Выбор редактора
Жанат РАХМАНИ: Мемлекеттің мойнына мініп алғанды қою керек
Бұл компанияның пайда болу тарихы ерекше. Інісінің ҰБТ тапсыра алмауы, оны білім жүйесін қалай реформалауға, дамытуға болатыны туралы ойға жетелейді. Нәтижесінде ол бұған дейінгі бизнесін тастап, 2009 жылы UStudy жобасын іске қосты. Біріңғай ұлттық тестке дайындау, тестілеуден өткізу, оқу курстары мен видеосабақтар дайындаумен айналысатын орталық болашақта барлық Қазақстанда орталық ашып, білім саласына айтарлықтай өзгеріс жасау мақсатымыз дейді. Назарларыңызға UStudy жобасының құрылтайшысы, бас директоры Жанат Рахманимен сұхбатты ұсынамыз.
- Жанат мырза, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіремін. Ustudy.kz бизнес жоба ма, әлеуметтік жоба ма? Мұны қойып отырған себебім ҰБТ үшін бизнесті тастады деген тақырыптағы материалдарды оқып қалдым.
- Бұл негізі, араласқан бизнес-модель. Себебі ішінде әлеуметтік жобаның да, бизнес жобаның да элементтері кездеседі. Олай дейтінім, қандай жоба болмасын ақшасыз алға жүрмейді. Ол өзін-өзі ақтай ма деген сұрақ туындайды. Біздер, мәселен, орталықта ақылы тестілеу, оқу курстарын жүргіземіз. Бірақ біздің мақсатымыз осыдан қыруар пайда табу емес. Барынша сауаттандырсақ, білім берсек дейміз. Себебі білім арқылы ғана үлкен жетістіктерге жетуге болады. Осы жағынан алып қарасақ, жобаның басты бағыты - әлеуметтік. Бірақ айтқанымдай бизнес сипаттары да бар.
- Бұрын қандай бизнеспен айналысып едіңіз?
- 2005-2006 жылдары Сингапурде MacCoffee компаниясында жұмыс істедім. Ол жерге Қазақстаннан үш маман қажет болып, сол топтың құрамына ендім. Осылайша ТМД-да шай мен кофе нарығын дамытуға үлес қостық.
- Яғни Қазақстанға франчайзинг ретінде әкелдіңіздер?
- Жоқ, өндіріс пен сату ғана. 68 түрлі елмен бірлесіп жұмыс істейді. Әр елде зауыттарын салып, дистрбьютерлер арқылы сатады. Бүгінде жобалармен жұмыс істеуде осы тәжірибенің үлкен септігі тиіп отыр.
- Сіздің бизнесте тәжірибеңіз бар. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу қиын ба?
- Қазақстанда бизнеспен айналысу қатты қиын емес, тіпті оңай деуге болады. Біз осы бизнесті бастар сәтте Қазақстанда қағазбастылықтың барын, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу қиындығын айтқандар аз болған жоқ. Мен сонда айтқанмын: Ондай нәрсе жоқ, оның бәрі аңыз. Бізге бар керегі есікті дұрыстап қағып, кіру ғана. Сіз біреумен қалай сөйлессеңіз, ол да сізге сондай жауап қатады. Қазақстанда ғана емес, жалпы бизнеспен айналысамын деушілер көп кітап оқу керек. Соның ішінде бизнеске қатысты, шығармашылық туралы, ішінде үлкен идеясы бар кітаптарды жиі оқыған дұрыс. Кітап сізді алға жетелейді. Позитив сыйлайтындарды оқуға кеңес беремін.
- Өзіңіз қандай кітап оқисыз?
- Сүйікті авторларымның бірі - Джим Коллинз. «От хорошего к великому», «Построенные навечно» сынды кітаптары ұнайды. Неге таңдауым бұған түсті десеңіз, ол жерде үлкен компаниялардың басқалардан ерекшелігі көрсетіледі. Мысалы бағыты ұқсас Sony және Philips компанияларын салыстырады. Алғашқысының қай жерден ұтып, соңғысының қателігі қай жерде болғанын көрсетеді. Түптеп келгенде бәрі адамның бастапқы идеясына, оның ниетіне байланысты жалғасады. Сіз біреуге қол ұшын берсем деген оймен бастасаңыз, сізде үлкен мақсат тұрса - сіздің ойыңыз іске асады. Бүгінгі таңда бестселлер саналып жүрген тағы бір кітап - Максим Батыревтің «45 татуировок менеджера» туындысы. Бұл жерде кеңсе ішінде қарым-қатынас туралы айтылады. Яғни менеджерлер үшін таптырмас көмекші құрал дер едім. Біз 2015 жылдың басында небәрі тоғыз адам ғана болған едік. Қазір қызметкерлер саны жетпіске жетті. Оның бәрін бастап жүру керек, дұрыс бағыт көрсету керек. Бұл да оңай жұмыс емес. Бізде, Қазақстанда қазақ тілінде ондай кітаптар жоқ. Кішігірім компания өскен сәтте оны не күтіп тұрады, қандай қадамдар жасау керектігі жөнінде кеңес беретін кітаптар керек-ақ. Мысалы маған кеңес бере алатын бизнестегі жолдастарым, ағаларым бар. Мен олардан кез келген жағдайда көмек сұрай аламын. Сингапурдегі бастығым үнемі айтып отырады: «Қол астыңдағы қызметкерлерге жағдай жаса. Өзің сенетін бір адамды бекіт, ол басқаларын осы іске қоссын. Бірігіп жұмыс жасаңдар. 24 сағат жанынан табылуға дайын бол» - дейді. Ал біздегі менталитет қалай? Директор болды да, бітті. Шіреніп алып, бөлмесінен шықпайды. Оған кіріп, көмек сұрау бөлек мәселе. Біздегі проблема да осында. Мұндай негізі болмауы керек қой. Бастық бол, басқа бол командамен бірге жүру міндетің. Себебі бір топ - ол бір организм секілді. Қызметкерлерің сені сезінуі керек, сенің олармен бірге екендігіңді үнемі жадында ұстап жүруі тиіс. Сен жақсы басшы болсаң, олардың жұмысқа деген ынтасы екі есе болады. Бұдан барып нәтиже жақсарады. Директор болдым екен деп, жұмысты басқалардың мойнына іліп қойып, өзің Канар аралдарына барып демалуың керек деген сөз емес қой?!
- Жаңа қазақ тілінде кітаптар жетіспейді деп қалдыңыз. Тәжірибеңіз бар, кәсіпкерсіз. Өзіңіз кітап шығаратын ойыңыз жоқ па?
- Мүмкін келешекте шығарып қалармын. Әзірге ол туралы ойлағаным жоқ. Өйткені менен асқан мықты кәсіпкерлер бар елімізде. Олар жазса, мен міндетті түрде оқитын едім.
- UStudy жобасы 2009 жылы ашылған екен. Бірақ 2015 жылы ғана кең таныла бастаған. Мысалы мен өзім оқыған жылдары естімегенмін. 2015 жылға дейін не жоба аясында не істедіңіздер?
- Менің ұстанатын басты қағидам - ашықтық. Жоба енді ашылған сәтте осындай жобам бар еді, таныстырсам деп көп есікке бардым. Бірінде бастыққа кіру қиын, енді бірінде еш тосқауылсыз кіріп, түсіндірдім. Сол жылдар бойы осы жоба аясында қалай жұмыс жасау керек, кімдермен байланыс орнату керек деген мәселемен жүрдім.
-Яғни, жобаны бүгінгі дәрежеге жеткізу үшін 6 жылдай уақыт кетті
-Иә, жобалау, іске қосу ұзақ уақыт алды.
- Жоба ініңіздің ҰБТ-дан тиісті балл жинай алмауынан басталған екен. Бауырыңыздың бүгінгі жағдай қалай? Табысты кәсіпкер, қызметкер атанған шығар?
- Ол тіс дәрігері мамандығы бойынша колледж бітірді. Одан кейін заң саласындағы білімін кеңейту үшін тағы бір оқуды аяқтады. Қазір енді заң мен медицина саласында қатар еңбек етіп келеді. Заңға қатысты менеджерлік жұмыстар атқарады. Ал прокурор сынды қызметке барғысы жоқ. Біз қанша жерден осы салаға баруын қаласақ та, өзінің қалауы сол медицина саласы. Халыққа көмектесіп, тісін емдеген оған ұнайды. Сол себепті досымен бірге фирма ашып, халыққа қызмет етіп жүр. Жеке кәсіпкер десе болады.
- Ініге қамқорлық бизнес бастауға себеп болды. Жақсы ағасыз, ал қандай әкесіз?
- Менің қызым қазір төрт жаста. Ол дүниеге келген сәттен бері мен бала тәрбиесі туралы біраз кітаптар оқыдым. Балаға бірінші кезекте мейірім керек. Сол арқылы сіз оған жақсы тәрбие бере аласыз. Кеше бір жиналыста отырғанымда бөлмеге қызым кіріп келіп, тіземе отырып алды. Этика тұрғысынан жиналысты бөлген дұрыс емес, әрине. Бірақ ол - сенің қызың ғой. Оның көңілін қалдырмау мен үшін өте маңызды. Сен оған ұрсып, шығарып жіберсең ол оның есінде қалып қояды. Әр сәт баланың жадында қалады. Сол себепті жақсы ата-ана болғысы келгендер мейірімді болуы керек деп ойлаймын. Қазір мен оған қалай көңіл бөлсем, оның болашақ ол сондай ер-азаматқа тап болады. Көбіміз күйбең тіршіліктің қамымен жүреміз деп балаға тиісті көңіл бөлмей кетеміз. Соның салдарынан көп бала ата-анасына мәселесін айтпай, өзі шешемін деп соңы кейде суицидке апарып жатады. Баланың жағдайы біз үшін бірінші кезекте болуы керек. Мейірімнің азайып бара жатқаны өте өкінішті жағдай.
- Жалпы сіздің идеяңыздың түбінде білім беру саласын дамыту, жақсы жаққа өзгерту жатыр. Бүгінгі білім беру сапасына көңіліңіз тола ма?
- Жоқ, көңілім онша толмайды. Бұрынғы 19-ғасырды алып қараңыз. Сол кездегі ағартушылардың бейнесі қандай еді? Бес арыс, үш бәйтерек - бәрі өте интеллигент жандар. Суреттеріне көз салсаңыз, бәрінің киімі тап-тұйнақтай. Бір қарағаннан-ақ, ол адамның тегін емес екенін білесіз. Ал, қазір қалай? Мұғалім джинсы шалбар, созылған жемпір киіп келіп, сабағын жүргізе береді. Ал ондайды көрген бала қандай тәлім алады? Бізде Батысқа еліктеушілік жоғары. Сол жақтың ұстаздары еркін киінеді екен деп ұрандап жүр. Мұғалім - ол үлгі көрсететін адам. Егер шалбарының қыры тіп-түзу, көйлегі үтіктелген адам өзің мәдениетті ұстап, әдемі сөйлеп тұрса оқушының оған деген қарым-қатынасы да өзгеше болушы еді. Яғни, ұстазға қарағанда сүйсіну керек. Білімі жағынан да тек өз пәнін біліп қоймай, таным көкжиегі кең болғаны дұрыс. Олай дейтінім, бала ата-анасынан гөрі ұстазымен көп уақыт бірге өткізеді. Сол уақытта мұғалім жақсы тәрбие беріп, өнеге бола білуі керек. Бүгінде көп ұстаздардың атына сай еместігі қынжылтады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз бүгінде ҚызПУ-мен бірлесе отырып клуб ашып жатырмыз. Яғни ұстаздың жағымды образын жасауды қолға алудамыз. Қазір магистратурада оқып жатқан жастарға біз «Ұлы ұстаз бейнесін» көрсетіп, бағыт берумен айналыссақ деген жоспар бар.
- Батысқа еліктеушілік туралы айтып қалдыңыз. Бізде өзгенің қаңсығын таңсық қылып алу жиі кездеседі. Батыстан алу керек бір дүние болса, ол – оқуға түсер кездегі менталитетті алған дұрыс сияқты...
- Дұрыс айтасыз. Бізде ҰБТ-дан соң балл жинай алмасаңыз, қара аспанды төндіреді. Ал, Батыста бес жылдан кейін де оқуға қайта тапсыра алады. Сіз айтып отырған мәселені шешу үшін сынақ үлгісінде «вакуум» жоба дайындап жатырмыз. Ол жоба бірінші болып Өскеменде қолға алынады. Бұрын Кеңес Одағы кезінде оқуға екінің бірі түсе алмайтын. Түспей қалсаңыз, бос жүрмейсіз, бір іспен айналысасыз. Ал қазір қалай? Тесттен құласа қайта тапсыруға тырыспайтындар көп. Бұзақылық қайдан шығады? Осы бос жүргеннен пайда болады. Сол үшін біз зерттеу жүргізіп, керекті балл жинай алмаған балалармен жұмыс істесек деген ниеттеміз. Орталық қызметкерлері сол балалармен, ата-аналарымен кездесіп, жоспар құрады. Оқу курстарында дайындық жүргізуге шамасы келе ме? Егер жағдайы болмаса, кәсіпкерлермен келісіп, жұмысқа орналастырсақ. Мәселен, жарты күн оқып, жарты күн жұмыс істейтіндей етіп бере аламыз. Сол кезде жалақысының жартысы оқуына, жартысы өз қажеттіліктерін өтеуші еді. Біздегі бар мақсат – баланың білімге деген құлшынысын сақтау. Өзіңіз қараңыз, жыл сайын Қазақстанда 16 мың түлек солай бос қалады. КТА-ның да жағдайы сондай. Мемлекетте аталған бағдарлама жоқ. Оны кім жасай алады? Әрине, кәсіпкерлердің қолынан келеді. Міне солар қол ұшын берсе, осы мәселеге бей-жай қарамаса, еліміз қарыштап дамитын еді. Қанша жерден дағдарыс кезі десек те, білімге салынған инвестицияның қайтарымы мол болады. Бізде ең жаманы - мемлекеттік мойнына өз мәселемізді іліп қою. Яғни мемлекет қашан жағдайымды жасайды, қашан маған қол ұшын береді деп күтіп отырамыз. Бұл дегеніңіз дұрыс емес нәрсе ғой. Қайта біз мемлекеттің бір бөлшегіміз, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Бізге де көпшілік таң қалады, білімді мемлекет те береді, неге босқа күш жұмсайсыздар деп. Егер бәрі осылай ойлай беретін болса, біз ешқашан дамымаймыз. Қайта кәсіпкерлер қолдан келгенше көмек беруге даяр тұрса, мәселені шешуге ат салысса - құба-құп. Сонда ғана бізде алға жылжу болады.
- Дағдарыс өзіңізге сезіліп жатыр ма? Орталық қызметтері қымбаттады ма?
- Жоқ. Сезіліп жатқан жоқ. Дағдарыс – адамның басында ғана. Білетіндер үшін кризис – мүмкіндіктер мезгілі. Оны қазір тек мәселе деп қана қарап жүрміз. Неге көп оқу керек деймін? Оқыған, сауатты жандар қиын-қыстау кезеңде шыңдалады. Біздің кәсіпкерлер оқудан гөрі, тыңдағанды жақсы көреді. Оны ғылыми тілде «ассиметриялық ақпарат» деп атайды. Яғни елдің сөзіне сену. Негізі олай болмауы мүмкін, бірақ ерігіп отырып біреудің айтқанын шындық деп қабылдау. Ал, біздің қызметтеріміздің бағаларында биылғы жылы өзгеріс жоқ.
- Қайтадан білім саласына оралсақ. Болашақта мектептегі білім беру міндетті емес болуы мүмкін бе?
- Әбден мүмкін. Мен тіпті 20 жылдан кейін солай болады деп сенемін. Себебі Кеңес кезінде өмір сүргендердің орнына тәуелсіз уақытта туған сіздердей жандар келеді. Қазірдің өзінде ата-ана баласын неғұрлым жақсы білім беретін жерге бергісі келеді. Қанша жерден тегін мектептер тұрса да, білім жақсы жеке мектепке бергенді жөн көреді. Мемлекет мәңгілік біліммен қамтамасыз етіп отыра алмайды. Күндердің күнінде «өзің біл» дейтін болады. Сол кезде ғана білім сапасы артады. Себебі мектептер не жабылады, не жекеге өтеді. 200 мектеп болса, соның барлығы үздік болуға талпынады. Мен солай болса деп тілеймін.
- Сіздердің ұсынатын өнімнің бірі - видеосабақтар әлем бойынша сұранысқа ие. Біздің елде қалай? Қандай да бір статистика келтіре аласыз ба?
- Өкінішке орай, нақты білім беретін онлайн-сабақтарға сұраныс Қазақстанда өте төмен. Он бала көрсе, соның біреуі ғана кері жауап қайтарады. Біздің оқушылардың ынтасының болмауына тағы бір себеп – ресурстың ақылы болуында. Оқиын деп жатқанда бала ойлайды: ақылы видео алсам ба, жоқ тегін кітап оқысам ба деп. Оған білімнің ақысыз болғаны да мотивация. Ал, жаңағы он баланың қалған тоғызы – тіптен құлшынысы жоқтар. Оларға салсаң, өзі кітап ашпайды, ақылы сабақтарды айтсаң тіптен шошиды. Осыдан келе кей сабақтарды интернетке тегін жүктеп қойдық. Содан кейін барып оқушылар алғыстарын айтып, жақсы пікірлер қалдырып жатыр.
- Сонда интернетте тегін тараса, балалар қарайды деген сөз бе?
- Олай деп те айтуға келмейді. YouTube каналға жазылғандар саны – 150. Ал біздің аудитория (5-11 сынып аралығында) 1,5 миллион оқушы деп есептегенбіз. Бүкіл әлемде конверсия деген ұғым бар. Ол тұтынушының кері жауабы. Білім саласында кем дегенде қайтарым 3% болуы керек деп есептеледі. Өзіңіз қараңыз, бізде сол 3%-ға да жетпей отыр. Бұдан шығатын қорытынды – біздің қоғам әлі бұған дайын емес. Техникалық жағынан емес, моральдық тұрғыдан даяр емес.
- Мендегі ақпарат бойынша, Қазақстанның өзге қалаларында 50 орталық ашқалы жатыр екенсіздер. Бұдан бөлек қандай жоспарларыңыз бар?
- Осы 2016 жылғы жоспарымыз – 20 орталық ашу. Яғни Қазақстанның әр қаласынан кем дегенде бір орталық құрсақ деп отырмыз. Оңтүстік өңірде екеуін ашқалы жатырмыз. Себебі халық ең көп қоныстанған аймақ деп саналады. Шымкентте 25 ақпанда ашылуын өткіземіз, бұйыртса. Жақын арада Өскемен, Семей қалаларынан орталықтар бой түзейді. Одан кейінгі бағыт – Батыс аймақ. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларынан ашамыз. Бұлар - осы көктемде жүзеге асырылатын іс-шаралар. Ал, жазға қарай, Солтүстік және Орталық өңірлерді қамтымақпыз. Ал негізгі мақсат орталықтың санын 50-ге жеткізу.
-Сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Жадыра АҚҚАЙЫР «7»