Экономика
Выбор редактора
Терроризмге қарсы қорғаныс жүйесі кәсіпкерлерге тиімді бизнес жүргізуге көмектеседі
Терроризмге қарсы қорғаныс жүйесі кәсіпкерлерге тиімді бизнес жүргізуге көмектеседі. Бұл туралы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың 3 сәуірі күні Үкіметтің «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» қаулысы шыққан еді. Қаулыға сәйкес, халық көп жиналатын нысандар қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс. Оларға сауда алаңдары бар сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық тамақтандыру орындары жатады. Терроризмге қарсы қорғаныспен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар айтарлықтай көп те емес. Бар болғаны телевизиялық бақылау жүйесі мен өртке қарсы қорғаныс жүйесін орнату ғана.
«Сондай-ақ, кәсіпорында нысанның терроризмге қарсы қорғанысы туралы құжат болуы тиіс. Оны міндетті түрде жергілікті ішкі істер басқармасының бастығы мақұлдауы қажет. Құжатты бір аптаның ішінде алуға рұқсат етіледі. Ережеге сәйкес, құжат үш жылда бір рет ауыстырылады», – дейді Палатаның құқық бөлімінің сарапшысы Рахым Жанысов.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның қауіпсіздігі бойынша тексерістен Іле, Жамбыл, Панфилов аудандары мен Қапшағай қаласы өтті. Мәлім болғандай, көпшілігінде бейнебақылау камералары мен нысанның терроризмге қарсы қорғанысы туралы құжаты жоқ болып шықты. Ұйым басшылары бір айдың ішінде олқылықтың орнын толтыруға міндеттелді. Олай болмаған жағдайда, 100 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл төлеуге мәжбүрленеді. Егер кәсіпкер тексерушілердің ескертпесіне екінші мәрте құлақ салмаса, оған 200 айлық көрсеткіш есебіндегі әкімшілік айыппұл салынады.
Көксу ауданы Балпық би ауылындағы «Ауыл» базары бекітілген талаптарды алғашқылардың бірі боп орындады. Базар әкімшісі Қажымұқан Қалиевтің пікірінше, бақылау жүйесі істе өзінің тиімділігін дәлелдеуде.
«Бейнебақылаудың телевизиялық жүйесі базардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етіп қоймайды, сонымен бірге, ұрлық жасау фактілері сияқты заңға қайшы әрекеттердің алдын алады. Соның арқасында базар әкімшілігі бірнеше фактілерді анықтай алды. Сол арқылы біз кәсіпкерлерді қаржылық залалдан құтқардық», – дейді базар әкімшілігінің өкілі.
Палатаның сарапшысы бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтады.
«Негізгі міндет – кәсіпорын басшыларына профилактикалық шараларды ұйымдастыруға көмектесу және заңнаманы сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, өз кәсіпорнын қауіпсіздік жүйелерімен техникалық жабдықтау бойынша шаралар қолдану. Мемлекеттің талаптарын орындау халық пен бизнестің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деп сөзін жалғады сарапшы.
Облыстың қалған аудандарында нысандардың терроризмге қарсы қорғанысын тексеру жұмыстары келесі айдың басында қолға алынады.