Алматы. 27 қаңтар. 7kun.kz - Ұлттық Банк жалған теңгені анықтау үшін «Сезін-қара-аударып көр» әдісі бар екенін айтты. ҚР Ұлттық Банктің Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Тоғжан Әбішеваның сөзінше, банкноттың түпнұсқалығын анықтау оңай.
«Алдымен банкнотты сезіну қажет. Банкнот қағазы ерекше шытырлайды. Бұл банкнотты шығаруға жасалған арнайы қағаз. Барлық банкнотта өзіне бедер беретін арнайы мөр қойылған. Бұл – саусақтың ұшымен жақсы ажыратуға болатын шығыңқы жоғары бедерлі элементтер», – деді Т. Әбішева.
Банк өкілінің айтуынша, банкнотқа мұқият қарау қажет. «Алдымен қараған кезде ақша белгісі таза, айқын, лас емес пе, дақтар немесе аққан бояулары бар ма деген сияқты жалпы әсер қалыптасады. Банкнотты жарыққа тосып қараған кезде көп ақпарат алуға болады, бұл сутамғы белгілеріне қатысты. Сол сияқты қағаздың бетінде жарыққа тосып қараған кезде жазуы бар тұтас жіп ретінде көрінетін және пунктирлер – тұтас магнитті және үзік-үзік (металл) жіпті көруге болады»- деді Тоғжан Әбішева.
Ұлттық Банк өкілінің түсіндіруінше, теңгенің жалған екенін анықтауға болатын соңғы әдіс – «Аударып көр». «Банкноттарда түсі өзгеретін арнайы бояумен салынған бейнелер болады, банкноттарды аударған кезде немесе көлбеу бұрышын өзгерткен кезде олардың түсі жасыл түстен алтындатылған түске дейін өзгереді. Әңгіме СПАРК элементі жайында болып отыр», – деді ол.
Т. Әбішеваның айтуынша, «Сезін-қара-аударып көр» әдісі қарапайым адамның банкноттың түпнұсқалығын арнайы жабдықсыз анықтауы үшін жеткілікті болып табылады.
«Әрине, банкноттарда қорғаныш элементтері көп, бірақ «көзбен көріп» сараптамадан өткізу үшін жоғарыда аталған элементтерге көңіл аударудың өзі жеткілікті», – деп түсіндірді бұл әдісті ол.
Сондай-ақ, Т. Әбішева Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу» 231-бабына сәйкес ақша қаражатын қолдан жасаумен байланысты қылмысты жасағаны үшін мүлкi тәркiленiп, он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделгенін еске салды.