Бүгін Қазақстан баспасөз клубында «Қытай билігінің заңға қайшы әрекеттері немесе бюрократиялық сергелдең: неліктен қазақ қандастарымыз өз еліне орала алмай отыр» тақырыбында баспасөз мәжілісі өтті.
Мәжілісте Қытай саясатынан қорлық көріп, елге орала алмай отырған қазақтардың жағдайы талқыланды. Отандастар ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады. Сонымен қатар, осы тұрғыда ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа өтініш білдірді.
«Қазақстан мен Қытай мемлекеті ежелден дос әрі тату көрші ел. Екі ел арасындағы қарым-қатынас күннен-күнге дамып келеді. Осы орайда Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап шеттегі қазақтарды елге шақырды. Соның арқасында Қытайдан атамекеніне оралғысы келген қазақтандық саны да күн санап артып, бір-бірімен қауышып, ел қуанып қалды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады...», - деп басталады отандастардың жазған хаты.
Олардың айтуынша, Қытайдың Шыңжаң өлкесінің жергілікті үкіметі аяқ-астынан заңсыз бұйрық шығарып, отанға оралғысы келген қазақтардың қолындағы шетелге шығуға арналған заңды төлқұжаттарын тартып алып бермей отыр екен. Ал жаңадан өтініш бергендерге төлқұжат жасап бермей, олардың Қазақстанға көшуіне ашық кедергі жасап отыр.
Тіпті Whats App, WeChat әлеуметтік желілері арқылы Қазақстандағы туыстарымен хат-хабар алмасып, көші-қон мәселесін талқылағаны үшін тергеуге алынып, сотталып жатқандары да бар дейді олар. Оның ішінде кейбірі бұл қамаудан аман қалмай, туыстарына «өз-өзіне қол жұмсады» деген себеппен мәйіттері тапсырылып жатыр.
Ең ашынатын жағдай Шыңжаңның жергілікті билігі екі ел арасындағы тең дәрежедегі экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастары мен ортақ ынтымақтастық мақсатындағы келісім шарттарға қарамастан, Қазақстанды 26 тыйым салынған қауіпті мемлекеттер тізіміне енгізіп қойған екен. Сондықтан да халыққа апта сайын арнайы жиналыс өткізіп, «екі беткейлермен күресу» деген желеумен оларды апталап, айлап «саяси үйренуге» алып кетіп жатыр.
Бұл Мауздұң кезіндегі «Қазақстанға мойыныңды бұрып қарап қойдың» деп түрмеге қамап, қудалап «қос жүрек» деген атпен соттаған саяси репрессияны еске түсіреді.
«Жоғарыдағы сұрқия, сұмдықтар жайлы біз емес алыс-жақын шетелдегі Америка, Ресей, Түркия ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Өкініштісі біздегі бір-екі ақпарат құралдарының жазғандарынан басқа, мемлекеттік ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдерінің тіс жарып, ләм демегеніне ішің ашиды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сізден өтінеріміз: Қытай қазақтарының дәл қазіргі кездегі басына түскен аса ауыр қиын жағдаларын ескере отырып, екі елдің мәңгілік достық келісім шарты аясында, оң шешім табылуына ықпал жасауыңызды өтінеміз», - деп жазылған хат соңында.
Олар өтінішке 56 адам қол қойғанын және әлі де қол жиналып жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, құжаттарын тартып алғандар мен сотталғандардың тізімі мен қосымша ақпарат ұсынып отыр. Олардың ішінде белгісіз себептермен түрмеге қамалып, еш хабарсыз кеткендері, құжаттарын жинап алып туған анасының жаназасына бара алмай отырғандары бар...
Қазақстан азаматтарының атынан сыртқы істер министрлігіне жіберілген өтініште де жоғарыда аталған мәселелерге баса назар аударылған. Сонымен қатар, Қазақстандағы ҚХР-да зейнеткерлікке шығып, отбасымен Қазақстанға көшіп, Қазақстан азаматтығын алғандарды шақыртып алып, төлқұжаттары мен ықтиярхаттарын жинап алып жатыр екен. Кейіннен олардың Қазақстанда тұруына да тыйым салады. Сол себепті олар Қазақстандағы отбасынан ажырап, Қытайға қайта кетуге мәжбүр болып отыр. Ал егер олар Қытайға бармаған жағдайда, олардың төлқұжаттарының күшін жойып, зейнетақыларын тоқтатады.
[caption id="attachment_72237" align="alignleft" width="300"] Қабдеш Жұмаділ[/caption]«Бірте-бірте квота дедік... Қытайдан жыл сайын 20 мың отбасыны алдырып отырамыз деді. Келістік. Ол деген 100 мыңға жуық халық. Осы да жаман емес қой деп соған қанағаттанғанбыз. Содан кейін бюджеттен квотаға деп бөлінген заңды ақша құрдымға кетті. Қайда кетті деп іздестірсек білетін адамдар оны ЭКСПО-ға кетті дейді. Ол шетелдегі қазақтар тұра тұрсын, келсе келеді, келмесе қояды, алдымен ЭКСПО-ны жасап алайық дегені ме сонда. ЭКСПО-ға қарсы емеспіз. Еліміздің танылғанына... дегенмен...», - дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов.
[caption id="attachment_72231" align="alignright" width="300"] Совет-Хан Ғаббасов[/caption]Алайда Совет-хан Ғаббасов Қытай қазақтарының кеміс тұстарын да атап өтті. «1960-62 жылдары Қытайдан қазақтар көптеп келді. Ал тәуелсіздіктен бері қарай қазақтардың келісіне талдау жасап қарасам, Қытайдағы қазақтардың өз бойында да кемшілік көп екен. Олардың пендешілігі басым сияқты. Себебі тәуелсіздік алғаннан бері келген миллион қазақтың ішінде 63 пайызы Өзбекстаннан келген. Ал 25 жылдың ішінде Қытайдан бар-жоғы 11 пайыз ғана қазақ келіпті. Моңғолиядан 7 пайыз. Сөйтсек, Қытайдағы қазақтар зейнетақы мөлшеріне қарайды екен. Оларға жағдай жасалу керек екен. Одан бөлек, қаншама қарындастарымыз қытайлықтарға тұрмысқа шығып жатыр. Неліктен? Себебі, Қазақтың қыздары қытайға тұрмысқа шықса, оларға үй, ақша береді. Ал жұмыс істесе қызметтегі дәрежесін өсіреді. Соған еріп кетпеу қажет. Сенің отаныңа қайтуына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Бұл дүниежүзілік заң. Сондықтан мұндай пендешілікті қою керек. Қазір 7 облыс оларға жер де, көтерме қаражат та, үй де бергелі отыр. Алматы мен Астананың маңына жиналудың қажеті жоқ. Ойлану керек. 500-1000 болып бірігіп көшіп келуі керек», - деп пікірін білдірді жазушы.
Қабдеш Жұмаділов болса, біздің елдің Қытайдағы отандастардан сотталмағандығы туралы анықтама сұрату жөнсіз дейді.
«Сотталмаған болу керек, таза болу керек дейді. Біреудің босағасында отар болып отырып олар не көрмеді. Олар Такла-Макан шөліне 10-15 жылдап жер аударылып жүрді. Сонда олар келе алмайды ма?! Олар сотталмағанда кім сотталады?! Олардың жағдайы керемет болып отырғандықтан келгелі отырған жоқ. Күн көре алмай күрескені үшін түрмеге түсіп, айдалаға айдалды. Сонда оларды сотталған екен деп қабылдамауымыз керек пе? Сонда біздің жақсылығымыз кімге дәрі?», - деп сөзін аяқтады ол.
[caption id="attachment_72233" align="alignleft" width="300"] Дулат Исабек.[/caption]Мәжіліс соңында Дулат Исабек мынандай ұсыныс білдірді: «Біз ШЫҰ белсенді мүшесіміз, доспыз деп жүрміз. Егер осының барлығы рас болса, Си Цзиньпин мырзаға айтарым: Егер жер керек болса, қытайда отырған екі миллион қазақты бір-ақ жылдың ішінде көшірсін, соған көмектессін. Солар отырған жерді босатып алсын. Біз осындай талап қояйық. Бос сөзді тоқтатайық. Ол екі миллион қазақты ауырсынып отыр екен онда қайтарсын. Бізде жер жетеді. Біз оларды күтіп отырмыз. Ал оған келіспесе, бауырларымызды қинағанды тоқтатпаса, біздің халықаралық сотқа дейін баруға құқығымыз бар!».
Баспасөз мәжілісіне Дулат Исабек, Қабдеш Жұмәділ, Совет-хан Ғаббасов, Смағұл Елубай сынды жазушылар және кәсіпкер, азаматтық белсенді Қыдырәлі Оразұлы қатысты.
Айта кетейік, 2017 жылдың 22-25 маусым аралығында Астанада бесінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайы өтеді. Құрылтайдың негізгі мақсаттарының бірі – шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға көшуін ынталандыру.
Тэги:
- 7kun.kz
- 7күн кз
- Қытай билігі
- оралмандар
- мақала
- Қазақстан мен қытай
- Дулат Исабеков
- Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас
- Қытайдағы қазақтар
- Қытайдағы қазақстардың жағдайы
- көші-қон мәселесі
- Қытай көшіп келу
- Қытайдағы қазақтар неге көшіп келе алмай отыр
- Қытайдың заңсыз әрекеттері
- Қытайдан келген қазақтар
- Қытайдан қысым көрген қазақтар
- Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы
- Қабдеш Жұмаділов
- Совет-хан Ғаббасов