Экономика
“Жасыл коттедж” немесе экологиялық үй дегеніміз не?
Экологиялық үй қазіргі кезде сәнді тренд немесе батысқа еліктеушілік емес. Қазіргі экологиялық-экономикалық аһуал экологиялық үйлерді салуға ықпал етуде және келешекте осындай үйлердің көптеп салынуына да жол ашуда. Күннен-күнге қымбаттап жатқан энерготасымалының құны осының бір мысалы ғана бола алады. Жалпы айтқанда экологиялық үй дегеніміз не? Оны қалай, неден тұрғызуға болады? Онда тұру мүмкіндігі, үй құны қалай болмақ? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік!
Экологиялық үй деп – қоршаған ортаға кері әсері аз, энергияның барлық түрімен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын үйді айтамыз.
Экологиялық үй негізінен, үш бөліктен
тұрады. Ең бірінші – үйдің қорапшасы. Жай үймен салыстырғанда күн сәулесі есебінен жылулық қорғанышы алты еселенген экоүй ғимаратын экономикалық және техникалық мақсатта жылыту қажет. Экоүйдің екінші бөлігіне оның тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері – жылыту, вентиляция, органикалық және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жатады. Үшінші бөлігіне биоботаникалық бағы бар ғимарат алды алаң жатады.
Нағыз экоүйлерді жылуды жақсы сақтайтын, адамзатқа зияны жоқ, жылы, аялы үй ретінде елестетеміз. Ондай үйді жасау үшін алдымен үйдің жылы қорапшасын жасау қажет. Яғни, үйдің құрылысы үшін жылытқыштарды пайдалану арқылы үйдің тек қабырғасын ғана емес, іргетасы мен еденін де жылытуға болады.
Экологиялық үйлердің біраз артықшылықтары мен ерекшеліктері болады. Ішіндегі ең маңыздыларына тоқталып өтсек:
- Компютерлендіру
- Изоляция
- Вентиляция
- Экологиялық материалдарды қолдану
Компьютерлендіру – үйдегі барлық процесті компьютер басқарады. Оның функцияларына жылыту жүйесін, су айналымын, жарықты қосу мен өшіру, терезені ашу және вентиляцияны басқару жатады. Егер үйдегі ауа құрғап бара жатса, автоматты жүйе ионизаторды бірден іске қосады. Егер алдағы ауа райы ыстық немесе желді болатын болса, бағдарлама желдің қай бағыттан болатынын немесе терезені қай уақытта ашу керектігін жоспарлап береді.
Изоляция. Аса маңызды ережелердің біріне изоляция жатады. Егер кәдімгі үй құрылысы кезіндегі жылулық изоляция қалыңдығы 2,5-5 см болса, экоүйдегі изоляция қалыңдығы 20-50 см болады.
Вентиляция. Үшінші талап - үйге жылуды максималды қайтарымын қамтамасыз ететін вентиляциялық жүйені орнату. Автоматты вентиляциямен жабдықталған үйлерде шаңды ұстап қалатын фильтрлер ауаны тазартады. Егер кәдімгі үйде вентиляциялық торда қаншама шаң-тозаң шөгіп қалатын болса, экоүйлерде ондай жағдай болмайды.
Экологиялық материалдарды қолдану. Әрине, экоүйлердің бастапқы ерекшелігіне құрылыста экологиялық материалдардарды (ағаш, кірпіш, тас), бейорганикалық қалдықтарды қайта өңдеу өнімдерін (әйнек, бетон, металл) пайдалану жатады.
Экологиялық үйлерді тұрғызу құны кәдімгі үйлердің құнынан 10 пайызға қымбат. Десе де, экоэнергияға кететін шығын кәдімгі үйге кететін шығыннан 30-50 пайызға төмен. Сол себепті, қазіргі қоғам баламалы энергия көздеріне мұқтаж заманда экологиялық үйлердің тиімділігі аса зор болып отыр.
Қазіргі таңда осындай экоүйлер кездеседі. Назарларыңызға осындай экологиялық талапқа сай салынған үздік 10 үйді ұсынамыз.
- Граса Коррейя мен Роберто Равацци есімді сәулетшілер жасаған Casa No Gere жобасы. Португалия елінің ұлттық паркінде тұрғызылған бұл үйдің бір бөлігі тау ішіне жасырылған, қалған бөлігі жартас пен өзеннің үстіне орналасқан. Қарапайым конструкция, терезеден керемет көрініс және табиғатпен етене танысу мүмкіндігі бар.
- “Aisslinger” неміс компаниясы “Fincube” атты ерекше бір экологиялық жобаны ойлап тапты. Үй Италияда, Больцано маңайында 1200 метр биіктікте орналасқан. Жоба бойынша минимальді көмірқышқыл газының төгіндісі бар энергияны аз тұтынады. Үйдің көлемі 47 шаршы метр, минимал дизайн, тіршілік етуге барлық жағдай қарастырылған.
- “ikaros” экологиялық үйі Германияда тұрғызылған. Розенхаймдегі қолданбалы ғылымдар университетінде құрастырылған жоба бойынша энергия кәдімгі үй тұтынатын энергиядан да артық өндіреді. Бұл қалай жүзеге асады? Әртүрлі жасыл технологияларды пайдалана отырып, мысалы, күн батареяларын, вакуумды изоляция панелдерін және табиғи вентиляцияны пайдалана отырып іске асырылады.
- Швейцарияда орналасқан экологиялық үй. Деревнялық қыстақта тұрғызылған бұл үй екі қабаттан тұрады. Екінші қабаты 40 градустық ылдиы бар және бірінші қабаттың жоғары бөлігіне сүйеніп тұрады.
- Көпшілік күн батареялары осы үйдің дизайнына сәйкес келмейді деп қауіптенеді. Нақты жағдайда панелдер ғимараттан тәуелсіз бола отырып, осы мәселеде ұтымды шешімді көрсетеді. Чаканат Ридж үйі Прентисс сәулетшілерімен жобаланып, Вашингтон штатында тұрғызылған.
- “Өмірге арналған үй” ААРТ сәулетшілерінің тұрғын эко-жобасы болып табылады. Дания елінде Орхус маңайында орналасқан. Сәулетшілер минимал көмірқышқыл газының төгіндісі бар энергияны аз тұтынуға басты назар аударған. Таңғаларлығы, осы үйде тұтыну энергиясына қарағанда өндіру энергиясы тым артық.
- Пьетро Руссо жобалаған әдемі де жинақы экологиялық үй Оңтүстік Африкада, Франшхойекте тұрғызылған. Үй көркі көз тартарлық пейзажда орналасқан және қоршаған ортамен үйлесімін тапқан, қазіргі заман талабына лайық дизайны бар. Табиғат аясында оңаша өмір сүруге мүмкіндік береді.
- Жартастың шың басында орналасқан Ресейдегі экологиялық үй жергілікті жердің жазығына тән таңғажайып көріністі ұсынады. Құрылысы кезінде экологиялық ең таза материалдар мен энергиялық тиімді жүйелер, сондай-ақ, ағынды жүйелер жобасы қолданылған.
- Иран сәулетшісі Глен жобалаған үй АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында орналасқан. Жобаның міндетіне емін-еркін бос кеңістікті пайдалана отырып, максимал ашық кеңістікті құру жатады. Сондай-ақ, үй әртүрлі табиғат апаттарынан қорғалған.
- Сәулетші Роблес тұрғызған Коста-Рикадағы экологиялық вилла. Үй қаладан 20 км қашықтықта, мұхитқа шығып тұрған кішігірім жартас үстіне орналасқан. Ылғал ортада үйдің тәуелсіздігі мен сенімділігі оның ерекшелігі болып табылады.
Ал, Қазақстанда “Жасыл құрылыс” саласы енді қолға алынып жатыр. “Astana EXPO-2017” халықаралық көрмесі аясында “Болашақ энергиясы” жобасы әзірленіп, көрме барысында іске асырылмақ. Экономиканың бір бөлігін “жасыл экономикаға” көшіру мәселесі де қарастылып жатыр.
Суреттер vitamarg.com сайттарынан алынды.
Дайындаған Айбек Емберген "7"