл жасаған) Душанбеден шыға берісте бұларды қарсы алған милициялық жасақпен қақтығысып, қырып салған. Бұдан әрі Вахдатда жергілікті милиция бөлімшесіне шабуыл жасаған. Алайда милиция жасағының алдын-ала ақпары болған, әрі көмекке әскери және милициялық арнайы жасақ келгенгендіктен террористік топ бой тасалауға мәжбүр болған. Әлі толық емес деректерге сүйенсек милиция мен милицияның арнайы жасағының 17 адамы оққа ұшқан. Ал, террористік топтың 13 мүшесі оққа ұшып, 32-і ұсталған, 500 дана қару-жарақ тәркіленген. Сондай-ақ бірнеше көліктері, құпия қару-жарақ қоймалары табылған. Сондай-ақ, "қанды генералдың" Душанбеде тағы 9 сыбайласы өлтіріліп, 8-і ұсталған. Тағы бір деректерде Назарзоданың операция басталғанға дейін қатарына қосылудан бас тартқан 25 адамды атып өлтіргені айтылады. БАҚ жазуынша қазіргі кезде Назарзода бастаған 135 адамнан тұратын топ Душанбеден 45 шақырым жердегі Рамит шатқалына бекінген. Кейбір БАҚ генералдың қасында 10-ға жуық адам ғана қалғанын жазуда. Шатқал қоршауға алынып, Қорғаныс министрлігі, ІІМ мен ҰҚҚ бірлескен операция жүргізуде. Абдухалим Назарзоданы ел президенті "қылмыс жасағаны" үшін қызметінен босатты. БАҚ Қорғаныс министрінің экс-орынбасарын Тәжікстандағы исламды оралту партиясының мүшесі деп жазуда. Алайда 31 тамыз күні жұмысына ресми түрде тиым салған партия өкілдері бүгін "қанды генералдың" партия мүшесі еместігін ресми түрде мәлімдеді. Бұған дейін "Контент" саяси сараптама орталығының директоры Зафар Абдуллаев билікке жұмысын тоқтатқан соң бұл партия мүшелері астыртын күреске көшіп, лаңкестік әрекеттер ұйымдастыруы мүмкін екендігін айтқан еді. Назарзоданың өзі бірлескен тәжік оппозициясының бұрынғы сарбазы. 1997 жылы Тәжікстандағы бейбітшілік пен ұлттық келісімді орнату туралы жалпы келісімге сәйкес үкіметте оппозция мүшелеріне 30 пайыз орын берілген еді. Назарзода сол келісім аясында Қорғаныс министрлігіне келген. Қазіргі кезде Душанбеде қала көшелеріне блокпостар қойылып, шетелдік елшіліктер маңында қауіпсіздік шаралары күшейген. Нақты емес ақпараттар бойынша таңертең Назарзоданың сыбайластары АҚШ елшілігіне шабуыл жасаған.

     

Похожие материалы