ТНТ-дағы «Песни» жобасы аяқталды: көрермендер қазақстандық Назиманы Blackstar лейбліне алуды талап етті
Алматы. 7kun.kz. 3 маусым - Бүгін ТНТ-дағы «Песни» жобасы аяқталды. Өкінішке қарай жүлдеден басты үміткер қазақстандық Назима Джанибекова Тиматидің «фаворитім» деп атағанына қарамастан жеңімпаздар қатарына ілінбеді.
Бірінші орынды Терри атымен таныс Олег Терновой алып, 5 млн рубльге ие болды. Тиматидің командасында финалға шыққан үш әншінің біреуі-Danymuse Тиматидің Blackstar лейблімен шартқа қол қойды. Ал финалға шыққан қазақстандық әнші Назима Джанибекованың финалистер қатарында қалып қойғаны көрермердердің ашу-ызасын туғызған сияқты.
Олар Тиматидің инстаграм парақшасындағы Назиманың финалдағы әні туралы жазбасына жүздеген пікір қалдырған.
«Мен үшін «Беги» ең мықты нөмір және фантастикалық финал! Басынан-ақ, ол мен үшін басты фаворит болған», - деп жазды Тимати.
Ол сондай-ақ, Назиманы шоу кезінде өзін жүз пайыз ашып көрсете алған ең үздік адам екенін жазған.
Жазбаның астына пікір қалдырған көрермендер«егер ең үздік болса, фаворит санасаң неге лейблге алмадың?», - деген сұрақ қояды. Тимати болса жауап жазбаған.
Назима Шымкент қаласында дүниеге келіп, Алматы қаласында өскен. Бұған дейін «Жұлдыздар фабрикасы» шоуына қатысып, кейін қазақстандық топта ән айтқан.