Экономика
Выбор редактора
Заңға бағынған кәсіпкер қапы қалмайды
Енді үстем және монополистік дәрежесі бар кәсіпкерлер нарық субъектілерінің тізіліміне енгізілмейтін болды. Бұл туралы кәсіпкерлерге ҚР Кәсіпкерлік кодексінің өз күшіне енуіне байланысты монополияға қарсы заңнамаларды түсіндіруге арналған семинар барысында айтылды.
Аталған іс-шара кәсіпкерлер палатасының ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
«Егер бұрын барлық облыс бойынша 54 кәсіпорын монополистік дәрежесі бар деп танылған болса, осы жылы небары 7 табиғи монополия субъектісі енгізіліп отыр. Яғни, нарық субъектілері департаментке есеп беруге міндеттелмейді. Сонымен қатар, жаңа заңнамада кәсіпорындарда заң бұзушылық орын алған жағдайда оны дер кезінде хабарлап отыру қажеттігі және ол мәселені он күннің ішінде түзеуге болатындығы туралы айтылады», – дейді Департамент басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямов.
Сондай-ақ, облыстық монополияға қарсы ведомствоның басшысы Нұрбол Ислямов көптеген кәсіпкерлер бәсекелестік құқық нормаларын білмегендіктен, заңнамаларды бұзып, жауапкершілікке тартылып жататындығына тоқталды. Әсіресе, олар бәсекелестікке қарсы келісім әрекеттері және нарықтағы жауапсыз бәсекесі үшін тартылады екен. Нан өнімдерін өндіруші «Исаев» ЖК-нің өкілі қойған сауалға Нұрбол Ислямов: «Бұл мәселе – үстемдік етуші және нарықта монополист болып табылатын кәсіпорынның бір уақытта бірдей бағаға көтеруіне қатысты орын алып жатады, – дей келе, – Біз тексеріс барысында бәсекелестікке қарсы ымыраны анықтаған болсақ, яғни олар бір уақытта нанның бағасын бірдей бағаға қымбаттатса, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», – деп жауап берді.
«Кәсіпкерлерді үнемі Кәсіпкерлік кодексімен таныстырып отырамыз. Бұл бұзылуы мүмкін заңнамалардың алдын-алу мақсатында жүргізіледі. Көптеген кәсіпкерлер заң бұзушылық мәселелері орын алып, сотқа жеткен кезде ғана бізге жүгініп жатады. Осы секілді семинарлар бизнес субъектілерінің істі болмауларына көмегін тигізеді», – дейді Өңірлік палата филиалының басшысы Мағрипа Нигишева.