Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Трампшылар» мен «брекзитшілер» түсінуі тиіс ащы шындық

«Трампшылар» мен «брекзитшілер» түсінуі тиіс ащы шындық

ЛОНДОН – Британия мен Американың саясаткерлері және жағдайды түсінбестен әлемдік саудаға қатысты комментарий беретін сарапшыларына шынайы ахуалды ескертетін факт: Германияның 2016 жылдағы жалпы импорты мен экспорты туралы мәліметке қарасақ, қазір оның басты сауда әріптесі – Қытай. Ал Франция мен АҚШ екінші, үшінші орындарға сырғыған.

Бұл – таң қалдыратын жаңалық емес. Мен неміс-қытай сауда қарым-қатынасы дами беретіндіктен, 2020 жылға қарай Германияның компаниялары (және саясаткерлері) Қытаймен валюталық одақ құруға ұмтылуы мүмкін дегенді жиі айтып жүрмін.

Бұл, негізінен, Қытайдың Германияға экспортының арқасында жүзеге асып отыр. Дегенмен, Германияның да Қытайға экспорты артып келеді. Соңғы кезде сәл баяулағанына қарамастан, жақын күндері Германияның өзінің ең жақын одақтасы әрі әріптесі Францияға қарағанда Қытайға көбірек тауар экспорттауы мүмкін, қазірдің өзінде оның Қытайға экспорты Италияға экспортынан асып кеткен. Немістер үшін қазір Еуропа елдерінен тек Франция мен Ұлыбритания ғана Қытайдан үлкен экспорттық нарық болып отыр.

Халықаралық сауданы жіті бақылайтындар басты екі ережені жақсы біледі. Біріншіден, екі ел арасындағы географиялық қашықтық артқан сайын олардың арасындағы сауда көлемі де төмендей береді. Екіншіден, әр ел ішкі сұранысы аз кішігірім мемлекеттен гөрі ішкі сұранысы күшті үлкен елмен сауда жасасуға мүдделі болады.

Германияның сыртқы саудасына қатысты соңғы деректер осы екі ережені, әсіресе екіншісін, қуаттап отыр. Үлкен болғанымен, географиялық тұрғыдан шалғай ел кіші елден тек көлемі жағынан ғана емес, түрі жағынан да өзгеше болып келеді. Сауда туралы келісімдер жасасқанда, әсіресе қазір Ұлыбритания мен АҚШ-та күшейіп тұрған саяси атмосферадағы пікірталастар кезінде осы қағидаларды жиі ұмытып кете береді.

Ұлыбританияның Қауымдар палатасы Еуропа одағынан шығу процесін бастау туралы заңды қабылдап қойды, ал Лордтар палатасы заңға Ұлыбританияда тұратын Еуроодақ азаматтарын қорғайтын баптар енгізілуін талап етіп отыр. Өткен айда Лордтар палатасындағы пікірталаста сөйлеген сөзімде мен Брекзит Ұлыбританияның экономикалық саясатына төніп тұрған ең үлкен сын-қатер болмағанымен, оның өнімділіктің азаюы, білім беру, біліктілікті арттыру бағдарламаларының нашарлауы, географиялық теңсіздіктер сияқты мәселелерді қоздыратынын айтқанмын.

Оның үстіне, мен егер Британия Брекзиттен кейін жақсы өмір сүргісі келсе, Қытай мен Үндістаннан өзгеше, мақсатты да амбициялық сауда жоспарын жасауы керек деп ескерткенмін. Өкінішке қарай, Ұлыбританияның Брекзиттен кейінгі сауда стратегиясына ішкі саясат ықпал етіп отыр, олар экономиканың ащы шындығын ескерместен, Австралия, Канада, Жаңа Зеландия сияқты Достастық елдерімен жаңа сауда келісімдерін жасаймыз деп «патриоттық» рухта әрекет етіп жатыр.

Жаңа Зеландия – әдемі ел шығар, бірақ оның ерекше үлкен экономикасы жоқ, оның үстіне ол Британиядан шалғайда жатыр. Шындығында, бастан асатын көп проблемасы болса да, Грекияның экономикасы Жаңа Зеландиянікінен әлдеқайда үлкен.

Ұлыбританиядағы саясаткерлердің көбі, әсіресе Еуроодақтан шығуды жақтағандардың барлығы одақтың ортақ нарығынан кетудің ықтимал шығындарын ескермей отыр. Бірақ ортақ нарықтың көлемі мен оның географиялық жақындығын ескерер болсақ, бұл фактордың өзі назар аударуды талап етеді. Еуроодақтың біраз елімен тығыз сауда қатынасын сақтап қалу Брекзиттен кейінгі Ұлыбритания үшін өте маңызды. Бұл үшін Ұлыбритания әлі де басымдыққа ие болып отырған саласы – қызмет көрсету экспортын сол деңгейде сақтап қалуға тиіс.

Сонымен қатар, Ұлыбритания Қытаймен арадағы бұрынғы премьер-министр Дэвид Кэмерон айтқан «алтын қарым-қатынасты» жаңа деңгейге көтеру үшін жылдам әрекет етуі керек. Ұлыбритания жаңа сауда келісімін жасасуы тиіс жалғыз ел болса, ол – Қытай. Британ үкіметінде қысқа мерзім жұмыс істегенімде мен Кэмеронды Қытайды он жылдың ішінде үшінші ірі экспорт нарығы етуге көндіртуде сол кездегі Қаржы министрі Джордж Осборнға көмектестім. Жаңа үкімет мұны әлі де басымдылық ретінде сақтап отыр ма?

Қытайдан бөлек, Британия Үндістанмен, Индонезиямен және Нигериямен сауда қатынасын арттыруға күш салуы керек. Бұлардың барлығы – алдағы онжылдықтарда әлем экономикасына үлкен ықпал етіп, сауда саясатына әсер ететін елдер.

Ал АҚШ-та президент Дональд Трамп пен оның экономикалық саясат бойынша кеңесшілері әсіресе сауда саласында шынайы өмірге бет бұруы керек. Олар әсіресе Германияның Қытайға қатысты сауда моделін зерттеуден бастауы тиіс. Шынымен, Қытайдың АҚШ-пен арада үлкен сауда профициті бар, дегенмен ол АҚШ компаниялары үшін экспорт нарығын кеңейтіп жатыр. Соңғы 10-15 жылдағы тренд жалғасатын болса, онда Қытай жақын арада Канада мен Мексиканы ығыстырып, Американың ең басты экспорт нарығына айналуы мүмкін.

Қытай отбасыларының табысы өсіп жатқандықтан, мұнда АҚШ-тың бәсекеге қабілетті тауарлары мен қызмет түрлеріне деген сұраныс та арта түседі. «Қытай өз валютасымен билеп-төстеп жатыр» деген ақылға қонымсыз пікір айтқанның орнына Трамп нарықтағы күштерге ықпал етіп, екіжақты сауданы теңгеруге тырысуы керек.

АҚШ-тың сыртқы дефицитіне қатысты да осыны айтуға болады. Ішкі инвестициялық қажеттіліктерімен салыстырғандағы қорының көлемін арттырмайынша АҚШ шетелдік капитал ағынын қажет ете бермек. Ал бұл саудада және ағымдағы шоттағы теңсіздікті сақтауға мәжбүр етеді.

Солтүстік Америка Еркін сауда келісімін қайта қарауды талап ету арқылы Трамп «брекзитшілер» барған тәуекелге барып отыр. Қытайдың соңғы жетістіктеріне қарамастан, Канада мен Мексика әзірге АҚШ-тың ең жақын көршілері мен басты сауда әріптестері болып отыр. Үш елмен де импорт модельдерін бұзу арқылы Трамп импорт бағасын арттырып, сол арқылы АҚШ экспортын төмендетуге жол салып отырған сыңайлы.

Автор туралы: Джим О’Нейл - Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбритания Қаржы министрлігінің коммерция жөніндегі бұрынғы хатшысы, Манчестер университетінің құрметті профессоры, Британия үкіметінің «Микробка қарсы тұрушылық» жобасының төрағасы.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org

Похожие материалы