Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ЖИТС-тың соңы

ЖИТС-тың соңы

1981-2016 жылдар аралығында ЖИТС (Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы - AIDS) пандемиясы 36 миллион адамның өмірін жалмаған. Осынша адам қазір АИВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы - HIV) вирусымен өмір сүріп жатыр. Өткен жылы 1,2 миллион адам ЖИТС дертінен көз жұмса, 1,8 миллионы ауруды жұқтырды. Бұл статистика үрейлендіреді, бірақ бір қуаныштысы – «ЖИТС-тан ада ұрпақ» жобасының қойған мақсаты шынайы, оған қол жеткізуге болады.

Қажетті саяси шешімдер АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп әкімшілігі қызметіне кіріскен соң бірден қабылданбақ. «Эпидемияны тоқтатуға болады» деп сенімді түрде айтуымызға 2011 жылы ашылған ғылыми жаңалық себеп. Ол жаңалық бойынша, АИВ вирусы бар адамдар антиретровирустық (АРВ) ем қабылдаса, олардың қанындағы АИВ вирусы әлсірейтіні сондай, оны секс немесе ортақ инені пайдалану арқылы басқаларға жұқтыру мүмкін болмай қалады. Бұл жаңалық «аурудың алдын алу мақсатында емдеу» концепциясын бекітті. Егер АИВ вирусы бар адамдардың көбі АРВ емін қабылдаса, бұл олардың өмірін сақтауға ғана емес, вирустың әрі қарай таралмауына да септігін тигізеді, сөйтіп эпидемияның өзін тоқтатады.

Осы жаңалықты негізге алған ЖИТС бойынша мамандар «90-90-90» және «ЖИТС-тен емдеу каскады» деген екі түрлі идея ұсынып отыр. 90-90-90 бағдарламасы бойынша, 2020 жылға қарай АИВ-ға шалдыққандардың 90 пайызы бойында вирус бар екенін біледі (алғашқы 90); ауруынан хабардар жандардың 90 пайызы АРВ емін қабылдайды (екінші 90); АРВ емін қабылдайтындардың 90 пайызы қанындағы АИВ вирусын әлсіретеді. «Каскад» жобасының идеясы: осы үш 90-ның әрқайсысы діттеген межесіне жете алса, яғни 90% x 90% x 90% десек, АИВ жұқтырғандардың арасында ол вирусты әлсіреткендердің жалпы үлесі 72 пайыз болмақ.

Егер қазір дертпен ауыратындардың 72% бұл ауруды басқаларға тарата алмайтын болса, онда ЖИТС эпидемиясы тоқтайды. Ал 2020 жылғы 90-90-90 жобасы 2030 жылы 95-95-95-ке айналатын болса, онда АИВ вирусы бар, бірақ оны басқаға жұқтыра алмайтындардың жалпы үлесі 86 пайызға өседі. Ірі қаладағы балалардың 80 пайызына екпе салып, қалған 20 пайызы екпе алмаған болса да қызылша эпидемиясының таралуы тоқтайды. Дәл сол сияқты бұл шара да эпидемияны ауыздықтайды. Бірен-саран науқас болғанымен, жалпы ЖИТС қасіреті аяқталады.

Мемлекеттер нәтижеге ұмтылатын болса, 2020 жылға дейін 90-90-90 межесіне, 2030 жылға қарай 95-95-95 көрсеткішіне жетуге болады. Жақында Швеция 90-90-90-ға жеткенін хабарлады. Бақуатты елдердің көбі бұл деңгейге жақын тұр. Халықаралық қауымдастықтың көмегі мен мемлекеттердің табандылығының арқасында дамушы елдер де 90-90-90 биігін бағындыра алады.

2020 жылға дейін АИВ вирусын жұқтырғандардың 90 пайызының тексеруден өтіп, бұл ауруға шалдыққандарына көз жеткізуі – әлемнің көп елі үшін ең қиын шаруа болып тұр. Бұл межеге жету үшін бойында аурудың симптомдары бар немесе жұқтыру қаупі жоғары адамдардың емдеу мекемелеріне баруға мүмкіндігі болуы керек.

АИВ-ға шалдыққандардың 90 пайызы тексеруден өткен соң екінші 90-ды бағындыру қаржының бөлінуі мен тиісті қызметкерлердің болуына байланысты. Денсаулық саласына лайықты қаражат бөлінсе, вирус жұқтырғандардың бәріне дәрі беріледі.

Үшінші 90-ға жету (вирустың белсенділігін төмендету) АРВ емін қабылдап жатқандардың дәріні уақытында ішуіне байланысты болмақ. Бұл үшін әлеуметтік қызметкерлер науқастарды аурудан толық айығып кетсе де дәріні ішіп жүруге ынталандырып, оларды дәрімен толық қамтамасыз етіп отыруы керек.

Тіпті медициналық қызметпен қамтылмаған кедей тұрғындардың арасында да смартфонның көмегіне сүйенетін қоғамдық денсаулық қызметкерлерінің арқасында 90-90-90 межесіне жетуге болады. Кем дегенде орта білімі бар, АИВ жұқтыруы мүмкін деген адамдарды анықтап, оларды анализ тапсыру үшін емханаға әкелу, медициналық ем-домды уақытында қабылдату сияқты шараларға машықтандыратын бірнеше айлық тренингтен өткен адамдар қоғамдық денсаулық қызметкерлері болуы керек. Смартфонға орнатылған арнайы бағдарлама олардың жұмысын жеңілдетеді.

Африканың дәрігерлері өте аз, ЖИТС-қа шалдыққандары көп ауылдық жерлерінде қоғамдық денсаулық қызметкерлерінің адам өмірін сақтаудағы рөлі орасан зор екені дәлелденген. Оның үстіне қоғамдық денсаулық қызметкері болып жұмыс бастау жастардың карьерасына көп көмектеседі. Алғашқы жалақылары өте төмен болғанымен (айына 100 АҚШ доллары шамасында), тәжірибе мен тренингтің арқасында жас қызметкерлер медбике сияқты мамандық алуға, білімін жетілдіріп, табысын молайтуға ұмтыла алады.

Дегенмен, ЖИТС эпидемиясын тоқтату мүмкіндігі туғанына қарамастан, әлем қазір тығырықта тұр. Өкінішке қарай, біздің елдердің үкіметтері үлкен мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылудың орнына «ескі сүрлеумен» жүре бергенді жөн көреді. Осыдан он алты жыл бұрын қаржы болмағандықтан, ЖИТС-ке шалдыққан кедейлерге ешқандай ем қолданбау саясаты бар болатын. Сол кезде мен ЖИТС-ты емдеу үшін «Ғаламдық қор» құру туралы бастама көтердім, кейіннен бұл идея жүзеге асып, Африкада ЖИТС-ті бақылау жолға қойылды.

АҚШ президенті Джордж Буш әкімшілігі ЖИТС-қа байланысты қаржылық міндеттемелер алды, Ғаламдық қор мен АҚШ-тың бағдарламаларының арқасында миллиондаған адам ем қабылдай бастады. Алайда, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан соң президент Барак Обама АҚШ бөлетін қаржыны біршама азайтты, сөйтіп әлемдегі ЖИТС-ты ауыздықтау шаралары орта жолда тоқтап қалды. 2016 жылғы мәлімет бойынша АИВ жұқтырғандардың жартысына жуығы ғана АРВ емін қабылдайды, ал бұл 90 пайыздық межеден әлдеқайда төмен.

Жақында билікке келетін Трамп әкімшілігі үкіметтің және басқа да демеушілердің көмегімен қаржы бөлу арқылы ЖИТС-ті жоюдың тарихи мүмкіндігін пайдалануы керек. АҚШ жыл сайын бөлетін 3-4 миллиард долларға қосымша жылына 10 миллиард доллар қаржы жиналып отырса, бұл шаруаны аяғына жеткізуге болады.

Скептиктер «Трамп мұндай істерге көмектесетін адам емес» деп миығынан күлуі мүмкін. Бірақ, ашығын айтсақ, 15 жыл бұрын ЖИТС-қа қарсы күреске қомақты қаржы құйылуына Джордж Буш серпін береді деп кім ойлаған? Тарихта жағымды, жағымсыз тосын сыйлар көп болады, егер қол жеткізе алсақ, ЖИТС-ті жою – біздің буынның тарихи жетістігі болатын түрі бар.

jeffrey_d_sachsАвтор туралы: Джефри Сакс – тұрақты даму, денсаулық сақтау саясаты және менеджменті профессоры, Колумбия университеті Жер институтының директоры. Ол, сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымы Тұрақты даму шешімдері желісінің директоры.

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.

Похожие материалы