Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Зейнетақы қорының қаражаты тағы бір MEGA салынуға жұмсала ма?

Зейнетақы қорының қаражаты тағы бір MEGA салынуға жұмсала ма?
 8 тамызда "Қазақстан даму банкі" Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алған қаражат "ЭКСПО-2017" аумағындағы объектілердің құрылысын қаржыландыруға жұмсайтындығы белгілі болды. Бұл туралы бірқатар БАҚ зейнетақы қаражаты ЭКСПО-ға жұмсалады деп жар сала жазды. Ал 9 тамызда "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы бізге артық ақша қажет емес деп мәлімдеді. Бүгін бұл туралы ақпарат таратқан бірқатар БАҚ-ты сотқа береміз деген ақпарат таратты. Сонымен зейнетақы ЭКСПО-ға жұмсала ма?   Жалпы "Қазақстан Даму банкі" АҚ "БЖЗҚ"-дан 117,5 млрд теңге қаржы алған еді. Оның 15 млрд теңгесі Астанадағы "ЭКСПО-2017" аумағындағы объектілердің құрылысына, 17,5 млрд теңгесі отандық вагондар өндірісін лизингтік қаржыландыруға бөлінеді. Қалған 85 млрд теңгесі 2016-2017 жылдарда экономикалық өсімді және жұмыс орнын қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар жоспарын орындауға жұмсалады. "85 млрд теңге көлеміндегі БЖЗҚ қаржысы банкаралық кредиттендіру арқылы өңдеуші өнеркәсіптегі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің айналымдағы капиталын толтыруға жұмсалады", - дейді бұл туралы банктен. Ал "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы банктің қаржысына қатысты қарсы пікір білдірді. Компанияның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куяновтың сөзінше, бұл қаржы көрме павильондары үшін жұмсалмайды. "ЭКСПО" аумағындағы объектілер және "ЭКСПО" объектілері - бір нәрсе емес. Олар екеуі екі бөлек. Көрменің аумағы 174 гектар, оның ішінде тек 25 гектарға ғана "ЭКСПО" объектілері салынады. Басқа бөлікте тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары болады. Олар "ЭКСПО" аумағында орналасқанымен, "ЭКСПО" объектілері болып саналмайды", - деп түсіндірді Сергей Куянов. Яғни Қазақстан Даму банкі құрылысын қаржыландыратын ғимараттардың ұлттық компанияға қатысы жоқ. Оның айтуынша, "ЭКСПО" компаниясының қазір қаржыға мұқтаждығы жоқ. "Жалпы алғанда 130 млрд теңге үнемделді, құрылыс аяқталды. Күзде нәтижесін көрсетеміз", - деп қорытындылады ол. 2015 жылдың қарашасында Ахметжан Есімов Ақордадағы отырыс кезінде 78 млрд теңге үнемделгенін хабарлаған еді. Оның сөзінше, бұған кейбір архитектуралы-құрылыс шешімдерін қайта қарау арқылы қол жеткізілді.
Ал ұлттық жинақтаушы қордың қаржысы жұмсалатын инвестициялық жобалардың бірі ретінде Куянов MEGA сауда орталығын айтады. Radiotochka.kz сайты бұл сауда орталығына бизнесмен Нұрлан Смағұловтың қатысы бар екендігін атап өтті. Ол басқарып отырған Astana Group холдингіне Mega Center Development тиесілі.
Осыған дейін Forbes.kz-ке берген сұхбатында Нұрлан Смағұлов бас қаладан жаңа МЕGA Silk Way салыну үстінде екендігін және басқа қалалардағы сауда орталықтарын сату мүмкіндігі барын  айтқан еді. Астанадағы ЭКСПО аумағындағы құрылыстың 70 пайызға жуығы аяқталып қалған. ҚБД-ның қаражаты осы нысанды қаржыландыруға жұмсала ма, әлде тағы бір Mega салына ма, бұл жағы белгісіз.
Әзірге Қазақстан Даму банкі "ЭКСПО" аумағында нақты қандай объект салынатындығы хабарлаған жоқ.  Бұл туралы ұлттық компания өкілі Сергей Куянов "Мен ҚДБ-ның қаржы алушыны жасырып отырғанына таңғалдым. Ол ақша кімге бағытталған? ҚДБ-ны мұндай әрекетке итермелеп отырған себеп туралы тек болжам жасай аламын", -деген еді.
Қазақстан Даму банкі зейнетақы қорының қаржысын қашан және қандай пайызбен қайтаратындығы да белгісіз. Сайт редакциясы банктің баспасөз қызметіне хабарласқанымен, әзірге басшылықтан жауап алу мүмкін болмады. "Банк басшылығы сұхбат туралы нақтылаған жоқ. Бүгін-ертең уақыты болғанда бірден жауап беруге тырысамыз", - деді банк баспасөз қызметінен.
Әбітай Ақсәуле "7"

Похожие материалы