Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Туризм саласына тың өзгерістер керек

Туризм саласына тың өзгерістер керек

Алматы. 29 қазан. 7kun.kz – Алматы қаласында Қазақстан Республикасының ішкі және келу туризмін дамыту мемлекетік бағдарламасының, сондай-ақ салалық заң жобасының жалпыхалықтық таныстырылымы өтті.

Шараға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, мемлекеттік органдар мен заңнаманы әзірлеу тобының, «KazakhTourism» ұлттық компаниясының өкілдері, қоғамдық ұйымдар және туроператорлар қатысты.

Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында туризмнің роліне ерекше тоқталып, Үкіметке еліміздің сырттан келу туризмі мен ішкі туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы мемлекеттік бағдарламаны толықтай енгізіп, іске асыру үшін тиісті заңнама керек. Сондықтан туризмді дамытудың сенімді тетігі ретінде аталмыш заң жобасы ұсынылып отыр.

ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Бағдарлама жобасының қазіргі нұсқасын мемлекеттік органдар алдында қорғау керек екенін айтты. «Елбасы тапсырмасы бойынша соңғы айларда біз 2025 жылға дейінгі ҚР-ның ішкі және келу туризмін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын және «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын әзірлеумен белсенді айналыстық. Осы уақыт ішінде біз ұсыныстар жинадық және шетелдік сарапшылардың қорытындыларын алдық. Оның барлығы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу үшін құрылған штабта ашық талқыланды. Бұл орайда барлық мүдделі тараптардың қолдауынсыз біз мақсатқа жете алмаймыз. Бізге барлық алаңдарда белсенді қолдау керек» деді вице-министр.

Ішкі және келу туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 10 негізгі бағыттан тұрады. Оның ішінде туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтау, елде қолайлы туристік ахуалға жағдай жасау, туристік қызмет сапасын көтеру, маркетинг және ұлттық туристік брендті ілгерілету және басқа бағыттар бар. Мәселен, министрлік жүргізген зерттеу бойынша елге туристердің ағынын қамтамасыз еткен үздік 10 жер анықталды. Олардың арасында Алакөл, Балқаш, Алматы облысының таулы аймағы және басқа әсем жерлер бар. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 600 млрд теңге басымдыққа ие жерлерді дамытуға тартылатын болады.

Жиында туристік сала мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу жөніндегі топтың жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының таныстырылымын жасады.

— Бүгін екі бірдей маңызды құжат талқыланып отыр. Елбасы тапсырғандай, Қазақстан әлемдік стандарттар негізінде дамыған 30 елдің қатарына кіруге тиіс. Ол үшін елімізге шетелден инвестициялар келуі керек, әлеуетті экономикалық әріптестерді тартуымыз керек. Сондықтан да туристік қызмет тұтастай дамудың өзекті бір саласы болып табылады. Бүгін талқыланып отырған бағдарлама мен заң жобасы салалық және басқа да заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Өйткені бізге туристік қызметтің объектісі мен субъектісі, туризм индустриясы деген не, мемлекеттік органдардың осы салаға қатысты құзыреті қандай, ұлттық туристік оператор деген не, оның мәртебесі, басымдыққа ие туристік территориялар, туристік өнімдерді ілгерілету, туристік инвестициялық жобалар және басқа көптеген мәселенің басын ашып алу керек. Заң жобасында осының барлығы қарастырылған» деді Г.Құрбанбаева.

Таныстырылым барысында мемлекеттік бағдарлама мен заң жобасы бойынша көпшіліктің ой-пікірі, ұсыныстары тыңдалды. Вице-министр мен заң жобасын әзірлеу тобының өкілі қойылған сұрақтарға жауап берді.

Әзірге халықаралық деңгейде Қазақстанның айтарлықтай артта қалып отырғаны, Қазақстанға келетін туристердің саны тіпті Әзербайжан, Грузия елдеріне қарағанда төмен екені көпшілікке белгілі. Қажетті өнімдер мен қызметтердің көбі стандарттар жүйесіне сәйкес келмейді және инфрақұрылым нысандарының бәсекеге қабілетсіздігі де бұл саланы дамытуға кедергі болып отыр. Жиында айтылғандай, бәсекеге қабілетті туристік саланы қалыптастыру мен дамыту – бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, инвестициялар ағымы, жұмыс орындарының санын көбейту, халықтың денсаулығын жақсарту, тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау және ұтымды пайдалану есебінен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете алатын нақты құрал болып табылады.

Бағдарламаның негізгі әзірлеушілерінің (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі) айтуынша, құжатқа кірген шаралар Қазақстанға 2023 жылға қарай ЖІӨ құрылымында туризм үлесін 8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Туристік салада жұмыс істеп жатқандар санын 400 мыңнан 650 мың адамға дейін арттыруға, сыртқы туристік ағынды 6,5 миллионнан 9 млн келушіге дейін, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 млн адамға дейін ұлғайтуға жол ашады.

Жаңа бағдарламаға сәйкес басымдыққа ие 10 жоба салықтық жеңілдіктер алады. Сонымен қатар бұл территорияларда басқарушы компаниялар құрылады, оларға арнап жер учаскелері дайындалып, қажетті сыртқы инфрақұрылым тартылады.

Негізгі шаралар тізіміне туризм саласындағы бизнеске жеңілдікпен несие беру шарасы енді. Аталған шара 20 жылға дейін 14% мөлшерлемемен несиелеуді қарастырады, мөлшерлеменің жартысын мемлекет субсидиялайды.

Бағдарлама аясында e-Visa және е-Hotel жүйесін енгізу және «шақыру» опциясын алып тастау ұсынылды. Сонымен қатар министрлік бос ауаның 5 сатысы бойынша «Ашық аспан» саясатын енгізу ұсынысын алға тартты.

«Шығындардың үлкен үлесін автокөлікке кететін шығындар құрайды. Біз Астана, Алматы, Ақтау және Шымкент үстіндегі бос ауаның бесінші сатысын енгізуді ұсынамыз, әрине отандық авиатасымалдаушылар мүддесі ескерілу керек. Осылайша шығындар азаяды, ұшу билеттерінің өзінен 20%-ға дейін үнемдеуге болады», – делінді таныстырылымда.

Бағдарлама әзірлеушілері авиакеросинге деген бағаларды мемлекеттік реттеуді қайтару, авиакомпанияның отын сатып алу шығындарын субсидиялау, «Kids go Free» қағидасы бойынша оқу демалысы кезінде балаларға арналған субсидиялар ұсынды. Осы шаралар ел ішіндегі саяхатты ынталандырып, жолаушылар ағынын ұлғайтуы тиіс.

Сондай-ақ жиында шетелдік туристер үшін ұлттық кәдесыйлар шығаруды жолға қою, этноауылдар ұйымдастыру, тұрғындар арасында қонақжайлылық мәдениетін насихаттау және басқа маңызды мәселелер сөз болды.

Заң жобасы осы жылдың аяғына дейін Парламент қарауына енгізілуге тиіс.

Похожие материалы