Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жол - экономиканың күретамыры

Жол - экономиканың күретамыры

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аяқталуына бір жылдай уақыт қалды. Бағдарлама аясында халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар қайта салынып жатқаны белгілі.

Айталық, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көлік саласында 16 жобаның іске асырылуы қарастырылған. Оның 11-і – автомобиль жолдары саласында, 2 жоба – темір жол саласында, су, азаматтық авиация және логистика саласының әрқайсысына бір-бір жобадан келеді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы шеңберінде автомобиль жолдары саласында биылғы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар 800 шақырым жол пайдалануға беріледі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық-Оңтүстік» (Астана-Алматы), «Орталық-Шығыс» (Астана-Өскемен), «Орталық-Батыс» (Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау), Алматы-Өскемен, Астана-Петропавл РФ шекарасы, Орал-Каменка, Жетібай-Жаңаөзен, Үшарал-Достық пен Астананың Оңтүстік-Шығыс айналымы және Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды автомобиль жолдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал теміржол саласында 14 шақырымдық «Боржақты – Ерсай» темір жол желісін салу (орындалу мерзімі 2014-2015 жылдар) бойынша жұмыстар аяқталып, 2016 жылы күзде іске қосылды», – деді министр.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, халықты жұмыспен қамту  мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында аталған бағдарлама аясында соңғы екі жыл ішінде автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге бөлініпті. Оның 329 млрд теңгесі Ұлттық қор есебінен қаралған. Ал министр келтірген деректерге сүйенсек, бөлінген қаражат бүгінде толық игерілген.  «Нақтылай түсетін болсақ, бұл қаржыға республика аумағы бойынша 9 жоба іске асырылды: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Ор­талық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Ал­маты – Өскемен», «Астана –Петро­павл», «Жезқазған – Петро­павл», «Ақтөбе – Атырау» және «Орал – Каменка» жолдарында жұмыс қызу жүріп,  жол  құры­лы­сымен Қазақстанның 12 айма­ғындағы 2 мың шақырым қам­тылды. Жобаларға еліміздің 75 мың адамы қатыстырылып, мате­риал­дардың 90 пайызын отандық өнді­рушілер дайындады. Осы атал­ған шаруалардың барлығы «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары­ның 92-қадамы шеңберінде жүзеге асырылды», – деді Ж.Қа­сымбек. Қазіргі уақытта министрлік пен облыстық әкімдіктер бір­лесе отырып, республикалық маңы­зы бар автожолдарда жол қызме­тінің объектілерін жаңарту жөнін­де жұмыстар жүргізуде екен. Мұның сыртында, «Нұрлы жол» аясында 2020 жылға дейін негізгі халықаралық дәліздерде Ұлттық стандартқа сай келетін 260 қызмет нысандарын дамыту көзделуде.

Ақылы жолдар көбейеді

Ақылы жолдың қатарына кіріп жатқан республикалық маңызы бар жол-көлік магистралы көбеюде. Бұл жүйе тағы да пайдалануға берілетін жолдарға де енгізілмекші. Болашақта ақылы жолдың бағасы көтеріле ме?

Бірнеше жылдан бері Астана мен Бурабай аралығындағы жолда ақылы жүйе қызмет етіп келеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 4-5 жылдан бері «Астана-Бурабай» жолында жүру құны өзгермегенін айта келе, оның жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктеріне 6-8 теңгеге дейін жететінін атап өтті. «Алдағы 1-2 жылда бағаны көтеру жоспарымызда жоқ. Бірақ болашақта жолда жүру ақысын көтеру керек деп санаймыз. Себебі, құрылыс материалдарының бағасы өсіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар жолды күтіп ұстау жанар-жағармай көп көлемде қажеттілік етеді. Осы орайда отын бағасы өсіп жатыр. Қазір емес, алайда 2-3 жылдан кейін осы мәселені қайта талқылауға саламыз деп ойлаймыз», – деп жауап берді министр.

 Оның айтуынша, жобалардың аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жолдарға ақылы жүйені енгізу ескерілген. Осы орайда жолдарды күтіп ұстау қамтамасыз етіліп, бюджетке жүктемені төмендетеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай ақылы жүйе 6 мың шақырымға, ал кейіннен 7 мың шақырымға дейін енгізіледі. Ақылы жүйе Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде іске қосылатын болады. Құны Астана-Щучье автожолындағыдай болады, яғни жеңіл көліктерге 1 шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағының ауырлығына қарай 18-25 теңге төлейді. Бұл жолдардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық», – деді министр. Мамандардың пікіріне сенсек, осы тариф бойынша автожолдар өздерін толығымен ақтайтын көрінеді. Мәселен, былтыр Астана-Бурабай ақылы автожолы бойынша 1 млрд 251 млн  теңге жиналып, толығымен өзінің күтіп ұсталуына жұмсалған. Ал 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жолды ақылы еткеннен кейін, барлық жолдарды республикалық бюджеттің қатысуынсыз күтіп ұстауға болатыны түсінікті.

[su_pullquote]Әр мемлекеттің дамуы – жолымен өлшенеді. Өйткені жол – тіршіліктің күретамыры, экономиканың қуатты даму көзі. Еліміздің экономикалық күш-қуаты мықты болса, халықтың да тұрмысы жақсаратыны белгілі. [/su_pullquote]

Алайда бүгінде жаңадан салынып жатқан жолдар сапалы ма? Көптің көкейінде жүрген сауалға жауап берген Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Республикамыздың жолдарын дамыту Елбасы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар автожолдарының 4,4 мың шақырымын реконструкциялау, 6 мың шақырымын жөндеу жоспралануда. Салынып жатқан жолдардың сапасы өте жоғары. Мердігер ұйымдар, техникалық және сапаны қадағалайтын қызметтер қазіргі уақытта озық технология және заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Ол жерлерде жоғары дайындықтардан өткен кәсіби қызметкерлер жұмыс істейді», – деді.

Ал жол құрылыс-жөндеу жұмыстарына 90-95 пайызы отандық құрылыс материалдары қолданылады екен. Жалпы қиыршық тас, битум, цемент, темірбетон конструкциялары, сияқты және т.б. басқа материалдар отандық өндірушілерден сатып алынады.

Министрдің айтуынша, елімізде битум шығаратын 4 зауыт бар. «Олар Павлодар, Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларындағы зауыттар. (Павлодар Мұнай химиялық зауыты, Ақтаудағы Каспии Битум зауыты, Алматыдағы Асфальт-бетон зауыты, Шымкенттегі Газпром мұнай битумы) Сонымен қатар, цемент пен темірбетон конструкцияларын 10-нан аса зауыт толығымен қамтамасыз етеді. Тек қана бетонға қолданатын арматураның кейбір маркалары Ресейден алынады», – деді Жеңіс Қасымбек мырза.

Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің дерегінше, 2017-2019 жылдары автожол саласына 1,7 триллион теңге қаржы құйылып, жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырымдық жол салынады және қайта жөнделеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жеті бағытын  іске асыру үшін 2015-2019 жылдарға 5 трлн  300 млрд теңге көзделіп, оның ішінде тек автомобиль магистральдарын дамытуға 2 трлн 400 млрд теңге жұмсалатыны айтылды.

Инновация арқасында индустрия дамыса...

Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Қазақстанда 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған-ды. Осы бағдарлама аясында Елбасының қатысуымен қаншама зауыт іске қосылғанын да білеміз. Алайда сол жобалардың кейбірі өнім өндірмей, жабылып та қалды. Бұл нені білдіреді?

Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болудың басты бағыты – индустриалды-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процесстерге бет бұру .

Дамыған индустриялы елдерде технологиялардан, құрал-жабдықтардан, кадрлар даярлаудан, өндірістерді ұйымдастырудан көрініс табатын жаңа ілімдер үлесіне ІЖӨ өсімінен 80-нен 95 пайызына дейін келеді. Бұл елдерде жаңа технологияларды енгізу нарықтық бәсекелестіктің өзекті факторы өндіріс тиімділігін арттырудың және тауарлар мен кызметтер санасын жақсартудың негізгі құралы. Қазіргі уақытта ғылымды көп қажетсінетін отандық өндірісті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді алуға бағдарланған ғылымды көп қажетсінетін жаңа технологияларды және ақпараттық технологияларды игеру ұлттық экономикалық кауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты инновациялық үдерістерді жандандыруға, жаңа технологиялық құрылымдарды енгізуге өнеркәсіптегі жаңа қайта бөліністерді игеруге, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті жандандыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюға, индустриялық қызметті ынталандыруға негізделген. Ғылыми техникалық салада кәсіпкерлік секторды қалыптастырмай, инновациялық қызметті дамыту мүмкін емес.

Индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау.  Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған.

Жалпы, Елбасы өзі бақылауда ұстаған индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау керектігін де айтқан болатын. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат бойынша өңдеуші өнеркәсіптер және қызмет көрсету салаларында бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндірісін дамыту мәселесі ең бірінші орынға қойылады. Елбасы өзінің бір сұхбатында «Менің арманым – индустрияланған Қазақстанды көру» деген болатын. Бұл дегеніміз, индустриалды-инновациялық саясаттың жүзеге асуы президент тарапынан тікелей қадағаланып отырғанын көрсетеді.

Похожие материалы