Өткен аптада, Қытай үкіметі юань айырбас бағамын қатты бақылауға алды. Қытай 18 ай бұрын Халықаралық валюта қорының синтетикалық резервтік активінің құны, арнайы қарыз алу құқығы (SDR) анықталатын валюталар тобына юаньды кіргізуді қолпаштағандағы берген уәдесін бұзып отыр.
Қытайдың соңғы әрекеттерінің оның валютасына деген сенімді нығайтуға берер көмегі аздау. Алдында сарапшылар ескерткендей, SDR себетіне юаньды кіргізу ұзақ мерзімде зиянды салдары бар аса саясаттандырылған шешім болды. Бұл себетке бұрын АҚШ доллары, еуро, британдық фунт, және жапон йенасы кірген еді. Бұл әлемдік деңгейдегі валюталар ХВҚ-ның екі талабына сәйкес келеді: олар әлемдегі жетекші экспорттаушыларымен айналысқа шығады, және олар «еркiн пайдаланылады», яғни олар кеңінен бүкіл әлемде айырбасталады.
Керісінше, юань SDR себетіне енген кезде, тек бірінші талапқа сәйкес болды. Қытай ол кездің өзінде әлемдегі ең ірі экспорттаушы ел болғанымен, оның қаржы нарықтары қарабайыр болды, және оның валютасы нағыз еркiн пайдаланылудан алыс болды. 2015 жылы юань орталық банктердің жаһандық резервтерінде жетінші орында, халықаралық облигациялар шығаруда сегізінші, және жаһандық валюта саудасында он бірінші орында болды. Көптеген капитал транзакциялары бойынша ол айырбасталмады.
Десе де, юань сол себетке қабылданды. Қытай теріс шешіммен келіспейтінін анық білдірген еді, және ешкімнің айдаһарды ашуландырғысы келмеді. Өздерінің стандарттарын ұстанудың орнына ХВҚ және оның негізгі мүшелері, болашақта юань қолдануын кеңейтеміз деген Қытайдың бұлыңғыр уәдесіне көнген еді.
Тарихи, Қытай Халық банкі (ҚҰБ) нарық жағдайын есепке алмай, күн сайын юань бағамын бекітіп отырған еді; және ол өте тар валюталық дәліз ішінде ғана юаньмен сауда жүргізуге мүмкіндік берген еді. Бірақ, ХВҚ SD қатарына юаньді енгізу туралы шешім қабылдамас бұрын, Қытай үкіметі бұл валютаны бақылаудан босатамыз деп жариялады. ҚҰБ бұдан әрi күнделікті валюта бағамы белгілегенде нарықтық сигналдарды ескереміз деп жариялады. Сонымен қатар банк біртіндеп Қытайдағы капитал қозғалысын бақылауды ырықтандырамыз деп уәде берген, және бұл инвесторларға юань тартымдылығын арттыратын еді.
Бірақ қытай билігінің соңғы шешімдері олардың аталған ережелерге сәйкес ойнауға ниеті жоқ екенін көрсетеді. Одан әрі айырбас бағамына ықпалын азайтудың орнына, ҚҰБ бақылауды күшейтіп және оның шешім қабылдау механизмдеріне нарықтық үрдістердің рөлін азайтып жатыр.
Дәлелі анық көрініп тұр - юаньді қолдану еркіндігі 18 ай бұрынғыға қарағанда азайған. 2016 жылдың ортасынан бастап, мемлекетте Қытайдан юаньнің ағымдарын тоқтатып және оның долларға айырбасталуын болдырмау үшін капитал қозғалысын бақылаудың жаңа қатаң басқару элементтері қолданылып жатыр. Қытай, сондай-ақ Қытай корпорацияларының тікелей шетелдік инвестициялары бойынша жаңа шектеулер жасап, өзге де трансшекаралық операцияларды қадағалау да күшейтілді.
Ал Қытай нелікетн өз уәдесін орындамағанын түсіну қиын емес. Соңғы екі жыл ішінде жаңадан байыған қытай азаматтары өз байлығын шетелге шығару жолдарын іздей бастады. Бұл юаньді әлсірете бастады, және ҚҰБ айырбас бағамын сақтап қалу үшін валюталық резервтерінен $1 трлн астам жұмсауға мәжбүр болды. Бірақ бұл осы жылдың мамыр айында Moody’s Investors Service-тің Қытайдың несиелік рейтингін төмендетуінен сақтап қалуға жеткіліксіз болды және осы себептен мемлекет басшылығы қайта қорғанысқа бас бұруға мәжбүр болды.
Әрине, Қытайдың қазіргі қиындықтары ашықтыққа бет бұрған ұзақ жолдағы кішігірім ауытқулар болуы мүмкін. Немесе олай да болмауы мүмкін. Қытай үкіметі өзінің капитал нарығын ашу туралы байыпты болса, онда ол Қытай коммунистік партиясының (КПК) саяси және экономикалық басқару моделіне тікелей әсер ететін реформаларды жүзеге асыруы қажет болады. Тиімді, ашық қаржы секторы (КПК) беделін түсіре алады, себебі қаржы қуғын-сүргіні Қытайдың саяси авторитаризм аппаратының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.
Қытай юаньді SDR-ге енгізуді қолпаштағанда, тым асыққан сияқты. Және ол Үндістан немесе Ресей сияқты басқа да ірі дамушы экономикалардың, олар ХВҚ талаптарына сай келмесе де өз валюталары үшін нақ сондай жағдайды талап етуге ынталандыратын сәтсіз прецедент болуы мүмкін. Шынында да, Қытай, оның ерке саясатына қарамастан осындай беделді, эксклюзивті клуб құрамына кіре алса, неге оларға да онда кірмеске? Сонымен қатар, ХВҚ-ның абыройының қатты түскені де бар.
Болашаққа көз тастасақ, бір ғана шешім бар. Қытай нақты және тұрақты қаржы ырықтандыруын іске асырамын деп сенімді міндеттемелерді жасағанға дейін юаньді SDR себетінен алып тастау керек. SDR себетіне кірген валюталардың еркiн қолданыста болуы тиіс деген талап әлемдік валюта жүйесінің тұрақтылығының кепілі болып табылады. Яғни бұл кепілдіктің мықтылығы тікелей осы талаптың беріктігіне байланысты.
Автор туралы: Бенджамин Коэн, Санта-Барбара қаласындағы Калифорния университетінің Халықаралық саяси экономика кафедрасының профессоры, Валюта Қуаты: Монетарлық Бәсекелестікті түсіну кітабының авторы.