Жан Амании - балалар жазушысы. Ертегілерін орыс тілінде жазғанымен, кітаптары үш тілде жарық көреді, әрі аудио нұсқасы да бар. Автордың айтуынша, кітап бизнесінен қайтарым күтудің қажеті жоқ. Ендеше, бұл бизнесті неге бастады? Кәсіптен нәсіп табу үшін қандай амалдар ойлап тапты? Жан Аманиимен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Өзіңіз туралы толығырақ айта кетсеңіз. Кітап жазуға дайындық он жыл уақытыңызды алған көрінеді... Негізі осыдан он жыл бұрын жақсы бір режиссер жолықса, балаларға арналған фильм түсірсем деп ниеттенген едім. Үйде жолдасым мені «ертекші» дейді. Бірақ ол менің жоспарларымнан аса хабардар емес еді. Сонда да «Ертекші, мұнда кел» деп шақырады. Соған қарағанда арманшыл болғаным ғой. Ертегілерімді жазуды бастағалы бері үш рет пәтер ауыстырып, түпнұсқалар жоғалды, жер-жерде қалды. Сөйтіп жүргенде Даниял есімді ұлым дүниеге келді. Екінші ұлым мен кенжетайдың арасы - он жыл. Сенесіз бе, Даниял дүниеге келген сәттен бастап бойымды ерекше бір аналық сезім биледі. Кітап жазуға деген құмарлық пайда болды. Бір кітабым сол ұлыма арналып, «Даниялдың ғажайып әлемі» деген атаумен жарыққа шықты. Көпшілікке ертегі де, кітаптың дизайны да ұнап жатыр. Тіпті шетелден сұраныс түсіп тұрады. Сыйлық ретінде бергісі келетіндер көп. Польша, Голландия сынды елдерден кітапқа қатысты жақсы пікірлер естіп жатырмыз. - Кітап үш тілде жазылған. Түпнұсқасы орыс тілінде, білуімізше? Иә, үш тілде шығардық. Қазақ тілінде, орыс тілінде және ағылшын тілінде. Мен орыс тілінде жазамын. Бала кезімнен орыс тілді ортада өскенмін, мектепте де орыс сыныбында оқыдым. Қазақ және орыс тілдеріне аударма жасағандар өте кәсіби мамандар. Шығармашылық топты таңдау оңай болған жоқ. Шыны керек, көп ойландым. Менің айтқым келген дүниемді дәл солай жеткізе алар ма екен деген қорқыныш болды. Бірақ жұмыс нәтижесі көңілімнен шықты. Кітаптың аудио-нұсқасы бар. Ол үшін де білікті мамандар жұмысқа тартылды. - Аудармасына қатысты сын пікірлер көп болды ма? Ондай пікірлер көп болды. Бір қызық айтып берейін. Бір ғана «кәмпит» сөзін аудару үшін біз екі-үш апта уақытты шығындадық. Әдеби тілде, балаға түсінікті тілде қалай берген дұрыс деп бас қатырдық. Содан бірқатар ғылым кандидаттарын мазаладық. Негізі «мәнпәси» француз тілінен енген сөз. Ауызекі тілде «сорғыш кәмпит» дейміз. Бірақ ойлана келе сол мәнпәсиге тоқтадық. Бір сөздің өзі жұмыс процесін тоқтатып қоятын кездер де болады. - Таңдау қиынға соқты дедіңіз. Жұмыс барысы туралы толығырақ айта кетсеңіз... Дыбыстау үшін Лермонтов атындағы драма театрының актерларын шақырдық. Ал аударма үшін тіл мамандары, педогогтарды тарттық. Мәтіні дайын болған соң өзім түбегейлі тексердім. Онымен қоймай кішкентай балаларға сабақ беретін әдебиет пәнінің мұғалімдеріне оқыттық. Бала психологиясына қаншалықты сәйкес келетіндігін қарадық. Жұмыс барысында балаларға арналған кітап жазу қиынның қиыны екендігіне көзім жетті. Күн сайын менің алдымда кішкентайлардың жаңа әлемі ашылып жатқандай. Байқап қарасақ, 2-3 жасар балаларға кітаптар жоқ деуге болады. Яғни сол кезеңдегі балаларда кітапқа «дағдарыс» бар. Бір жағы сол олқылықты жою үшін де кітаптарды сол жастағы балаларға арнап шығаруды жөн көрдік. Ендігі жазып жатқан бір кітабымды қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілінде шығарамын деп жоспарлап отырмын. Тағы бір кітап қытай тілінде жарық көреді. Бұл екі кітап Алла қаласа, алдағы үш айда шығады. Қазір суретшілер жұмыстарын жасап жатыр. - Бұл жолғы кітап дизайнына да ерекше көңіл бөлініп жатқан шығар. Суретшілер кімдер? Шетелге кеткелі жатқандар кітаптарымды алып кетуге тырысады. Аларда көпшілігінің қоятын сауалы осы: суретшілер кімдер? Кітаптардың суреттерін отандық мамандар салады. Шығарған жер де еліміздің баспаханасы. Суретте бастысы эмоция болуы керек екен, соны ұқтым. Көптеген суретшілермен кездестім. Мультипликатор-суретшілердің жұмысы көңілімнен шықты. Солармен жұмыс істеуге кеңес берер едім. - Кітап нарығына ақырындап еніп келесіз. Қандай тенденция байқадыңыз? Біздің кітаптар қазір Ресейде сатылып жатыр. Мәскеуге қалай барғаным туралы айтып берейін. Бастапқыда қоңырау шалып, байланыспақ болғанмын, бірақ байланысқа шыға алмадым. Тікелей билет алып, Мәскеудегі ірі кітап дүкеніне тарттым. Сол жерде кітабымды көрсетіп, өзімді таныстырдым. Шыны керек, олар қатты таң қалды. Суреттеріне риза болды. Бұрын-соңды мұндайды көрмедік, бұл жаңалық қой деп жатты. Демек, қазіргі таңда кітап нарығына келгендер дизайнына аса мән беруі керек. Ал енді Лондонда сату үшін келісім жасау үстіндеміз. - Кішкентай оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы қандай? Менің үш ұлым бар. Үлкені жиырма жаста, ортаншым – он алтыда, кенжем – төрт жарым жаста. Осы кітапты жазар алдында бірінші кеңесшім Даниял болды. Менің ертегілерім өте көп. Бірқатарын оқып беріп, оның қызығушылығын байқауға болады. Мәселен, махаббат туралы айта бастасаң, әңгімені басқа жаққа бұрып, ұйқысы келе бастайды. Ал мысық, күшік туралы ертегіні, оған қоса эмоциямен айтып берсең – қызығушылығы оянады. Осыдан соң барып мен кішкентай оқырманның көңілін қалай табуға болатынын ұққандай болдым. - Кітаптың тұсаукесері өте жоғары деңгейде өткізілген. Кітаптың жарнамасына қаншалықты көңіл бөлінді? Тұсаукесерді алғаш рет жасағалы отырған соң, қатты қобалжыдым. Барынша ерекше өтсе дедім. Содан ойлана келе қазақтың жайлауында, кең далада өткізген жөн деп шештім. Бірақ балалар бар, оларды алысқа апара алмайсың. Ойлана келе қаланың ішінен сондай атмосфера туындата алатын жер іздедік. Көңілімнен шықты. Шабыттанғаным сонша, тұсаукесерінен екі аптадан соң Даниял жайлы ертегінің екінші бөлімін жазып тастадым. - Кітаптарыңыз бірқатар кітап дүкендерінің сөресінен орын алған. Бағасы қалай белгіленді? Кітап бизнесі – өзін ақтамайтын бизнес. Егер біз шығындарын есептейтін болсақ, бағасы шарықтап кетер еді. Әрі кітап дүкендері сөреге қойғаны үшін белгілі бір пайыз қосады. Сондықтан қазір сайтта (http://janamany.com/) онлайн-дүкен бар. Сол жерден тікелей тапсырыс беруге болады. Бағасы – 1000 теңгеден. Осы бағаға үш тілде жазылған, компакт дискісі бар кітапты аласыз. Бүгінде бояйтын кітапшалардың өзі осыған шамалас тұрады. Ақтамайды дегеннің бір дәлелі – осы. Оған қоса сыйлық ретінде балалар үйіне де бергенбіз. Барлығы да балалар үшін. Жақсылықтың қайтарымы міндетті түрде болады дегенге сенемін. Арзанға сатып жатқанның өзі оқырмандар үшін жасалған жеңілдік. Балаларымның болашағы үшін, кейін соларға жақсылық болып қайтса деген ниетпен жасаймын. - Кітапханаларға қою жағын ойланып көрдіңіз бе? Иә, бұл жоспарда бар. Мемлекеттік кітапханаларға қоюды ойластырып жатырмыз. Ол үшін Жазушылар Одағында мүше болуым керек. Ол менің арманым, шындығына келсек. Бірақ әзірге мен өзімді мүшелікке кіру үшін лайықты емеспін деп ойлаймын. - Бизнесті жақсы меңгеріп келесіз. Байқасақ, ертегі кейіпкерлерінің қуыршақтары, солардың бейнесі бар оқу құралдарын жасағалы жатыр деп естідік. Даниялдың қуыршақ түрін Қытайда зауытта жасаттық. Өте қиын жұмыс екен. Медициналық тексеріс, сапасын бақылау дегендер бар. Барлығынан сәтті өттік. Қуыршақ жасау бизнесін бастап кетсем, кітап жазуға қол тимей қалар деп те қорықтым. Сол себепті жеті кітаптай шығарған соң барып толықтай осы істі қолға аламын деп шештім. Қуыршақтар әлі сатылымға шықпады. - Бізде «Бал Бала» брендімен шығарылатын ойыншықтар бар. Белгілі продюсер Қыдыралы Болмановпен осы мәселе жөнінде кеңесіп көрдіңіз бе? Қыдыралы мырзамен ақылдастым. Біраз кеңестер де айтты. Қуыршақ бизнесін қолға алу туралы ойымнан ол кісі хабардар. Оңай еместігін ескертті. Бірақ ертегі жазып жатқанымды естіп, қуанып қалды. Сондай-ақ, ертегі шығарған соң мультфильм қоса шығарған жөн деп ойлаймын. Себебі заман сондай. Балалардың қызығушылығы мультхикаяларға басымырақ. Осыларды ретке келтіріп алған соң, қуыршақтар жасауға кірісемін. Сонымен бірге бағасы да қымбат болып отыр. - Керемет туындылары бар болғанымен, қаржылық жағдайы жетпен жүрген жас әдебиетшілер көп. Соларға қолдау білдіруге қалай қарайсыз? Адам не нәрсені шын көңілмен қаласа, жетеді. Жалындаған жиырма жасында керемет туындылар жаза білген адам бір жерден шығады деп ойлаймын. Мен де жиырмада болғанмын. Ол кезде менде құштарлық болды, бірақ қаражат болған жоқ. Қазір менің жасым отыз сегізге келді. Мен дегеніме ерте болсын, кеш болсын жеттім. Қазіргі жастарымызға тек сәттіліктер тілеймін. Оңай қол жеткізгеннің қадірі болмайды. Сынақтан өткен, қиындықтар көрген дұрыс. - Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз... Айтқанымдай жеті кітап шығарғым келеді. Екі кітап жарық көрді, екеуі процесс үстінде. Алла Тағала маған күш берсін. Бес жылдың ішінде мульфильм шығарғым келеді. «Балапан» арнасы сценарйиін қарап жатыр. Қолдау тауып жатса, Ләйла Сұлтанқызымен бірлесіп жұмыс жасау жоспарда бар.Жадыра АҚҚАЙЫР «7»