Тоқаев: Қарапайым азаматтардың Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге мүмкіндігі болуы тиіс
Нұр-Сұлтан. 27 маусым. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті болатынын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағы үшін осындай міндетті атқаратын мекемелердің бірі саналады.
Мемлекет басшысы АХҚО-ның алдында жетекші қаржы орталығы ретінде өз мәртебесін институционалды тұрғыдан нығайту міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.
Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялық мәселеге мән бере отырып, шетелдік компаниялардың АХҚО-ға тіркелу талабы барынша оңай әрі либералды болуға тиіс екеніне тоқталды. Президент АХҚО-ның шетелдік серіктестермен диалог жүргізуі қажет екенін атап өтті және қаржы реттеушілерімен тығыз ықпалдастық орнатудың маңыздылығын жеткізді. Осы ретте жалпы үйлестіру жұмыстары Үкіметке жүктелді. Сондай-ақ Президент Орталықтың реттеушілік қызметі мен нормативтік-құқықтық базасы дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуы керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын келесі маңызды міндет ретінде атады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.
«Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті. Президент қазіргі құбылмалы жағдайда инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді деген пікір білдірді. Инвесторлар корпоративтік басқару қағидаттары жоғары деңгейде сақталатын, заң үстемдік ететін және халықаралық юрисдикциясы бар алаңдарды іздейді.