Экономика
Выбор редактора
Туроператорлар Қазақстанның сақтандыру компанияларына шағым түсіріп жатыр
Қазақстанның сақтандыру компаниялары туроператорлармен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті (АҚЖ) сақтандыру бойынша келісім-шарт жасаудан бас тартып отыр. Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді.
Палата мәліметі бойынша, қазақстандық нарықта күрделі жағдай туындап, туроператорлар мен турагенттер сақтандыру келісім шарттарын ұзарта алмай немесе тіпті келісімге келе алмай отыр. Сақтандырушылар түрлі сылтаулармен қорғаныш қызметін көрсетуден бас тартады.
Нәижесінде туркомпаниялар құқықтық алаң сыртында қалды деп жазады ҰКП. "Салалық ассоциациялар және ҰКП-ге турагенттер мен туроператорлардан 3 апта бойы сақтандыру келісіміне қол жеткізе алмай келе жатқандығына шағым түсіп жатыр. Кейбір сақтандыру компаниялары мерзімі бітпеген сақтандыру шарттарын қайтаруда", - деп атап өтілген ҰКП хабарламасында.
ҰКП сақтандырушылар, қаржыгерлер, Ұлттық банк, туризм индустриясы департаменті және бас прокуратурамен шұғыл жиналыс өткізді. Отырыс кезінде Қазақстанның Сақтандырушылар ассоциациясы өз мүшелеріне туроператорлар мен турагенттердің АҚЖ бойынша міндетті сақтандыру лицензиясынан бас тартуға кеңес бергендігі анықталды. Олар өз қағидаларын туристік саладағы жоғары қауіптермен түсіндірді.
Өз кезегінде Ұлттық банк қызмет көрсетуден бас тарту немесе АҚЖ бойынша әлі жұмыс істеуі тиісті келісім-шарттарды біржақты шешім бойынша бұзу заңсыз деп есептелетіндігін атап өтті. Сондықтан реттеуіш туркомпанияларға сақтандыру компанияларының қызмет көрсетуден бас тартқан оқиғаларын тіркеп, барлық материалдарды ҰКП мен Ұлттық банкке жіберуге кеңес берді.