Экономика
Той кортежі жол ережесін бұзғаны үшін Бақытжан Балташев қызметінен кетті
Әкімшілік полиция комитеті басшының орынбасары Бақытжан Балташев Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен қызметінен босатылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Ішкі істер органының берген баянатына сәйкес, полиция полковнигі Балташев Бақытжан Балғабекұлы ІІМ бұйрығымен қызметінен босатылды», – деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Mercedes Gelandewagen маркалы автокөлігінің кері бағытта жүргені туралы видео қоғамда үлкен талқыға түскен еді. Видеоролик әлеуметтік желіде пайда болғаннан кейін полицейлер заң бұзушыларды іздестірген болатын. Нәтижесінде 9 адам әрқайсысы жеті тармақтан тұратын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тергеу кезінде Астанадағы жол қозғалысы ережесін бұзғандар әкімшілік полиция комитеті басшының орынбасары Бақытжан Балташевтың ұлының үйлену тойын атап өтушілер екені анықталды.