Швейцарияда ең ірі автокөлік көрмелерінің бірі - Женева халықаралық автосалоны (Geneva International Motor Show 2015) ашылды. 7kun.kz Женевада көрсетілген ең өзгеше 10 автоконцепт тізімін назарларыңызға ұсынады.
Aston Martin DBX
Женевадағы автошоуда өзгеше келген Aston Martin DBX таныстырылды. Бұл автоның "бойында" спорттық купе мен жол талғамайтын көлік стильдері тоғысқан. Экстерьерді рәсімдеген кезде фирмалық радиатор торы, жіңішке жарық диодты басы бар оптика, биік табалдырық, артқы тіреулерде стильді қаптамалар және үлкен дөңгелектер пайдаланылған. Төрт орынды Aston Martin DBX концепті минималистік стильде орындалған, мәселен, интерьерде орталық консоль мен аспаптар тақтасы жоқ. Барлық қажетті ақпарат екі проекциялық дисплейге (біреуі жүргізуші үшін, екіншісі алдыңғы жолаушы үшін) шығарылады.
Audi Prologue Avant
Стильді Prologue Avant фирмалық гексагональді радиатор торына және үлкен 5-шабақты жеңіл қоспалы дөңгелектерге ие. Алдында матрицалы жарық диодты шам және үлкен ауа қармауыштары бар. Артында өзара жалғанған жарық диодты шамдар, жұқа спойлер және бамперге кіріктірілген үлкен газ шығарушы түтік орнатылған.
Bentley EXP 10 Speed 6
Bentley Женевада концептуалды спорткарды көрсетті. Концепт интерьерінде Bentley үшін дәстүрлі былғары және ағашпен қатар алюминий мен мыс пайда болды. Аспаптар тақтасында түрі швейцариялық қол сағатына ұқсайтын тахометр ғана аналогтық болып қалды, ал тақтаның қалған беті мониторға айналған. Бұған қоса, орталық консольде де иілген 12-дюймдік сенсорлық экран орнатылған.
Honda FCV
Жапондық Honda компаниясы ресми түрде сутекті FCV концептін таныстырды. Компания таратқан ақпаратқа сүйенсек, жаңа үлгінің сериялық өндірісі 2016 жылдың наурызында басталады. Концептуалды үлгінің өнімділігі артқан, 700 км дейінгі қашықтықты игере алады. Күш агрегатының қуаты 100 кВт астам. Жапондық брендтің ресми өкілдері көліктің өнімділігі 60%-ға артқандығын айтады.
Infiniti QX30
Infiniti QX30 концепті - бұл премиялық клиенттердің жаңа легіне бағдарланған, жаңа ықшам кроссоверды жасауға бағытталған Infiniti дизайнерлерінің ұсынысы. QX30 ықшам автокөліктер сегментін қайта жаңғырту үшін жасалған. Үлгінің айрықша дизайны осы сегменттен күтілетін іскерлілік шеңберінен де жоғары тұр.
Land Rover Defender 105 Longnose
Land Rover Defender 105 Longnose Flying Huntsman - британдық Kahn Design дизайнерлік компаниясының жаңа жобасы. Автокөлік стандартты 90-дюймдік дөңгелек базасына қосымша 105 саниметрге ие болды (атауындағы 105 саны осыған байланысты). Сыртында ұзартылған капотты жаңа кеңейтілген қанаттар толықтырып тұр. Толығымен қайтадан өңделген алдыңғы бамперге жарық диодтары біріктірілген, желдеткіш саңылаулар стильді қаптамаларға ие болды, ал радиатордың зауыттық торы заманауи баламасына ауыстырылды.
LEXUS LF-SA
Сыртынан қарағанда концепт хэтчбек, кроссовер мен купе қосындысына ұқсайды. Кейпі футуристік стильде орындалған, бірақ радиатордың қазіргі фирмалық торы пайдаланылған. Үлгінің габариттік ұзындығы 3450 мм, ені - 1700, биіктігі - 1430. Техникалық сипаттамалары әзірше жария етілмеді.
Nissan Sway
Жапондықтар Женевадағы көрмеде стильді Nissan Sway концептін ұсынды, бұл концепт компанияның келешектегі үлгілерінде қолданылатын дизайн бағытын танытуды меңзейді. Бұл жоба Micra үлгісінің келесі буынының жаршысы болуы әбден мүмкін. Анығын айтқанда бұл көлік қазіргі "Микрадан" біршама үлкен, Nissan Sway-дің габариттік ұзындығы 4 010 мм, дөңгелек базасының ауқымы - 2570, ені - 1780, биіктігі - 1385 мм. Үлгі туралы толық мағлұмат берілмеді.
Peugeot Quartz
Автокөлік кроссовер ретінде таныстырылды. Peugeot бұл үлгінің ең танымал болуы тиіс дегендей өздерінің жаңа концептін жер шарындағы ең кең таралған материал - кварцтың атымен атады. Сонымен қатар кроссовер аталған кристалл секілді қырлы-бұрышты болып келген.
Tata Connectnext
Минивэннің, дәлірек айтсақ микровэннің ұзындығы шамамен 4 метр, төбесі биік. Төрт орынның әрқайсысы СК-экраны бар жеке мультимедиялық жүйеге ие. Есіктері кең ашылады: артқылары қозғалыс бағытына қарсы ашылады, ал төбесі - панорамалы.