Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Түркістан облысында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Түркістан облысында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті қабырғасында «Адам капиталын дамытудың жол картасы» бағдарламасы аясында мансап пен жұмысқа орналастыруды қолдаудың тәжірибесімен алмасу бойынша бағдарлама бастама алды.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері «KARLSKRONA» ЖШС заманауи машина жасау зауытына, Еңбекші ауданының мемлекеттік кірістер департаментіне және «ҚазАгроном» ЖШС жылыжай шаруашылығына барды, онда жұмыс берушілер техникалық және экономикалық мамандықтардың кадрлық қажеттілігі туралы баяндады.  Білім алушылар жұмыс берушілермен әңгімелесуден өтіп, өздерінің дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік алды.

ҚР БҒМ өкілдері, КИМЭП Мансап орталығының қызметкерлері, облыстың ірі бизнес өкілдері, сондай-ақ Әуезов атындағы университеттің әкімшілік және Мансап орталығының қызметкерлері өңірлік жоғары оқу орындарында мансаптық орталықтарды ұйымдастырудың және олардың қызмет етудегі үздік тәжірибелерін енгізудің негізгі принциптерін талқылады.

«Мансап орталығының мақсаты жас мамандарды жұмысқа орналастыру мен заманауи еңбек нарығына бейімделудің тиімді жүйесін құру болып табылады. Мұнда болашақ түлектер мансабын құрудың халықаралық стандарттарын енгізу және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі», - деді М. Әуезов атындағы ОҚМУ оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Қанат Сейітжанұлы Байболов.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты өлшемі оқу бітіргеннен кейін түлектерді жұмыспен қамту, оларды жоғары ақы төленетін жұмысқа орналастыру болуы тиіс. Мұндай тәсіл тікелей білім беру қызметтерінің сапасымен қатар жоғары оқу орындары жанындағы мансаптық орталықтардың жұмысын күшейтуді де талап етеді.

Бұл жоба «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС қолдауымен және ҚР Білім және Ғылым, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) еңбек заңнамасы, адам капиталын дамыту және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобы жұмыс жоспарының 5.1-тармағы шеңберінде жүзеге асырылады.

«Жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарының мансап орталықтарымен өзара іс-қимылы жоғары білікті мамандарды даярлау мәселелеріне оң серпін береді және Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлаудың жаңа кезеңіне жол ашады», - деп атап өтті КИМЭП Мансап және жұмысқа орналастыру қызметінің үйлестірушісі Эльмира Қабиева.

Мансап орталықтарын қолдау жобасының түпкілікті мақсаты өңірлік жоғары оқу орындары түлектерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен басқа жобаға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті де қатысады.

Похожие материалы