Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жазда Қапшағайда жаңа күн электр станциясы іске қосылады

Жазда Қапшағайда жаңа күн электр станциясы іске қосылады

Алматы. 10 сәуір. 7kun.kz – Алдағы жазда Қапшағайда күн электр станциясы іске қосылады. Бұл туралы 7kun.kz Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан білді.

«2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша техникалық дайындық 75%-ды құраса, жобаны іске қосу мерзімі 2019 жылдың маусым айының басында жүзеге асырылады», - деп түсіндірді басқармада.

Сонымен қатар, жобаға инвестиция көлемі де өзгерген. Мәселен, сингапурлық Eneverse KunKuat PTE.Ltd компаниясы 27 млрд теңге бөлді. Күн электр станциясының қуаты 100 МВт құрайды, 32 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Қапшағай қаласында күн электр станциясын іске қосу жоспары туралы 2017 жылы хабарланған болатын.

Жалпы біздің елімізде күн энергиясын дамыту перспективалары өте қолайлы. Әлеуеті жылына шамамен 2,5 млрд кВт / сағаты құрайды. Сондықтан, 2017 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі» бойынша қуаттылығы 0,2 МВт-тан 100 МВт дейін 27 күн электр станциясын салу жоспарланған. Оның басым бөлігі Түркістан облысында. Биыл және келер жылы облыстағы Арыс, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Созақ аудандарында жалпы $145 млн құрайтын төрт күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Бұларға орыс, неміс, француз, қытайлық инвесторлар қаржы салған.

Алматы облысындағы Қапшағай күн электр станциясының қуаты қуаты 100 МВт. Жоба іске қосылған соң 32 жергілікті адамды жұмыспен қамтиды. Күн электр станциясы Алматы облысындағы жалғыз жоба емес. 2025 жылға дейін Сарыөзекте украиналық инвесторлардың қолдауымен құны 37,8 млрд теңгелік жоба іске қосылады.

Жалпы алдағы уақытта Қазақстанда күн электр станцияларының қарасы көбейетін түрі бар. Электр энергиясын өндіру, электр желілерін жаңарту ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында айтылады. Өйткені өнеркәсіпті, өндірісті дамытуға қажетті нәрсенің бірі - электр энергиясы. Бұл мақсатты дәстүрлі энергия көздерімен қатар баламалы - күн, су, жел энергиясын дамыту көзделген. Қазақстанның географиялық жағдайы мұның үшеуін де өндіруге мүмкіндік береді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша 2019 жылдың соңында баламалы энергия көздерінің күш қуаты 1,2 мың МВт-қа жетеді.

Баламалы энергия көздерінің ішінде күн энергиясы өндірісі көбейгені байқалады. Бұл жағынан Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Алматы облыстары белсенді.

 

Похожие материалы